• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қараша, 2023

Заң саралығы – кәсібиліктің өлшемі

147 рет
көрсетілді

Біз Әділетті Қазақстанды жаңа заңдармен, жаңашыл еңбекпен құрамыз. Ең алғашқы қадамның саяси реформалардан басталуының басты себебі еліміздің ішкі-сыртқы саяси тұрақтылығын сақтау болды. Саяси тұрақтылық жоқ жерде ел болып қалу екіталай. Кадрлық саясатқа келетін болсақ, жалпы барлық дерлік салада кәсіби маман тапшылығының бары белгілі. Кадр даярлау – осы күннің басты мәселесі. Мемлекет басқару ісіне де адал әрі әділ азаматтар ауадай қажет.

Саяси реформалардан кейін экономикалық бағдарға бетбұрыс жасалды. Бұдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы жүйелі түрде орындалып жатқанын кө­руге болады. Бағдарламада қыр­уар тірліктің тізбегі түзілді. Со­ның бірі – Қылмыстық және Қыл­­­мыстық-процестік кодекс­те­рге талдау жасау қарқынды жүр­гізі­ліп жатыр. Десе де, бар­лы­ғын бір­ден реформалау мүмкін емес, өзгерістерді іске асыруға уақыт керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдар­ла­ма­сы мен дәстүрлі Жолдаулары жалпы жаңару мен жаңғыру, жүйелі реформалар, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құруға негізделген. Мұның бәрі кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен іске асып келеді. Оның бір дәлелі – сот және құқықтық жүйенің оңтай­ландырылып жатқаны.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қылмыс­тық, Қылмыстық-процестік және Қыл­мыстық-атқару кодекстері­не өзгер­­тулер мен толықтырулар ен­гі­зіліп жатыр. Ондағы мақсат – аза­маттардың құқықтарын қор­ғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнеске жағдай жасап, бюро­кра­тиялық кедергілерді жою. Сондай-ақ лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді ше­шу. Осыған байланысты құ­рыл­­ған жұмыс тобы былтырдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды зерттеуге кірісті. Қылмыстық және Қылмыстық-про­цестік кодекс­тер­ді жетілдіру әділетсіздікті жою­ға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құ­қық бұзушылықтың, қыл­мыс­тық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аражігін ажы­рату, сотқа дейін тергеп-тек­серу түрлерін қысқартуда әділ­дік­ті қамтамасыз етеді. Бұл бо­йын­­ша алдағы 3 жылда терең ғы­лыми-практикалық талдау жүр­гізіледі. Мысалы, бір қой ұр­­ла­ған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, қой ұр­ла­ған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы – әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ. Мұның бар­лы­ғы Президенттің халықтың талап-тілегі, мұң-мұқтажынан ха­бардар екенін көрсетеді. Сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құруға батыл қа­дам жасап отыр. Сыбай­лас жемқорлық бабымен соттал­ған­дар­ға шартты жазаға кесіліп, жаза­сын еркіндікте өтеуге мүм­кін­дік берілмейді.

Енді қарызды өндіріп алу үшін өз өкілеттігін асыра пайдаланып, заңсыздықтарға барған кол­лек­торлар қылмыстық жа­уап­кер­шілікке тартылады. Се­бе­бі олар­дың қысымына шыдамай, өз-өзі­не қол салу жиі­леп кетті. Кісіні қор­қыту, қоқан-лоққы көрсету, өлім­ге итер­мелеу – қылмыс. Құ­қық бұз­ған коллекторларға да 5 жыл­ға дейін қызметінен айыра оты­рып 5 мың АЕК айыппұл салу, не 1 200 сағатқа қоғамдық жұмыс­тарға тарту немесе 5 жыл­ға бас бос­тан­д­ығынан айыру көз­делген. Жұрт­шы­лықтың құ­қық­тық сауатсыз­ды­ғын пайдаланатын алаяқтар да бар.

Президент пәрменімен «Ama­nat» партиясы адамдарды қар­­жылық және құқықтық са­уат­­тандыру ісімен айналысып келеді. Қазір алаяқтар мен пайдакүнемдерге алданып қа­лып жатқандар көп. Әсіресе жер алу, үй сату, құжаттарды рәсім­деу, біреудің мүлкін иемдену сияқ­ты заңсыздықтар жиілеп кетті. Әлбетте, құжат рәсімдеу, мүлік­ті бағалау бағалаушылар мен нота­­риус­тардың қатынасуынсыз іске аспайды. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларына деген арыз-шағым толастар емес. Же­тім­дердің алимент ақысын ие­ле­ніп алғандарға не дерсіз? Алдағы уақытта өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған нотариустар, жеке сот орындаушыларының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 мың АЕК көлемінде айыппұл салынып, не сол мөлшерде мың сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы адам деп баға­лап, қоғамның орнықты дамуын ұлт саулығымен байланыстырады. Әлемді алаңдатқан су мәселесіне Президентіміз бейжай қарамай, суды үнемдеуге және бүлдірмеуге үндеді. Өкінішке қарай, ағын су тұрмақ, жерасты суларын ластайтындар да азаймай тұр. Жалпы, таби­ғи байлыққа тыныштық бер­мей­тін жер қойнауын заңсыз әрі аяу­сыз пайдаланатындар көбейіп бара­ды. Білгенге бұл экологиялық құ­қық бұзушылыққа жатады. Өйт­кені су ластанса, сарқылса та­би­­ғатқа да, адамзатқа да зиян. Заң­­да экологиялық қылмыс жа­са­ғандарға жауапкершілікті арт­тыру көзделіп отыр. Адамзат­қа қауіп төндіргені үшін не аза­мат­­ты­ғынан немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал денсаулыққа келтірілген зиян дәрежесіне қа­рай 3 жылдан 8 жылға дейін жа­заланады. Бұл тұрғындар қа­уіпсіздігі мен ден­сау­лығын сақ­тауға арналған шаралар.

Сол сияқты мұнай мен мұ­най өнімдерін тасымалдау, са­тып алу, сақтау, өткізу, сапасы анық­­талмаған мұнайды өңдеу, кли­ни­калық зерт­теулер жүргізу, жаңа әдістер мен құ­ралдарды қол­дану тәртібін бұзу, жал­ған дә­рі­лік заттармен немесе ме­ди­­цина­лық бұйым­дармен жұ­мыс істеу, эко­логиялық талаптар­ды бұзу, ауаны ластау, жерді бүл­діру, жер қой­науын пайдалану қағи­да­ла­рын бұзу бойынша да бірқатар бапқа өзгертулер енгізіледі.

Кеденде кедергілер де, ке­лең­­­сіз­діктер де жетерлік. Ке­ден­дік рәсімдерді «бір терезе» қағид­атына көшіру, кеден­дік ба­қы­лауды интеграциялау тап­сырыл­ған. Прези­дент кеден­дік тексеру­ші­лер­дің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық сая­са­тының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсім­деу жү­­йе­­сін реттеу де сайлауалды бағ­­дар­ламаның бір тармағы бола­тын. Осыған орай Қылмыстық кодексте жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ием­деніп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, эко­­номикалық конт­рабанда, ке­дендік алым-салымдарды тө­леу­ден, бюджет пен басқа да мін­детті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көз­деліп отыр. Мұндай еселенген айып­пұлды төлету тек мемле­кет­­тік функцияларды орындауға уәкі­леттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адам­дарға қолданылмайды.

Президент Парламентке сенім артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «Amanat» партиясының атқарып жатқан еңбегі зор. Ел мен мүдде бір болғандықтан мемлекеттің дамуына отандастарымыздың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін. Президент айтқандай, адалдық пен әділдікті басшылыққа алсақ қана Жаңа Қазақстан құра аламыз. Елге аянбай қызмет ететін азаматтар керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір бастамасы мен тапсырмасы бас пайдасы үшін емес, ел мен ұлттың қамы үшін екенін түсінсек игі. Айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбірлікті сақтау ең басты міндетке айналып тұр. Өзгерістер мүлде жоқ емес, бар екенін мойындау қажет.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі