Домбырашының он саусағынан төгілген күмбір күйге ағаш жануар билеп қоя берді. Тұрған орнында әрі-бері секіріп, түз тағысындай ойқастайды келіп. Тұяғының дыбысы түгел залға естіліп тұр. Тық-тық-тық... Әсем әуенге еліткен жұрт шанақтан төгілген күймен үндесе билеген қуыршақтарға тәнті болып, әр қимылынан көз ала алмай отыр. Иә, бұл – «Ортеке» биі.
Құзар шыңдарда мекен ететін ортекені қазақ «таутеке» деп те атайды. Таудың қай биігі болса да еркін орғитын ортекенің жылдамдығы мен ептілігіне көз ілеспейді. Бұл жануар еліміздің Тянь-Шань, Жетісу Алатауы мен Оңтүстік Алтай тауларын мекендейді. Тұрқы төрт түліктің бірі – ешкіге ұқсас болғанымен, ерекшелігі көп. Мүйіздері семсер тәрізді сәнді әрі өткір. Тұяқтары құз-қиядан таймайды. Осындай түрлі сипатына қарай «Ортеке» қазақ мәдени тұрмысындағы саз аспаптарында ойнатылатын, қуыршақ өнерінің бір үлгісіне айналды. «Қуыршақ ортеке» ‒ көбіне ағаштан жасалатын ойыншық бұйым.
Әлкей Марғұлан: «Ағаштан бұйым жасау – Қазақстанның орман массивтері бар Орталық Қазақстан, Алатау, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аймақтарында кеңінен таралған. Әсіресе солтүстік аймақтарда қызыл қайың, қызыл қандыағаш, үйеңкі, жаңғақ ағашы, шаған, емен сияқты ағаштарды пайдаланған. Бұлар оңай кесіліп, боялады. Шеберге қиыншылық тудырмайды», деп жазады. Ағаштан түйін түйген шеберлер «Ортеке қуыршағын» жасап, ойын-сауық, жиындарда домбыра әуеніне, саусақтардың перне басу қозғалысы мен ырғағына қарай билеткен. «Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, перне басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.
Қуыршақ өнеріндегі «Ортекенің» нақты қай уақытта пайда болғаны белгісіз. Шебер Жолаушы Тұрдығұлов ортеке билету, жасау өнері Қазақ даласында XIX ғасырдың басында кеңінен таралған сияқты дейді. Сондай-ақ ол: «Әкеміздің інісі Сібірге итжеккенге айдалған екен. Сонда жүріп ағаштан ортеке мен билеп жүрген аюды жасаған. Ел-жұртын сағынғанда ортекені билетіп, ән айтады екен», дейді бір сұхбатында.
Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін көшпелі қазақ әрқашан табиғатпен етене жақын өмір сүрді. Әртүрлі құбылатын табиғаттың дауысына, үніне үңілді, жанын түсінді. Жүгірген аңның, ұшқан құстың, жел-дауылдың, жаңбырдың, сықырлаған аяздың дыбысы қазақтың құлағына сіңіп өсті. Табиғаттың тылсым көріністеріне қанық ата-баба тұрмысында музыкалық аспаптардың көп болуы да осыдан шығар. Түу мұзарт шыңның басындағы ойқастаған ортекенің домбыраның шанағына ілесіп билеуі де осыдан болар.
Тарихи деректерге сүйенсек, «Ортекені» домбырада ғана емес, ішекті аспаптардың бәрінде ойнатуға болады. «Ортеке» ‒ қазақтың көне қуыршақ театры. Ерте заманда балаларға домбыра үйретуде оларды қызықтыру үшін «Ортеке қуыршағы» қолданылған. Әуелде ортекені домбырада ойнатқан, ал кейін жетігенге қосып билеткен. Байқасақ, қазіргі күнде де ағаш жануарға деген қызығушылық жоғары.
Күйші Абдулхамит Райымбергенов: «Бұрын бір мезетте үш ортекені ‒ «ата ортеке», «әке ортеке», «бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады», дейді. Ал күйші, домбырашы Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқанда, сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан екен. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ортеке ойнатудың өзіндік техникасы бар. Ортекенің бірнешеуін ойнатқанда, олар бір-біріне кедергі келтірмей, бір-біріне ұқсамайтын би қимылдарын жасауы керек. Бұл – құрастырушының логикасына тікелей байланысты ереже.
Халық биінің қуыршақ теке, жеке биші және бишілер тобы орындайтын түрлері бар. Біріншісінде үстел үстіне орнатылған қуыршақ-текенің аяғы, мойны, денесі қозғалмалы етіп жасалады да, жіңішке жіптер арқылы домбырашының саусақтарына байланады. Күй тартылғанда саусақтардың жоғары-төмен қозғалуына қарай қуыршақ-текенің дене мүшелері де қимылдап, күй ырғағымен билеп сала береді. Екінші түрінде (жеке орындалуы) алуан қимыл-қозғалыстар мен мимикалар арқылы орға түскен текенің, одан шықпақ болған нәтижесіз әрекетін бейнелейді. «Ортекенің» үшінші түрін («Соқыр теке») бишілер тобы орындайды. Мұнда жастар дөңгелене қол ұстасып, әндете жүріп билейді. Ортадағы көзі байлаулы адам шеңбердегінің біреуін ұстауға тырысады. Ұсталған ойыншы «айыбын» өтеген соң, көзін байлап, ортаға шығады, сөйтіп ойын-би одан әрі жалғаса береді.
Ортеке үлкен сахналарға арналмағандықтан, көбіне шағын көрермен аудиториясына ұсынылады. Яғни ортеке ойыны – сирек орындалатын жанрлық қойылым. Еске салсақ, оны алғаш рет «Мұрагер» республикалық фольклор сазды ансамблі 1984 жылдан бастап ел арасында насихаттай бастады. Бүгінде «Тұран» этноансамблі ортекені сахнаға алып шығып, билетіп жүр. Сондай-ақ ансамбль ортекені Мажарстан, Қытай, АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдеріне таныстырып келеді.
Айта кетейік, қазақ қуыршақ өнерінің бастауы саналған «Ортеке» былтыр ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді.