«Теңдік ұрпағы» және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өңірлік кеңсесі «Еуропа мен Орталық Азиядағы цифрландыру үдерісін жеделдету: әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру мақсатындағы инновациялар мен технологиялар саласындағы серіктестік» тақырыбында форум өткізді.
Мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастық пен инклюзивтілік бүкіл әлемдегі әйелдер мен қыздарды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. 2021 жылы іске қосылған бұл бастама бес жыл ішінде гендерлік теңдікке қол жеткізуді жеделдетудің жаһандық жоспарын әзірледі. Еуропа және Орталық Азия «БҰҰ – әйелдер» құрылымы аймақтық офисі директорының міндетін атқарушы Гюльден Тюркёз-Кослеттің айтуынша, әйелдер мен қыздардың қоғамдағы белсенділігі, олардың өз құқықтарын қорғаудағы мүмкіндіктерін іске асыруда инновациялар, цифрлық технологиялардың ықпалы зор. Олардың цифрлы кеңістікте жаңа жобалардың бастамасшысы болуына толыққанды жағдай жасау әлем елдерінің көбінде орын алып отырған әділетсіздіктермен күресуге мүмкіндік береді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков бұл бағытта стратегиялық әріптестікті дамыту, цифрлық алшақтықты азайту маңызды екенін атап өтті. Технологиялық жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар инклюзивті цифрлық ландшафт құруға да назар аудару әйелдердің мүмкіндіктерін арттырады. Аймақаралық және инновациялық әріптестік кез келген олқылықты еңсеруді жеңілдетеді.
Іс-шарада цифрлық гендерлік алшақтықты азайту және инновациялық экожүйелердегі әйелдер мен қыздардың көшбасшылығы туралы мәселелер көтерілді. Қатысушылар Украинадағы жағдайдан зардап шеккен, қоныс аударған әйелдерге цифрлық қызмет көрсету және COVID-19 пандемиясынан кейінгі қиындықтарды жеңу үшін жасанды интеллект әлеуетін Еуропа мен Орталық Азияға таратумен байланысты инновациялық шешімдерді, әйелдердің қоғамдағы рөлі, олардың ел дамуының үдерістеріне белсенді атсалысуы, жаңа заман игіліктерін меңгеруімен қатар экономикалық, әлеуметтік әділетсіздік, зорлық-зомбылықтың алдын алудағы цифрландырудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Осы орайда Косово білім, ғылым, технология және инновация министрі Арбери Нагавчи бүгінде ел тұрғындарының көпшілігін жастар құрап отырған мемлекеттің цифрландыру бастамаларының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Еуропалық одақтың цифрландыру жоспарына басымдық бере отырып, 2030 жылға дейін осы салада инклюзивті дамуға бағытталған заңдар әзірленген. Әріптестік ынтымақтастық аясында әйелдер, қыздар, студенттер, балалар және мүгедектігі бар адамдарды кемсітуге қарсы күрес барысында жаңа дағдыларды игеру, білім беру арқылы тең мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын жеткізді.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас ЕО экономиканың негізі ретінде шағын және орта кәсіпорындарға иек артатынын атап өтті. Елшінің айтуынша, гендерлік теңдік қазіргі қоғамның барлық аспектісіне енетініне көз жеткізу қажет. Дегенмен цифрлық даму қоғамның барлық саласын қамти бермейтінін де ескерген жөн. Осыған орай әлеуметтік үрдіс пен өркендеуге ықпал ететін бизнесті дамытуда ерлер мен әйелдерге теңдей жағдай жасалғаны абзал.
Social Builder қоғамдық ұйымының бас директоры, технология және инновация коалициясының жетекшісі Эммануэль Ларрок тұрақты даму мақсаттарына жету үшін цифрлық әлемдегі гендерлік алшақтықты жоюдың маңыздылығын атап өтті. «Біздің басты миссиямыз – дағдыларды дамыту арқылы цифрлық экономикадағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту. Цифрлық технология динамикасын өзгерте отырып, мүмкіндіктер мен қиындықтарды ескеріп, гендерлік алшақтықты жоюға ықпал ететін боламыз», деді ол.
Босния және Герцеговинадағы ең ірі Bit Alliance IT-компаниялар қауымдастығының операциялық менеджері Кристина Эрак заманауи технологиялар мен цифрландыру әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызды құралы деп санайтынын айтты. «Біз Босния және Герцеговинадағы IT секторға гендерлік және әлеуметтік талдауды жариялауға міндеттіміз және басқа секторлардың ұсыныстарын қолдай отырып, гендерлік теңдік идеяларын тарату үшін ақпараттық компанияларды іске асырып келеміз», деді ол.
Іс-шара Алматыдағы Smart Point инновациялық кеңістігін таныстырумен аяқталды. Онда гендерлік теңдікті ілгерілету, тұрақты қоғам, қауіпсіз және ақылды қалалар құру үшін цифрлық жобаларды, сондай-ақ әйелдер мен қыздарға арналған бастамалар туралы айтылды. Онлайн платформаға қосылған 10-нан астам елдің өкілдері цифрлық-инновациялық орталықтарда желілер құру және оның жұмысын күшейту, сондай-ақ цифрлық экономиканы дамытуға қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
Форум қатысушылары бірқатар міндеттемені басшылыққа ала отырып, цифрлық қызметтер мен оқыту құралдарының қолжетімділігіне, әйелдерге қатысты қасаң қағидаларды жойып, олардың отбасын ұйыстырудағы, қоғамды алға жетелеудегі, барлық салада жаңа дағдыларды игерудегі әлеуетінің зор екенін айтты. Әйелдер қауымы қоғамға тың серпін бере отырып, құндылықтарды насихаттауда, әлемде бейбітшілікті тұрақтандыруға ерекше жігер бере алады.
АЛМАТЫ