Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) республикадағы миссиясының басшысы Николя Бланше Қазақстан мен қор арасындағы таяу және орта мерзімге арналған ынтымақтастық жоспарын талқылады.
Кездесу барысында Үкімет Халықаралық валюта қорымен серіктестікке үлкен мән беретіні және оның Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтыны аталып өтілді.
Биыл Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваның Қазақстанға сапары және Алматыда Кавказ, Орталық Азия елдері және Моңғолия үшін әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы сияқты маңызды оқиғалар бағаны белгілі.
Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінде ел экономикасы жаңа жағдайға бейімделіп, тұрақты өсім көрсетті. Атап айтқанда, 10 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4,9%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ға өсті. Бұл – алдағы 2024 жылғы оң динамика үшін қажетті шарт. Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шараларын жүзеге асыру нәтижесінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы байқалады.
Үкімет басшысы халықаралық рейтингтік агенттіктердің Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін инвестициялық деңгейде растағанын айтты. Сондай-ақ қазан айында «Moody's» агенттігі рейтинг бойынша болжамын «тұрақтыдан» «оң көрсеткішке» дейін жақсартты.
Премьер-министрдің сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда салық-бюджет саясатын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюджеттік үдерістерді оңтайландыруға, бюджетаралық қатынастарды жақсартуға және жалпы мемлекеттік қаржыны басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа Бюджет кодексі әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.
«Біздің басты міндетіміз – макроэкономикалық тұрақтылықты және тұрақты экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Халықаралық валюта қорына тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді Әлихан Смайылов.
Николя Бланше Қазақстанның болашақта ауқымды экономикалық өсуге қол жеткізуі үшін қуаты мен мүмкіндіктері жеткілікті екенін атап өтті.
«Біз республиканың қарқынды өсу жолындағы амбициясын көріп отырмыз және қол жеткізген жетістіктерін ескереміз. Алға жылжу көптеген салада байқалады. Бұл өсімге қандай жолмен қол жеткізілетіні өте маңызды. Біз кеңестеріміз бен ұсыныстарымызда дәл осы жолдарды көрсетеміз. Біздің ойымызша, жеке сектор мемлекеттің қолдауымен жетекші рөл атқаруы керек», деді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның қаржы секторын одан әрі жетілдіру және дамыту үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.