Қазақстанға әкелінетін аяқкиімнің импорты бойынша Өзбекстан бірінші орында тұр. Өзбекстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында осы елден Қазақстанға 2 миллион 400 мың жұп аяқкиім экспортталыпты. Бұлардың ішінде үй тәпішкелері, угг байпақтары, сарбаздарға арналған етіктер мен кроссовкалар бар.
Көлеңкелі экономиканың жоғары көрсеткішіне байланысты екі жылдан бері еліміз аяқкиім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау үдерісін енгізген болатын. Өйткені бізге жеткізілетін аяқкиімнің 48%-дан астамы заңсыз тасымалданатын болып шықты.
Осы орайда біздің елдің тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторы өткізген келіссөздер нәтижесінде өзбекстандық өндірушілер Қазақстанға әкелінетін аяқкиімдерді тегін таңбалауға дайын екендерін жеткізді. Соның арқасында Өзбекстаннан келетін аяқкиімнің таңбалануы өнімнің бағасына әсер етпейтін болып отыр.
Өзбекстанның аяқкиім өнеркәсібі өкілдерінің бірі «Аpollo» брендімен арнайы аяқкиім шығаратын «Gozal biznes plyus» компаниясының коммерциялық директоры Игорь Тюлевтің айтуынша, олар бірнеше жылдан бері Қазақстан нарығына өз өнімдерін экспорттап келеді. Игорь Тюлев аяқкиімді таңбалауға қатысты біздің елдің заңнамалық талаптарынан хабардар екенін және қазақ еліндегі аяқкиім импорттаушыларына өндірістік таңбалау қызметін тегін көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Косонсой әл-Азиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты бірқатар өзбек аяқкиім өндіруші компанияның өкілдері де аяқкиімге үлкен көлемдегі тапсырыстар берілген жағдайда, өз өнімдеріне таңбалау кодтарын тегін қолдану бойынша қызметтерді көрсетуге дайын екендерін растады.
«Біз Алматыға 2 апта сайын аяқкиім тиелген бір жүк көлік жібереміз. Жүк көлігіне шамамен 12 мың жұп аяқкиім тиеледі. Біз аяқкиімді таңбалау туралы естіп қана қойған жоқпыз, сонымен қатар біз бұндай қызметті ресейлік импорттаушыларға жұмыс барысында көрсетіп те келеміз. Сіздің елдің импорттаушыларына да бұл қызметтерді тегін көрсетуге дайынбыз», деп ағынан жарылды «Azmaro» брендімен аяқкиім шығаратын «Шарк Равон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Захид Қасымов.