Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінің шешуші матчында жеңісті қолдан жіберіп алды. Дегенмен, Магомед Адиевтің командасы турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Еуро-2024 жолдамасы үшін тартыста ұлттық құрама Словения құрамасынан жеңіліп қалды. Люблянадағы ойын алаң иелерінің пайдасына (2:1) аяқталды.
Осылайша, Дания мен Словения (22 ұпай) құрамалары Н тобынан шықты. Қазақстан қосымша көрсеткіштер бойынша Финляндиядан (18) кейін, 18 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Енді Қазақстанның Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы турнирдің финалдық кезеңіне өту мүмкіндігі бар. Жартылай финалда біздің құрама Грекиямен, одан кейін Грузия-Люксембург ойынын жеңген құрамамен ойын өткізеді. Екі жеңіс Қазақстанның Еуро-2024-ке шығуына мүмкіндік береді.
Бұл іріктеу науқанында Қазақстан алты жеңіске жетіп, төрт рет жеңіліске ұшырады. Еуро-2024 жеребе тарту рәсімі 23 қарашада Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.