• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қараша, 2023

«Ақылды» велосипед

283 рет
көрсетілді

Аягөз қаласындағы көпбейінді мектеп-гимназиясының 10-сынып оқу­шылары Жанерке Ысқақова, Жәния Әлімғазина, Жанерке Зәкірова және Әйгерім Ержанқызы Ecobike деп аталатын жаңа жоба жасап шықты.

Заманауи велосипед іске қосыл­ғанда, бірнеше қызмет түрін атқара алады. Мысалы, тренажер ретінде пайдаланған адам денсаулығын ны­ғай­тумен қатар спорттық жат­тығу ар­қылы бұлшықеттерін шынықтырады. Ғажабы сол, жаттығу жасау барысында құрылғыдағы генератор қосылып, тегін электр энергиясы өндіріледі. Сол арқылы әр түрлі қосымша құралдардың көмегімен тұрақты токқа түрленіп, 220 вольтқа дейінгі кернеуге жеткізіп, ұялы телефон мен планшетті қуаттауға болады. Яғни электр энергиясын үнемдеу көзі ретінде қарастырылған. Қосалқы бөлшек ретінде кескіш-ұсақтағышы бар қоқыс жәшігін орнатқан. Мекемедегі пластик, қағаз түріндегі қо­қысты ұсақтап іске жарамды етіп қайта өңдеп, балқытып, әр түрлі пішіндегі кәдесыйлар, бұйымдар жасауға да болады.

Өнертапқыш оқушылар болашақта осындай артықшылығы көп құрыл­ғының бес түрін жасауды ойластырып отыр. Мектептің үш қабатына өлшемдерін түрлендіріп, бастауыш буын, орта буын және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп қызметкерлеріне әр дәлізге екі-екіден велосипед қоймақ ойлары да бар.

– Істен шыққан велосипед бөл­шектерін алып, кез келген дизайнда түрлендіріп жасауға болады. Ол үшін 12 вольтқа дейінгі генератор керек. Генератордан шыққан электр тоғын жинақтап, айнымалы тоқтан тұрақты тоққа айналдыра­тын түр­лендіргіш құрал арқылы акку­муляторға жинақ­тадық та 12 вольттан 220 вольтқа дейін көтердік. Ұялы телефонды, кес­кіш құралды да қуат­тауға болады. Құрылғыға арнайы орнатылған бағ­дарлама қоқыс жәшігі толған кезде телефон немесе планшетке датчик арқылы хабарлама береді. Хабарлама келгеннен кейін жәшікті босатып, қайта қоқыс жинауға кіріседі, – дейді «ақылды» велосипед авторлары.

Қазір мектеп оқушылары құрыл­ғыға қызығушылық танытып, сабақ арасындағы қоңырауда тренажер ретінде пайдаланып жүр. Жобаны табыс көзіне де айналдырып, білім беру мекемелерінде ғана емес, кез келген қоғамдық орындарда пайдалануға болады. Әрі денсаулыққа пайдалы, тегін электр энергия көзі, сондай-ақ пластик қоқыстарды қайта өңдеу үшін таптырмайтын өнім.

Тың жоба ұсынған оқушылардың жетекшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Қанапиянова, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Меруерт Күнісова, сызу пәні мұғалімі Берік Ысқақов, информатика пәні мұғалімі Самал Сәрсембекова екенін еске сала кетейік.

 

Абай облысы,

Аягөз қаласы