Ілгері замандарда киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақ ішіндегі шала туған нәресте жарық дүние үшін өзі күрессе, бүгінгідей медицина дамыған кезеңде кувезде жатқан шараналардың өмірі үшін білікті дәрігерлер арпалысады. Қазақстанда жыл сайын 22 мыңнан аса сәби мерзімінен ерте туатынын ескерсек, шала туған сәбилердің дүниеге келуі, адам қатарына қосылуы дәрігерлердің араласуынсыз мүмкін емес.
Өткен аптада Халықаралық шала туған балалар күнінде Алматыдағы екі бірдей іргелі мекеме – Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қос мереке қатар өтті. Ғылыми орталыққа сый-сияпатымен келген «Мен сенімен біргемін» қорының өкілдері салтанатты іс-шараның сәнін келтірді.
Педиатрия орталығындағы Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің 64 жылдық тәжірибесі бар. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген, туабітті кеселдері мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Торғайдай болып туған нәрестелерге өңеш атрезиясы, диафрагмалық грыжа, ішек өтімсіздігі, аноректальды кемістік, гастрошизис, омфалоцеле, сакрококцигеальды аймақтың тератомасы сынды көптеген күрделі реконструктивтік пластикалық операциялар жасалады.
«Жыл сайын бөлімде әртүрлі патологиямен республиканың әр өңірінен жеткізілген 400-ге жуық нәресте емделеді. Олардың 80%-ы – 700 грамнан бастап 2 500 грамға дейінгі экстремалды төмен салмақтағы 25-35 апталық нәрестелер. Бөлім 2022 жылы түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл 350-ге жуық шақалақты күтіп-баптады. 20 төсегі бар бөлім 2003 жылдан бастап туабітті хирургиялық патологиясы бар нәрестелерді қабылдай бастаса, 2012 жылдан бері шала туған нәрестелердің ретинопатиясына көз торының лазерлік коагуляциясын сәтті жасап келеді. Дене салмағы 1 000 грамм ғана болатын шала туған нәрестелердің адам қатарына қосылуы айтарлықтай өсіп, өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеді. Біздің орталықта бір жыл ішінде емделіп шыққан сәбилердің 80%-ға жуығы – шала туған нәрестелер», дейді Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.
Әр сәбидің өмірі үшін бөлімде 20-дан аса маман күресіп, кішкентай періштелердің өміріне араша түсіп жатады. Мұндай жағдайда дәрігерлер ата-ананың психологиялық дайындығы да үлкен рөл атқаратынын айтады.
Ал Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Pampers бренді Қазақстандағы «Қызыл жарты ай» қоғамымен бірге өткізген мереке «Ең кішілерге – үлкен қамқорлық» бастамасын мәреге жеткізді.
«Бүгін біз дүниеге келуге асыққан кішкентай батырлармен біргеміз. Сондықтан осы атаулы күнді туа салып өмірін күреспен бастаған және осы жолды батылдықпен жеңе білген балдырғандар атап өтіп жатыр. Ерекше мерекеге сәбилердің әке-шешелерімен бірге, осы қиындықтарды қосыла еңсерген Перинатальды орталықтың дәрігерлері де қосылды. Біз мұндай бастаманы Қазақстанда бірінші рет қолға алып отырмыз. Өмірге шыр етіп келген сәтінен бастап қиындықтарға тап болған және оны жеңе білген шараналар салтанатты жағдайда қандай құрметке болса да лайықты. «Ең кішілерге – үлкен қамқорлық» кампаниясының аясында Pampers бренді Қазақстандағы ең ірі алты перинатальды орталығы мен еліміздегі балалар ауруханаларындағы шала туған шараналарға тегін түрде 650 мыңнан аса арнайы жөргек тарата отырып, сәбилерді оңалтуды қаржыландыруға көмектеседі. Ал шала туған сәбилерге арналған жөргектерді біз Қазақстанға тегін жеткізіп, перинатальды орталықтар мен перзентхаларға таратып береміз, сатылымда жоқ. Мұндай жөргектер аса жұмсақ, қауіпсіз материалдардан және салмағы бір килоға да жетпей туған шақалақтардың салмағына, терілерінің нәзіктігіне есептелініп жасалғандықтан, бұл ата-аналарына да айтарлықтай көмек пен қолдау», дейді Орталық Азиядағы Procter & Gamble басшысы Руслан Гамзаев.
Қазақстандағы «Қызыл жарты ай» қоғамының бас директоры Марат Мелдеханов беделді брендпен серіктесе жұмыс істеп отырғандарын мәртебе тұтатынын айта келе: «Біздің бірінші міндетіміз – жоба инфрақұрылымын ұйымдастыру, сапалы қолдау мен қайырымды жобаның тиімділігін барынша қамтамасыз ету», деді.
«Шала туған балалар жалпы санының төрттен бір бөлігі, өте экстремальды дене салмағымен – бір килограмнан да төмен болып дүниеге келеді. Алайда жыл өткен сайын медицинаның бұл саласы дамып келе жатқандықтан, дүниеге келуге асыққан балаларға қамқорлық көрсету біз үшін жеңілдеп жатыр», дейді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының неонатологиядағы медициналық қызметтер сапасын бақылау бөлімінің басшысы Ләззат Оңалбаева.
Мереке кезінде екі орталықта да дәрігерлер өздері кіндігін кескен, дені сау әрі өсіп қалған балалармен кездескенде жан толқытарлық әсерлі сәттері көп болды. Ал «Бұрын және бүгін» фотосуреттер көрмесіне шараналардың енді туған және өсіп келе жатқан кездеріндегі суреттері қойылды.
АЛМАТЫ