• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Қараша, 2023

Адами капитал – Әділетті Қазақстанның ұстыны

564 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы жарияланып, жүзеге аса бастағалы бір жыл уақыт өтті. Еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі негізгі даму бағыттарын айқындап көрсеткен құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға да айрықша көңіл бөлген. Осыған орай біз Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовті сөзге тартып, сайлауалды бағдарламада адами капитал сапасына тікелей қатысы бар білім беру және денсаулық сақтау салаларына тиесілі міндеттер қаншалықты жүзеге асып жатқанын сұрап білдік.

– Асхат Қанатұлы, Президент өзінің сай­лауалды бағдарламасын жарияла­ғанда «Бас­ты мақсат – Әділетті Қазақ­стан­ды құру» дегені белгілі. Соның бір нақты көрі­н­ісі – Ұлттық қордың қара­жатын ба­ла­лар­дың шотына аударып отыруға қа­тыс­ты жаңа заңның қабыл­дануы. Күні кеше ғана қол қойылған бұл құжаттың маңызы неде?

– Иә, сайлауалды бағдарламада айтылған бастамалардың жүзеге асып жатқанына бір жыл ғана өтті. Өте аз уақыт сияқты, деген­мен осы бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс­ атқарылып үлгерді. Бағдарламада қамтылған бастамалар Пре­зиденттің жеті жылына арналғанымен бір жылдың ішінде олардың көп бөлігі орындалғанын көріп отырмыз. Ең бастысы, бұлар ешқандай науқаншылыққа салынбай, қадам-қадаммен, байыппен, жан-жақты сараптамадан өтіп, жоспарлы түрде іске асырылып жатыр.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы – сайлауалды бағдарламада нақты көр­сетіл­ген тап­сыр­малардың бірі. Күні кеше заң қабыл­данып, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Бұған дейін Ұлттық қорды өз азаматтарымыз үшін, әсіресе балаларымыз­дың келешегі үшін пайдалану мәселесі қан­шама жыл бойы көтеріліп келді. Міне, енді соның нақты шешімі шығарылып, қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа толғанға дейін балаларымыздың арнайы шоттарына аударылып отыратын болды. Ол қаражатты ертеңгі күні кәмелет­ке толған соң білім алуға немесе баспаналы болу мақсатына жұмсай алады. Мұны өте маңызды тарихи шешім дер едім. Өйткені бұдан былай қор қаражатының жұмсалуына да қоғам басқаша көзбен қарамақ.

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Президент сонымен қатар Ұлт­­тық қордан бюджетке алынатын қара­жат­ты азайту туралы да тапсырма берді. Бұл да – қо­ғам­ның талабы. Біз осы талап­ты ескере отырып, күні кеше республикалық бюджетті бе­кіт­тік. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық қор қаражатын 100 млрд долларға дейін жеткізу туралы және оны бұрынғыдай консервативті емес, тиімді инвестициялық тұрғыда жұм­сау бойынша тапсырмасы да өте маңызды шешім.

– Президент білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын ұдайы айтып келеді. Сайлауалды бағдар­ла­масында да осы мәселеге кеңінен тоқ­тал­ды. Бұл бағытта атқа­рылған немесе қазір орында­лып жатқан қандай жұ­мыстар бар?

– Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі маңызды үрдіс – адами капиталды дамыту. Барлық мемлекет сол үшін жан-жақты қамданып жатыр. Ал оған тек білім мен ғылымның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Президент білім беру саласын дамыту туралы айтып қана қоймай, нақты шаралардың қабылдануына тікелей өзі түрткі болып та келеді. Мен оны осы саланы басқарған адам ретінде сеніммен айта аламын. Мәселен, мұғалімдер жалақысының өсуі – Президенттің тікелей тапсырмасы.

Елді ғылым өркендетсе, сол ғы­лымға барар жол – балалары­мыз­дың қазіргі заманға сай, жан-жақты қамтылған мектеп­терде бі­лім алуында жатыр. Осы­ған орай Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, биыл оның құ­ры­лысына 2,4 трлн теңге қаражат бөлінді. Бұл – өте қомақты сома. Бұған дейін жыл сайын мектеп салуға 100 млрд теңге ғана бөлініп келген еді. Қанша уақыттан бері үш ауы­сымды, апатты мектептер проблемасы көтеріліп жүр. Биылдан бастап бұл мәселелер шешіліп қана қоймай, жай мектеп емес, балалар үшін жайлы, заманауи мектептердің саны көбеймек. Еліміздің әр өңірінде осындай 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір кей­бірінің құрылысы басталып та кетті.

Осы орайда «Жайлы мектеп» деген не, соған тоқтала кетсек. Ол әлем­дегі ең озық мектептер үл­гісін­дегі, мате­риалдық-тех­ни­ка­лық жағынан толық­қанды жабдық­тал­ған білім ордалары болмақ. Бұрын біз 1 200 орындық мектеп ашылғанда ішінде бір спортзалы болса, соған қуанатынбыз. Шын мәнінде, мұнша балаға бір спортзал аздық етеді. Бірақ соның өзіне шүкір деп келдік. Ал жайлы мектепте бір емес, бірнеше спортзал болады. Мысалы, Астанада ал­ғаш­қы «Binom» мектептері ашыл­ған­да бәрі балаларын соған бергісі келді. Енді жайлы мектептердің деңгейі «Binom»-нан да жоғары болмақ. Бұл қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз, бағасы қымбат немесе дарынды балаларға ғана арналған мектептер емес. Ауыл балалары да ол жерде тегін білім алады.

Осы орайда мектептерге қа­тыс­ты тағы бір маңызды мәсе­ле­ні айта кетсек. Биыл Парла­мент заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша заң қабыл­дады. Бұл заңның ішінде білім саласына қатысты да бап бар. Қазірдің өзінде 1 трлн-ға жуық қаражат мемлекетке қай­тарылса, оның ішінде шамамен 150 млрд теңгесі білім саласы үшін арнайы ашылған шотқа түсті. Сол ақшаға да еліміздің әр өңі­рінде мектептер салынып жа­тыр. Яғни бұл жемқорлардан қай­та­рылған қаражат білім саласына тікелей аударылып жатыр дегенді білдіреді.

– Бастауыш сынып оқу­шы­ла­рының мектепте тамақтануы тегін жүзеге асырыла бастағаны да жұрт­шы­­лық көңі­лін серпілткен жаңа­лық болды.

– Иә, бұл – Президент бастамашы болған ерекше тапсырмалардың бірі. Биылғы қыркүйектен 1-4-сыныптарда оқитын 1,4 млн-нан аса балаға, соның ішінде осал топтағы барлық балаға ыстық тамақ беріле бастады. Оған 100 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Өйткені балалардың денсаулығы, әл-ауқаты, тіпті сабақ үлгерімі де олардың дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан оған айрықша көңіл бөлініп жатыр. Қоңсы отырған мемлекеттердің басым көпшілігінде оқушыларға мұндай жағдай жасалмаған.

– Президенттің сайлауалды бағдар­ламасында мектепке де­йінгі оқыту мен тәрбие мәсе­лесіне де көңіл бөлін­генін біле­міз.

– Біріншіден, биыл қыр­күйек­те балабақша қызметкер­ле­рінің жалақысы 30 пайызға өскенін айта кету керек. Сала басшылығының мәлімдеуінше, бұдан әрі де өседі. Өйткені оларға жақсы жағ­дай жасалмаса, балдырғандарды оқытып, тәрбиелейтін мекемеге жоғары білікті маманның келе қоюы екіталай. Сайлауалды бағ­дар­ламада балаларды мемле­кет­тік балабақшаларға 2 жастан бас­­­тап қабылдау туралы айтылғаны белгілі. Бұған дейін 3 пен 6 жас аралы­ғындағы балалар ғана қа­был­данатын еді. Сонымен қатар жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 15-20 мың балаға орын ашылып келген болса, биылдың өзінде 80 мыңнан аса орынға балабақша салуға қаражат бөлі­ніп, өңірлерге таратып берілді. Мұны да кейінгі бір жылдың ішін­де жеткен жетістіктеріміздің қомақ­ты­сы деп айтуға әбден болады.

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осыған орай тағы бір өзекті мәселе – балдырғанның барлы­ғы­на балабақшадан орын ұсыну. Біз өмірге келіп жатқан балалардан балабақшаға кезекке тұра­тындардың саны аз екенін бай­қа­дық. Неге? Отбасының цифр­лық картасын қарап көр­сек, әлеу­мет­­тік жағдайы төмен, аз қам­тылған, күйзеліс жағдайын­да­ғы отбасылардың 100 мыңға жуық баласы балабақшаға бармай­ты­ны өз алдына, тіпті кезекке де тұрмайды екен. Өйткені мем­ле­кеттік балабақша тегін бол­ғанымен, ата-ана тамаққа ақша төлеуі керек. Бірақ соның өзін қал­тасы көтермейтін қиын жағ­дай­дағы отбасылар бар. Ол балалар үйде отырғандықтан ертеңгі күні мектепке дайындықсыз барады. Кішкентайынан құнар­лы тамақ жейтіндері де аз. Нәти­же­сін­де, денсаулығы да жақсы болмай, даму-жетілу тұрғысынан қатарластарынан қалып қоюы мүмкін. Біз осы мәліметтің бәрін Президентке жеткізгеннен кейін ол Отбасының цифрлық карта­сын­дағы жағдайы төмен отбасы­лардың балаларына бала­бақ­шаны ғана емес, оның тамағын да тегін қылу туралы тапсырма берді. Бұл шара әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және балаларға ыстық тамақ ұсынуға ықпал етіп отыр.

Президент ерекше күтімді қажет ететін балаларға айрықша көңіл бөлуді де тиісті салаларға тапсырма етіп жүктеді. Соның бір шешімі – Психологиялық ме­ди­циналық педагогикалық кеңес беру (ПМПК) желілерін ке­ңейту қолға алынып жатыр. Биыл елімізде ПМПК саны 100-ге, ал оңал­ту кабинеттерінің саны 210-ға жетті. Мақсат – балалардың дамуында ауытқу барын ерте жастан анықтау. Шынын айтқанда, бізде көп жағдайда балалар мектепке баратын кезде ғана ауытқуы анықталып жатады. Сосын оларды басқа балалар секілді тәрбиелеуге, бейімдеуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан ауытқуды дер кезінде анықтап, оңалту жұмыстарын жүр­гізсе, басым көпшілігін қа­лып­ты жағдайға жеткізіп, қоғамға бейімдеуге болар еді. Осы орайда Президент тапсырмасы бойынша Мәжіліс «Инклюзивті білім беру туралы» заң қабылдап, оңалту орталықтарын ашуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігін іске қосты. Әрине, бұл бағытта әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Бірақ бастама көтерілді, енді іс жалғасын табады.

– Тұрғындарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақ­сатында «Ауылдық жерде ден­саулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы бекітілді. Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы ден­сау­лық сақтау саласына қатыс­ты өзге де қандай тапсырмалар жүзеге асып жатыр?

– Өзіңіз айтып отырған ұлттық жоба аясында ауыл-аймақта 600-ден астам жаңа нысан салынбақ. Қазір ол іске асырыла бастады. Атап айтқанда, ұлттық жоба аясында 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы аяқталды. 99 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауылдарға ауруханалар, дәрі­гер­лік амбулаториялар салу, ескі­лерін жөндеп жаңарту, құрал-жаб­дықтар сатып алу, медицина қыз­меткерлерін біліктілік курс­та­рына жіберу секілді өзекті мәсе­лелер осы жоба аясында шешімін табады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметке 50 сауықтыру лагерін ашу туралы берген тапсырмасы да ауыз толтырып айтарлық жаңа­лық.

– Мемлекет басшысы ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаттың өзара байланысын кү­шейтуге тоқтала келе, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң қабылдау қажеттігін атап айтты. Осы заң туралы кеңінен айтып берсеңіз.

– Иә, аталған заң жобасы осы жылдың маусым айында депутаттардың бастамасымен дайындалып, регламентке сәйкес Үкі­метке қорытынды алуға жібе­ріл­ді. Оның ішінде көптеген маңызды мәселе қарастырылған. Біз жақында ғана 2023-2025 жыл­дар­ға арналған ғылым бюд­же­тін бекіттік. Биыл ғылым саласына қаражат әлдеқайда көп бөлініп отыр. Нақтырақ айтқанда, 3,3 есе көбейіп, 643 млрд теңгені құрады. Ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Президент ғылыми зерттеулер сөреде жатып қал­май, оны қолданысқа енгізу, жұмыс істет­кізу қажетін айтып келеді. Яғни ол ғылым өндіріс пен бизнес­ке енуге тиіс. Ол үшін ғылымды ком­­мерциялау қажет. Бөлінген қа­ра­жат осы мақсатта тиімді жұм­са­лады.

Бұған дейін ғалымдарымыз тарапынан конкурс бойынша грант ұтып алып жұмыс істеуге қатысты түйткілді мәселе жиі көтерілетін. Ғылыми-зерттеу ұйымдары грант ұтса, жұмысын жүр­гізеді, ұта алмаса, жабылатын немесе ға­лым­дарымыз басқа салаға кететін. Президент бастамасының арқа­сын­да заңға түзету енгізіліп, бұдан былай жетекші ғылым ұйым­дары мемлекет тарапынан үздіксіз түрде, тікелей бюджеттен қаржы­ландырылатын болды. Айта кетейік, 2021 жылы 11 бағыт бо­йынша ғылыми-зерттеу институттары тікелей қаржы алып келді. Жаңа заң жобасында мемлекеттен қаржы алатын ғылыми-зерттеу институттары мен ғалымдардың санын көбейту ұсынылды. Оның қатарына ауыл шаруашылығы, ме­ди­цина институттарын кір­гізу жоспарда бар.

Тағы бір маңызды мәселе – мегагранттар атты қаржыландырудың жаңа түрін енгізуді ұсындық. Аса маңызды зерттеулерді жүргізу ұзақ уақыт пен қомақты мемлекеттік инвестицияны талап етеді. Оны қолданыстағы қаржыландыру те­тік­­тері арқылы іске асыру мүм­кін емес. Сондықтан жаңа грант түрі аталған зерттеулерді ұзақ уа­қыт бойы үзбей атқарып, нақты нәти­желерге қол жеткізуге мүм­кін­дік бермек.

Бұдан бөлек, заң жобасының ішінде кли­никалық зерттеулер жүргізу және тәжірибелік-конс­трук­торлық әзірле­ме­лерді дайындау, ғылыми-танымдық журналдарды, оқулықтар мен монографияларды шығару, инфрақұрылымды дамыту және жаңа зертханалар ашу үшін жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу инс­титуттары үшін де жаңа грант түрлерін ұсыну туралы жазылған.

Заң жобасында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – жер­гі­лікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге ғылыми жоба­лар­ды қаржыландыру бойынша құзырет беру. Бүгінде бюджетте қаражат бар болса да, әкім­дік­тер оны ғылыми зерттеулерге жұмсай алмайды. Мәселен, әр өңірдің өзіндік проблемасы, ғылыми тұрғыда шешетін шаруасы болуы мүмкін. Біз сол проб­ле­малардың шешімін табуы мақса­тын­да ғылыми ізденістер жасап, оның нәтижелерін қолдану үшін әкімдіктердің қаржылық ресурстарын пайдалану құқығын беруді ұсынып отырмыз.

Бұдан бөлек, заң жобасында ел ға­лымдарының ғылыми жаңа­лықтары күнделікті өмірде қол­да­нылып, іске асып жатса, оларға салықтық жеңілдіктер беру туралы бастама да бар. Бұл – ел үшін де, ғалымдарымыз үшін де өте жақ­сы стимул. Жалпы, заң жобасында көрініс тапқан ұсыныстардың бәрін бір сұхбаттың ішінде айтып шығу мүмкін емес. Егер осы жоба қабылданып, іске асып жатса, бұл еліміздің ғылым сала­сының дамуына серпінді үлесін қосады деп үміттенеміз. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан осынау іс-шаралардың түпкі межесі Әділетті Қазақстанға ұстын болатын адами капиталды нығайту екені белгілі.

– Кейінгі кезде қоғамда резонанс тудырған мәселенің бірі – отба­сын­дағы зорлық-зом­былық проб­лемасы. Президент сай­лауалды бағдар­ла­ма­сында осы мәсе­ле­ні де атап өткен еді.

– Адамдардың көбі зорлық-зом­былыққа қарсы іс-шаралар кейінгі күн­дері болған оқиғадан кейін ғана нақты қолға алынып жатыр деп ойлауы мүмкін. Алайда бір жыл бұрын Президенттің сайлауалды бағдарламасында зорлық-зомбылықты тоқтату мәселесі арнайы бағыт ретінде көрініс тапқан еді. Атап айтқанда, бағдарламаның төртінші бағытында азаматтардың, соның ішін­де бала құқығын қор­ғау, зорлық-зом­бы­лық­тың алдын алу мәселесі қоз­ғалды. Нәти­же­­сінде, бір жылдың ішінде бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін бірнеше заң қабылданды. Жақсы өзгерістер бар. Мәселен, бұрын зорлық-зомбылық оқиғасы болса, жәбір көрген адамның өзі арыз жазуға тиіс еді. Көбіне полиция қызметкері барғанда ол адам ойы­нан айнып, арызын қайтып алатын. Осы­лайша, тіркелмеген, іс қозғал­маған зорлық оқиғалары көп-тін. Енді жаңа өзгерістерге сай полицияға тек жәбір көрген адамның өзінен емес, оның көр­шілерінен, таныстарынан, адамдардан дабыл түссе, тәртіп сақ­шысы оқиға орнына барып, міндетті түрде әкімшілік іс қоз­ғай­тын болды.

Алдағы уақытта Қылмыстық кодекстің шеңберінде де зор­лық-зомбылыққа қатысты қа­был­данатын шараларды же­­тіл­­діру, қатаңдату көзделіп отыр. Бұған қоса құқықтық мәдениет, құндылықтар тұрғысынан да қарау өте маңызды. Президенттің заң үстемдігі мен тәртіпті сақтау жайында үнемі айтып келе жатқаны сол. Осы екі басты қағида біздің идеологиямыздағы, қоғамдық санамыздағы өзекке айналуы керек. Өйткені Президенттің ең үлкен бастамасы – Әділетті Қазақ­стан құру, әділ қоғам орнату екені белгілі. Барлық адам заң мен сот­тың алдында тең болса, заң талаптары орындалса, әділдік деген міне сол. Мұндай қоғамда біз айтып отырған зорлық-зомбылықты да, әділетсіздікті де барынша азай­туға мүмкіндік туады.

Біздің айтып отырғанымыз – Пре­зиденттің сайлауалды бағ­дар­ламасында көрініс тапқан және бір жыл ішінде орындалған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Нәтижесі айқын, миллиондаған азамат оның жемісін көріп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»