Дала қазағының өмірін бояумен әрле десе, Қастеевтің картинасына үңілетініміз хақ. Ол ғажайып суретші ғана емес, құс қанаты талатын байтақ даламыздың қоңыр түсі. Бала күнінен табиғатқа ғашық болды, бізді де ғашық етті. Туған топырағынан өнерге деген сүйіспеншілікті алып, әлемге таратты. Айналасына бала жүрекпен қарады. Осылайша, таңданыс пен қуаныш сезімі картинасының әрбір бөлшегінде шуақ шашып тұрды.
Әлемді таңдай қақтырған сұңғыла суреткер Әбілхан Қастеевтің соңғы кескіндемелік жұмысының бірі – «Қапшағай су электр станциясы» (СЭС) картинасы. 1972 жылы жазылған туынды сол дәуірдегі қазақ даласында орын алған келелі оқиғадан сыр тартады. Байтақ Жетісудың табиғи байлығын технологияның тілін тапқан адамдар ұлттың игілігіне жаратуға бел байлайды. Еліміздің энергетикалық жүйесіндегі маңызды бұл нысан өз жұмысын 1970 жылы бірінші гидроагрегаты қозғалысқа келтіріліп, желіге қосылғаннан кейін бастады. Бұрынғы Қапшағай, бүгінгі Қонаев қаласын электр жарығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, маңайдағы ауыл-аймақты жарық сыйлаған станса ел үшін ерекше дүние болды. Мұны ұлы суретші көңіл сүзгісінен өткізіп, шығармашылығының бір нысанына айналдырды.
Бұл туындыдан сол уақытқа дейін адам баласының аяғы жетпеген биік таулардағы жоғары вольтты электр сымдарының орнағанын көреміз. Бірінші планда анық әрі нақты түрде Қапшағай су электр стансасының жоғарыдан қараған көрінісі суреттелген. «Қапшағай су электр станциясы» картинасында Іле өзенінің таза мөлдір су беті, жаңадан құрылып жатқан бөгендер, жартас шеттеріндегі заманауи құрылыстар, аспандағы тікұшақ та көзге түседі.
Картинаның жоғарғы бөлігі нәзік болса, төменгі бөлігі техника мен электр сымдары арқылы ауырлықты сезіндіреді. Суретші тіпті жартастардың табиғи күрең түстерін жеткізе білген. Қастеев өмірінің соңғы жылындағы бұл туындысы арқылы халық өмірінің қуанышты және гүлденген сәттері басталғандығын айтып, өзі куә болған кеңестік Қазақстанның тарихына нүкте қойып кеткендей. Мұндай тақырыпқа бұрын-соңды бойламаған автордың шығармасы расымен суреткерге жат секілді көрінеді. Туындының қызығы да сонда.
Тарихқа көз салсақ, 1942 жылы тұңғыш рет Іле өзенінде су стансасын салу идеясын көтерілді. Бұл нағыз Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып жатқан кезі еді. Бастаманы Республика Ғылым академиясының президенті, академик Шапық Шөкин «Іле бойындағы Қапшағай СЭС-інің техникалық-экономикалық көрсеткіштері» атты кітабында негіздеп берді. Қапшағай СЭС-інің жобасын С.Я.Жук атындағы «Гидропроект» бүкілодақтық жобалау-зерттеу институтының Қазақ филиалы 1959 жылы жасап, ол жоба 1961-1964 жылдары қайта пысықталды. 1965 жылы болашақ нысанның дирекциясы құрылды. Көп ұзамай СЭС-тің құрылысы басталды. Бұл елеулі құбылыс Қазақ КСР Жоғары кеңесінде депутат болып қызмет еткен суретшінің санасына үлкен сілкініс әкелсе керек. Тіпті біз ұсынған картинаны арнайы тапсырыспен жазуы да мүмкін.
Жобалық қуаты 434 МВтты құрайтын СЭС пайдалануға тапсырылғаннан бері тұтынушылар қажеті үшін шамамен 53,756 млрд кВт/сағат, яғни орташа есеппен жылына 1,1 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Ал су аса мол болған 2010 жылы станса 1,78 млрд кВт/сағат электр энергиясын шығарды. Осы жылдар ішінде СЭС турбиналары арқылы 673 текше километрден астам су өткізілген. Қазір де белсенді жұмыс істеп тұр. Бір ғажабы, бәрі де сол суреткер жазған картинадағыдай.
Біз бұл тақырыпқа неге тоқталып отырмыз. Әбілхан Қастеев суретші ретінде өз халқымен бірге өсті. Шындықты сипаттаудағы талант ерекшелігі сол өсуден шешімін тапты. Оның өмір шындығын шын мағынасында суреттей білуі, оқиғаны, табиғатты документтік дәлдікпен көрсете білу қасиеті суретші шығармаларының негізгі ерекшелігі. Зерттеуші ғалымдар қазақ халқының тарихын кітап ретінде жазып қалдырса, Ә.Қастеев халқымыздың еңбек өмірін, тың жерлерді игеруден бастап, бүгіне дейінгі тарихын айнадан көрсеткендей қылқаламымен айқын бейнелеп берді. Отанын, халқын жанындай сүйетін патриот суретшінің сарқылмайтын сан-салалы тақырыбы – кеңестік Қазақстанның өміріне арналған жылнама іспетті. Мұны автордың еңбегін зерттеушілер де мойындайды.
Бүгінде суретшінің танымал туындылары еліміздегі ірі мұражайларда ғана емес, шекараның арғы бетіндегі Ресей, Украина, Қырғызстанда да орналасқан. Одан бөлек алыс және жақын шетелдерде жеке жинақтары сақтаулы. Соңынан қалған мұрасын ұлықтап жүрген жас суретшілер де жетерлік. Біз де байырғы қазақтың тыныс-тіршілігін сағынғанда Қастеевті іздейміз.