• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 27 Қараша, 2023

Бітімгерлік контингент

130 рет
көрсетілді

Еліміздің әскери қызметшілері Отанымыздың қауіпсіздігімен қатар, шет мемлекеттердегі ты­ныш­тық пен тұрақтылықты сақ­тауға да үлестерін қосып келеді. Оған оғландарымыздың әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыс аймақтарында бітімгерлік күште­рінің құрамында жауынгерлік мін­деттерін атқарып жатуы дәлел. Жуырда Қарулы күштеріміздің кезекті тоғызыншы бітімгерлік кон­тингенті «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясын аяқтап, елге келді.

Әскери қызметшілер алты ай ішінде «Шығыс» секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды, бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті.

Бітімгерлерді Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бас­тығының орынбасары – штаб бастығы, полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілер, сондай-ақ туыстары мен жақындары қарсы алды.

– Сол өңірдегі қиын жағдайға қара­мастан, бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндеттерді лайықты орындап шықты. Біз үйге жақсы көңіл күймен оралдық. Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер де дүниеге келді, – деді бітімгерлік бөлім­шесінің командирі, капитан Фархат Ақбалиев.

Таяу күндері Ливан Республикасынан келген бітімгерлердің орнына Қарулы күштеріміздің оныншы бітімгерлік кон­тингенті аттанып кетті. Естеріңізге салсақ, «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясына еліміздің әскери қызметшілері 2018 жылдың қазан айынан бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам әскери қызметші Ливанда қызмет етіп, қажетті тәжірибе жинақтады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Сон­дықтан Қорғаныс министрлігі Бітім­герлік операциялар орталығының базасында БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберу үшін әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері лауазымдарына тағайындалатын үміткерлер жиындары үнемі өтіп отырады.

Қазіргі күні өтіп жатқан кезекті жиын­ға Қарулы күштердің әртүрлі бөлім­шелерінен 17 әскери қызметші қаты­сып жатыр. Оның екеуі – әйел әскери қыз­метші. БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу үшін офицерлер қатаң талаптар бойынша таңдалады. Іріктеу барысында әскери дағдылар ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық тұрақ­тылық, дене дайындығы мен шет тілдерін білуіне де баса назар аударылады.

Бір апта ішінде үміткерлер меди­циналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден өтеді. Дене шынықтыру нор­мативтерін тапсырып, механикалық қорабы бар көлікті жүргізу дағдылары мен ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетеді.

Жиын аяқталғаннан кейін іріктеу­ден өткен әскери қызметшілер одан әрі БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберіле­тін офицерлер резервіне алынады. Әске­ри бақылаушылар мен штаб офицерлерін іріктеу бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған бітім­герлік қызмет үрдісінің маңызды кезеңі саналады.