• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Қараша, 2023

Даму жолы айқын Абай облысы

254 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бас­пасөз мәслихатын өт­кізді. Ол БАҚ өкіл­де­ріне облыстық инфра­құ­рылым мен әлеу­мет­тік институттарды­ да­­мы­ту, өңірдің эко­но­­ми­калық өсімін қол­дау­­ға бағытталған страте­гиялық жоспарлар мен бағдар­ламалар туралы баяндап берді.

Облыс басшысы өңірдің әлеу­мет­тік-экономикалық да­муында оң серпін бар екенін айтты. Бір жыл көлемінде, ай сайын, бар­лық индикатор бойын­­ша тұ­рақты өсім сақтал­ған. Бүгін­де, өңірдің қыс­қа мер­зімді экономикалық индикаторы – 107,5%-ды құраған. Негізгі ка­питалға салынған ин­вести­ция 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті. Құрылыс са­ла­сында өсім – 141,1%-ға, өнер­­кәсіпте – 106,3%-ға, іш­кі сау­да­да – 103%-ға, ауыл ша­руа­шы­­лы­ғында 101,7%-ға өсім тір­кел­ген. 233,8 мың шаршы метр тұр­­­ғын үй пай­далануға беріліп, 2 443 отбасы баспаналы болған.

«Өндіріс қарқыны әлеумет­тік көрсеткіштерге де оң әсе­рін тигізді. Орташа айлық жала­қы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгеге тұрақтады. Облыс бюд­же­тінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсті. Биылғы облыс бюджеті 419,2 млрд теңгені құрады. Су­мен жабдықтау нысандарын қаржыландыру 3 есеге, жолдарды жөндеу – 2,3 есеге ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар – 1,2 есеге, денсаулық сақтау – 2 есеге, ауыл шаруашылығы 7 еседен артық өсті. Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,4%-ға артық. Онда тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру 2 есеге, әлеуметтік қорғау 23%-ға ұлғайды», деді Н.Ұранхаев.

Мемлекет басшысының тап­­сырмасымен облыстың әлеу­­меттік-экономикалық дамуы­ның 2023-2027 жылдарға арнал­ған кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекі­тілгені белгілі. Ондағы инвес­тиция көлемі – 1,9 трлн теңгеге 102 іс-шара қа­рал­­ған. Биыл 89,2 млрд тең­г­еге 45 жобаны іске асыру жос­пар­ланған екен. Қазір тиісті жұ­мыс­тар бас­та­лып та кеткен. Бес жыл­ға ар­нал­­ған инвестициялық жо­балар пулы жасақталған. Оған 8 мың жұмыс орнын қам­ти­тын, 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы еніпті. Биыл 600 жаңа жұмыс орны бар 3 жоба іске қосылды. Құны – 19,1 млрд теңге. Агро­өнер­кәсіптік ке­шен­де 5,3 млрд теңгеге 4 инвес­тициялық жоба іске асқан. Жылдың аяғына дейін өңдеу өнеркәсібінде 150-ге жуық жұмыс орны бар, 11,9 млрд теңгенің тағы 4 жобасы өз жұ­мысын бастайды. Ал ауылшаруашылық мақсатында пай­даланбаған жерлерді қай­тару жұмысы жалғасуда. Жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қай­тарылды. Қалған 97 мың гектар жыл аяғына дейін алынып, жылдық жоспар толық орын­далғалы тұр екен.

«Инфрақұрылымдық сипат­тағы жүйелік мәселелерді шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселе – жы­лумен жабдықтау. Семейде, оң жағалауда, 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы болды. Оны азайту үшін, екі жылу қазандығы қайта жаңарудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға ұлғай­ды. Қалған тапшылық – 85 Гкал. Сол сияқты жылу желі­ле­рінің тозу мәселесі де бар. Олар­­дың жалпы ұзындығы – 464,5 км. Орташа тозу – 68%. Же­лі­нің 279 шақырымы қайта жөн­деуді қажет етеді. Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, реконструкция­лау бойынша жоспарлы жұ­мыс­тар жүргізілді. Президент тап­сырмасымен, жыл аяғына дейін, жаңа, үшінші жылу-электр орталығының техника-эко­­­но­­микалық негіздемесі әзір­ле­ніп болады», деді өңір басшысы.

Халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 15,5 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылып жатыр. Облыста ор­та­лықтанған ауыз сумен қамту үлесі – 91,9%-ды құрайды. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 32 жобасы іске асатын көрінеді. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы саласын­да Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты көпір құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Ал аспалы кө­пірді жапон мамандары тек­серді. Қазір жобалық-сме­­талық құ­жаттамалары әзір­­­­лену үстінде. Алдағы екі жыл­­­­да көлік дәлізін кеңейту үшін, 270 км болатын «Бақты – Аягөз» темір жолының құры­лысы жоспарланған. Әкім­дік теміржол салуға арнайы жер­­лерді белгілеп, резервке қой­­ған. Жоба Қытаймен екі­жақ­ты теміржол тасымалы көле­мі­нің жылдық мөлшерін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді.

«Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 19 мыңнан астам адам бар. Оның 2 442-сі көпбалалы отбасылар санатында. Биылдан бастап жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын, 68 көп­пәтерлі және жеке тұрғын үй құ­­рылысын салып жатырмыз. Ал­дағы 3 жылға тағы 148 көп­қабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарда бар. Бұл – 6 800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушы орнының тапшылығын азайту үшін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5 700 орындық 11 мектеп құрылысы жоспарланды. Биыл 5 мектеп салуға келісімшарт жа­салып, екеуінің құрылысы Семей қаласында басталып та кетті. Бұлардан бөлек, облыс орталығында «KAZ Minerals Management» қаржысы есебінен 1 200 орындық мектеп салынып жатыр. Бұйыртса, 2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау Қо­рының қаражаты есебінен 6 ша­ғын мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қо­сым­ша құрылыс салынатын болады. Сол сияқты, балалар­ды қосымша біліммен жан-жақ­ты қамту мақсатында көп­бейін­ді Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасына сәй­кес, биыл 1-қыркүйектен бас­тап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыс жоғары оқу орындарына қосымша 500 ар­нау­лы білім гранты бөлінді», деді Н.Ұранхаев.

Облыста денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық кө­мек нысандарының құрылысы жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы үлгілік жобаға өткізу бойынша жұ­мыстар жүргізілген. Семей қа­ла­сында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу көз­деліпті. Ал Қарағайлы ауда­нында жеке инвесторлар есе­бінен емхана мен нефрология орталығының құрылысы басталған.

«Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттемелер орындалуда. Үш тоқсан қорытындысы бо­йынша жұмыссыздық орташа республикалық деңгейде сақталды. Биыл 24 926 жұмыс орнын құруды жоспарладық. Қазір – 23 589 орын ашылды. Жоспар 95 пайызға орындалды. Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту үшін 697,4 млн теңгеге 110 жеңілдетілген несие, жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 1,1 млрд теңгеге, 2,5% үстеме ақымен 214 шағын несие берілді. Сол сияқты, кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын аштық. Біз үшін оның маңызы ерекше. Себебі облыста 24 481 мү­гедектігі бар адам тұрады. Оның 2 905-і – балалар. Кешенді жос­парға сәйкес, тағы да, Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. Қазір, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», деді облыс әкімі.

Өңірде мәдениет және спорт саласында да жетістіктер бар екен. Олар жөнінде айтып өткен аймақ басшысы, театрға арнайы тоқталды. «Семейді, нақты айтқанда «Ойқұдықты», қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі ынғайсыз. Сондықтан келешекте, Семейдің Жаңасемей бөлігінде, бұрынғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан (конгресс-холлды) салуды жоспарлап қойдық», деп жалғастырды сөзін.

Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес Семей қа­л­асын дамытудың Бас жос­пары әзірленіп жатқаны мә­лім. Сонымен қатар Семейге қа­расты 32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша да жұмыстар жүргізілуде екен. Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағы­тындағы шаруалар да үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанған. 41 көппәтер­лі тұрғын үйдің қасбеті жөндеу­ден өтіп, 9 үйге мурал салыныпты.

«Жамақаев, Мәңгілік ел кө­шелері бойымен жаяу жүргін­шілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құ­рылды. Аспалы көпір астында, «көпірасты кеңістіктер» пайдалануға беріл­ді. Этно-ауыл құрылысы жү­ріп жатыр. Жоласты өткел­де­рі жөнделді. Жылы аялда­ма­­лар орнатыла бастады. Ке­лер жылы Ертіс өзені арқы­лы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында бала­лар теміржолын салуды көз­деп отырмыз. Осының бәрін ұтымды пайдаланып, тұр­ғын­дарға жайлы орта құру бағы­тында жұмыс істейміз. Ол үшін, әрине, уақыт керек. Сондықтан мәселені мей­лінше жылдам әрі тиімді шешуге мүдделіміз», деді Н.Ұранхаев.

Өңір басшысының арнайы баян­­­дамасынан кейін жур­налис­тер түрлі сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.