• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қараша, 2023

Алыс аудандар тынысы

142 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың мен Ақжар аудандары өңірдің екі шетінде орналасқан. Аққайың ауданы үлкен жолдың үстінде, соған сәйкес инфрақұрылымы да жоғарырақ дамыған. Аудан 1928 жылы құрылған, орталығы Смирнов ауылы – Петропавл қаласынан 40 шақырымдай жерде. Алғашында бұл ауыл Дәрмен деп аталып, артынан Смирнов деген инженердің аты берілген.

Теміржолдың бойында болған соң, Ақ­қайың ауданының аумағына тың көте­рушілер де көп келген. Ивановка, Полтава, Черкасск және т.б. – сол кездерден пайда болған ауыл-село атаулары. Аудандағы қазақ халқының үлесі қазір 40 пайызға жақындап келеді.

Ал Ақжар ауданы бұрынғы Көкшетау облысы аумағындағы Ленин және Ле­нинград аудандарының қосылуынан құ­рылған. Аудан орталығы Талшық ауылы  облыс орталығынан 285 шақырым жерде. Жерінің жалпы көлемі Аққайың ауданына қарағанда екі есеге жақын үлкен. Ақжар халқымыздың арда ұлдарының бірі – Смағұл Сәдуақасовтың туған жері.

Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елу­баевтың айтуына қарағанда, 2023 жылғы қазан айына дейін ауданда 177 мың гектар алқаптан өндірілген барлық өнім көлемі 53 млрд 953 млн теңге болған. Биыл астықтан гектар басы 14,2 центнерден айналған. Жалпы көлемі 2 млн 518 мың тонна астық жи­налған. Майлы дақылдардан гектар берекелігі 10 цент­нерден айналып, жалпы көлемі 21 мың 400 тонна өнім алынған.

Ақжар ауданының жер көлемі мол бол­ғанымен, астық бітік шықпайды. Жер релье­фінде табиғи құрылыс материалдары көп. Аудан негізінен дала зонасына жатады. Сон­дықтан да көлемі үлкен болғанымен, мұнда алынған астық көлемі 33 568 млн теңгені құрады. 285 мың гектарға егілген дәнді дақылдар бойынша гектар берекелігі 5,8 центнерден айналды. Ал 35,8 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардың берекелігі 2,8 центнерден болды. Былтырдан бері топы­рақтың құнарлылығын арттыру үшін аграршылар 217,7 мың га алқапқа 14,1 мың тонна минералды тыңайтқыш сепкен. Бір айта кетерлігі сол, мұнда кейінгі үш жылда игерілмеген 92,7 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Бүгінгі таңда елді мекендерге 58,7 мың гектар жайылымдық жерлерді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері мұнда 1,9 млрд теңгеге 220 жаңа техника мен құралдар сатып алынған.

Аққайың ауданында мал шаруашылығы өнімін арттыру қазір қатты қолға алынған. Биылғы 9 айда аудан 16,8 млрд теңгенің мал өнімдерін алып, белгіленген межені 117 пайызға орындады. Мал басын асылдандыру ісі де мұнда қызу жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері аудан шаруашылықтары шет­елден 518 тұяқ асыл тұқымды ірі қара мал жеткізді. Құс өсіру де – бұл ауданда алдыңғы орындағы шаруалардың бірі. Мұнда «ПФ Северный бройлер» ЖШС-ның жаңа құс фабрикасы іске қосылды. Бұл жобаның іске асырылуы халықты жұмыспен қамту, бюд­жетке салық аударымдарын арттыру сияқты көрсеткіштерге оң әсер етіп жатыр. Биыл қуаты тәулігіне 40 тонна комбикорм шығаратын зауыт та пайдалануға берілді. Сондай-ақ қуаты жылына 3 млн дана тауық жұмыртқасын беретін инкубатор құрылысы да жүргізіліп жатыр.

Өнеркәсіп салалары бойынша Ақжар ауданында да біршама оң өзгеріс бар. Мұнда жоғары сапалы қиыршықтас шығаратын 7 кәсіпорын және кварцтық құм қазатын 2 кә­сіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың 10 айында аудан 892,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін алды. Соның ішіндегі тау-кен өндірісінің өнімі – 497,1 млн теңге. Мұнда «Flaxseed Oil KZ» ЖШС жылдық қуаты 36 мың тонна зығыр майын шығаратын зауыт құрылысы жобасын іске асырып жатыр. Жобаның құны – 3 млрд теңге. Бүгінгі таңда зауыт құрылысы үшін 21 гектар жер бө­лініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша аудан кәсіпкерлері 14 жобаны іске асыруға 85 млн 200 мың теңге көлемінде қайтарымды несие алды. Жалпы, осы бағдарлама бойынша 79,9 млрд теңгеге Талшық, Дәуіт және Ащыкөл ауылдарында электр желілерін салуға шарт жасалған. Бүгінгі таңда барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Талшық ауылындағы «Бестерек» орта мектебінің шатырын 95,2 млн теңгеге қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Осы бағдарлама аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен 215,9 млн теңгеге Талшық ауылында жабық хоккей кортын салу жобасы іске асырылған және Горьковское ауылында 151,2 млн теңгенің ауылдық клуб құрылысы жұмыстары жүріп жатыр. Ал жол жөндеуге биыл аудан бойынша 2,7 млрд теңге бөлініп, 61,4 шақырымның жолы жөнделген.

Аққайың ауданындағы өңдеу өнеркә­сібінің негізгі үлесін «РОСТАН» ЖШС алып отыр. Кәсіпорын сүт өңдеу арқылы ха­лыққа сарымай, шыжғырылған май, ірім­шік, сүзбе және т.б өнімдер шығарады. Би­ыл 9 айда кәсіпорын 1,4 млрд теңгеге 687 тонна дайын өнім өндірді. Аудандағы То­қушы ауылында фанер өндірісі бойынша «QAZAQVENEER» ЖШС-ның ағаш өңдеу цехы жұмыс істейді. Өткен кезеңде 1,5 млрд теңге сомасына 1845 текше метрден аса фанер өндірілді. Өндіріс экспорты 70%-ды құрайды. Ауданда өткен 9 айда 1 млрд 330 млн теңгенің құрылыс жұмысы жүргізіліп, жалпы көлемі 3 013 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, аудан бойынша 32 елді мекен болса, соның 31-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл аудан орта­лығындағы сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жобасын іске асыру жалғасып жатыр, бұл 2024 жылы аяқталады. Жобаның құны – 2,4 млрд теңге.

Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиевтің айтуына қарағанда, бұл ауданның тұрғындары да сапалы ауыз суға толығымен қол жеткізген. Соның ішінде барлық 24 елді мекеннің 21-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Тек Айсары, Ақсай және Тұғыржап ауылдары ғана орталықтандырылмаған су жүйесін тұтынып отыр. 2024-2025 жылдары бұл ауыл­дарды да орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланған.

Әлеуметтік мәселелерге тоқтала кететін болсақ, Аққайың ауданында денсаулық сақ­тау саласы біршама жақсы жолға қо­йылған. Барлық медицина қызметкерінің саны 290 болса, соның 30-ы – дәрігер, 131-і – орта медицина қызметкері, 49-ы – кіші персонал және 80-ы – басқа мамандар. Әрине, мұнда да дәрігер тапшылығы бар. Аудан невропатолог, кардиолог, онколог сияқты мамандарға зәру. Ауданға келген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Жас мамандар мен дәрігерлер үшін бюджет қаражатынан тұрғын үй және көтерме жәрдемақы беру көзделген. Осы жылы ауданға 6 дәрігер келіп, олар абаттандырылған тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауданның білім беру саласында 26 мекеме бар, оның 21-і – жалпы білім беретін мектеп, 2 бөбекжай, бір-бірден өнер мектебі, аула клубы және түзету кабинеті. Аудан мектептерінде 486 педагог жұмыс істейді, оның ішінде 16 жас маман педагогикалық қызметін енді бастап жатыр. 2022-2023 оқу жылында аудан мектептерін 127 түлек бітіріп, төртеуі «Алтын белгі» иегері атанған.

Ауданда 9 мәдениет үйі және ауылдық клубтар, орталықтандырылған 14 кітапхана жүйесі жұмыс істейді. Биыл Аралағаш ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, сонымен қатар Полтавка ауылында 2024 жылы мәдениет үйіне жалпы сомасы 111 млн теңгені құрайтын қүрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.

Ауданда спортты дамыту, денешынық­тыру-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында 149 спорт мекемесі жұмыс істейді. 2023 жылы ауданның жалпы халқының 40%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. 2023 жылы Аққайың ауданының құрама командасы барлық облыстық спартакиадаларға және әртүрлі спорт түрі бойынша жарыстарға қатысып, «Солтүстік» облыстық қысқы спорт мерекесінде – 3-орын, «Қызылжар-2023» ұлттық спорт түрлерінен 2-орын алған. Аудан әкімі Рүстем Елубаев «Біздің ауданның әлеуеті зор, оны дұрыс басқарып, дұрыс арнаға бағыттауымыз керек. Ауданның адам капиталы жоғары интеллектуалды және жоғары кәсіби деңгейге ие, қоғам алдындағы борышын ерекше сезінеді», дейді.

«Әлеуметтік саладағы негізгі міндеттің бірі халықты жұмыспен қамту болса, биыл 38 жұмыс берушінің қатысуымен 8 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 375 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша 20 адам қысқа мерзімдік кәсіби оқытуға жіберілді, 18 адам жұмысқа орналас­тырылды», дейді Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев.

Бұл ауданда 2 146 оқушыға сабақ беретін 24 мектеп бар. Оларға биыл 19 жас маман жұмысқа тұрған. Биыл мектептердің мате­риалдық-техникалық базаны нығайту бойын­ша жұмыстар жалғасып, 7 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 26 млн теңгеге 7 қазандық сатып алынған. Сонымен қатар 3 мектепке 305,2 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалыпты.

Ақжар ауданында бүгінгі таңда 24 дәрігер, 113 орта деңгейдегі медициналық маман жұ­мыс істейді. Мұнда да кейбір мамандар жетіс­пейді, әсіресе стоматолог, окулистерге зәру. Кейінгі бес жылда аудан халқының ден­саулығын сақтауға және қажетті құрал-жабдықтар алуға 378 млн теңге бөлінген. Биыл Ленинградское ауылындағы амбулаторияға күр­делі жөндеу жүргізуге 52 млн теңге бөлінді.

Ауданда 30 мәдениет үйі бар. Екі ауыл­дың клубын тұрғызу мен жөндеуге тиісінше 137 және 87,6 млн теңге қаражат бөлінген. Ауданда денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны – 6 176 адам. Ауданның мақтанышы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Александр Герлиц – қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, ал Серікбол Амандық – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Максим Артемьев 2023 жылы Өзбекстанда болған гір көтеру спортынан күміс және қола жүлдегер болды.

Міне, алыстағы екі ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы