1992 жылы еліміздің қауіпсіздігін сақтап, қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін құрылған Қарулы күштерімізбен бірге отандық әскери медицина саласы да өмірге келді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азаматтық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі саналатын бұл сала бірнеше реформаны бастан кешіп, жаңару мен жаңғырудан өтті. Ендігі мақсат – әскери медицинаны қазіргі заман талабына сай дамыту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Әскери дәрігер денсаулығы мықты, дене бітімі мығым, рухани жағынан әбден шыңдалған, бес қаруы сай, бір сөзбен айтқанда, әмбебап тұлға болуға тиіс. Дана халқымыз: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген. Әскери медицина саласының бәсекеге қабілетті болуы, заманауи талаптарға сай қарыштап дамуы білімді жастарға байланысты екенін алға тартқан Қарулы күштер Бас әскери-медициналық басқармасының басшылығы жас буын дәрігерлер мен орта буын медицина персоналының толыққанды білім алуы, ғылымды меңгеруі, клиникалық тәжірибе жинақтауы үшін жан-жақты жағдай жасап жатыр. Соның ішінде медицинаның соңғы жетістіктерін меңгеру үшін отандық және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызып келеді.
Қазіргі таңда еліміздің әскери дәрігерлерінің кадрлық құрамы әскери кафедрадан өткен отандық ЖОО түлектері, Қорғаныс министрлігі жоғары әскери оқу орындарының түлектері, халықаралық шарттарға сәйкес шетелде (Ресей, Армения, Түркия және Қытай) кадрлар даярлау есебінен толықтырылып жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетінің әскери медицина кафедрасында, алыс-жақын шетелдердің (Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ және т.б.) медициналық жоғары оқу орындары базасында әскери дәрігерлер дайындалады.
Осы орайда қазіргі таңда Қытай халық азаттық армиясының Әскери-теңіз медицина университетінде білімін жетілдіріп жатқан әскери дәрігерлеріміз, майор Бауыржан Нұрғалиев, аға лейтенанттар Қуаныш Күмісбек пен Алмас Ақанов және 1-курс курсанты Ернұр Әшірмат жайында айта кетсек болады. Олар Шанхай қаласындағы аталған университеттің сертификатталған курсында, клиникалық ординатурасында және бакалавриатта білімін жетілдіріп жатыр.
Қытайдағы рейтингі жоғары мың университеттің ішінде 109-орында тұрған Әскери-теңіз медицина университеті (немесе Екінші әскери медицина университеті) ең алғаш рет 1949 жылы қыркүйекте елдің Шығыс әскери аймағындағы Халықтық медицина колледжі болып құрылған. Оның қызметкерлері негізінен Шығыс Қытайдың әскери кадрлар мектебінен, Үшінші далалық армия медициналық колледжінен, бұрынғы Гоминданның Әскери медицина колледжінен және жергілікті аймақтардан қабылданған медицина мамандары мен профессорлардан құралды. 1950 жылы қазанда оның атауы Шанхай әскери-медицина университеті болып өзгеріп, 1951 жылғы 9 шілдеде ресми түрде Қытай халық азаттық армиясының Екінші әскери-медицина университеті деп аталды.
Бүгінде бұл жерде жергілікті мамандардан бөлек, Африка, Америка, Еуразия құрлықтарынан, Океаниядан, яғни әлемнің 100-ге жуық елінен келген 6 мыңға жуық адам бакалавриат, магистратура, докторантура және докторантурадан кейінгі білім бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Университет аумағы 670 мың шаршы метрді құрайды. Онда заманауи технологиямен жабдықталған оқу корпустары, жатақханалары, 3 бірінші дәрежелі ауруханасы, ғылыми-зерттеу тәжірибелік орталықтары (оның ішінде бауыр ісігіне қарсы ұлттық орталық) мен зертханалары, демалу-оңалту үй-жайлары, 500 мың дана кітап жинақталған 11 мың шаршы метрді құрайтын ауқымды кітапханасы бар.
Айрықша айта кетер жайт, медицина білімі мен ғылымының ордасы тарихы терең «халық медицинасының» ем-домын өз бағдарламасына енгізу арқылы сырқат адамдарды емдеуде үлкен жетістікке жетіп келеді. Елімізден оқуға аттанғандардың бірі, майор Бауыржан Нұрғалиев биыл ақпаннан бастап осы білім ордасының Дәстүрлі қытай медицинасы кафедрасында, Шанхай әскери госпиталінің акупунктура және қытай массажы бөлімшесінде танымал профессорлар, генерал-майорлар Чаң-хуан Лиң мен Киң-хю Жоудан «Қытай халық массажы және инемен емдеу» әдісінің қыр-сырын үйреніп жатыр. Бұл ем-дом түрі ертеңгі күні әртүрлі ауруға шалдыққан, жарақат алған әскери қызметшілерімізді сауықтыруда зор пайдасын тигізетіні айдан анық.
Ал Қуаныш Күмісбек пен Алмас Ақанов та өз қатарында оза шауып, белгіленген сынақтардан сүрінбей өткен әскери-дәрігерлер. Нәтижесінде, олар – осы білім ордасына бейінді маман. Яғни бірі – ЛОР дәрігер, екіншісі – нейрохирург болу үшін 2 жылға оқуға жіберілді. Қазіргі таңда олар қытай тілін, авиациялық медицинаны, шұғыл медицинаны, зертханалық диагностиканы оқып зерделеп жатыр. Алты айдан кейін өздерінің нақты мамандығы бойынша тәжірибелік сабаққа кірісетін болады.
Офицерлеріміз оқудан бөлек университет ауқымында өтетін қоғамдық мәдени-спорттық іс-шараларға да белсенді қатысып, елімізді, мәдениетімізді, ұлтымызды барынша кеңінен танытып, насихаттап келеді. Мәселен, биыл 27-28 қазанда Әскери-теңіз медицина университетінің жеке құрамы арасында өткен әскери ойындарда Бауыржан Нұрғалиев шетелдік батальонның капитаны ретінде тағайындалып, өз тобын табандылықпен, қайсарлықпен жеңіске жетеледі. Ал аға лейтенант Алмас Ақанов «ядро лақтыру» спорты түрінен 2-орынға ие болды. Әскери дәрігерлеріміз оқуларын ойдағыдай аяқтап, еліміздің өркендеуіне, соның ішінде отандық әскери медицинаның өрлеуіне өз үлестерін қосатынына сенеміз.
Айта кетейік, елімізде кейінгі жылдары әскери медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Күні кеше ғана Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Бас әскери-медициналық басқарма бастығы, медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайылдың басшылығымен дөңгелек үстел отырысы өткен болатын. Кездесуге қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимыл, инфрақұрылымдық даму, материалдық-техникалық жарақтандыру және медицина саласын цифрландыру мәселелерін талқылады.
Шет мемлекеттерге кететін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты, медициналық сақтандыру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету, әскери қызметшілерді санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.