Шығыс Қазақстан облысында NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға төмендеген. Бұл осы санаттағы жастардың жалпы санының 4,1 пайызын құрайды.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық даму басқармасы жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков мәлімдеді.
– 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жастарды жұмыспен қамтудың негізгі құралы болып саналады. Жыл басынан бері жобаға 9 034 адам қатысты. Оның ішінде 6 050 адам жұмысқа, ал 5 808 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Қысқамерзімді оқытуға 328 жас жіберілді. Сонымен қатар 182 адам оқуды аяқтады, оның ішінде 55-сі бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алды, – деп атап өтті Еркебұлан Балтабеков.
Сонымен қатар биыл Кәсіпкерлікті қолдау жобасы аясында жастар үшін 218 шағын несие беру жоспарланған, бүгінде 231 адам шағын несие алды. Облыс бойынша барлығы 104 бос орын жәрмеңкесі өткізіліп, оған 479 жұмыс беруші және 2 569 жұмыс іздеп жүрген жан, оның ішінде 500 жас қатысты.
– Биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша мыңға жуық жасты жұмыспен қамтуға квота бекітілді. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 43 маман 221,8 млн теңгеге бюджеттік несие алды, 215 маман 74,2 млн теңгеге көтерме жәрдемақы алды, – деп атап өтті спикер.