• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ән 27 Қараша, 2023

Мәңгілік махаббат мелодиясы

250 рет
көрсетілді

Адам баласының ғұмыры махаббатпен мәнді екеніне күмән жоқ. Көңілдің күнделігінде қалған аяулы сәттердің әсері жылдар жылыстаса да, кісі жанын көзге көрінбейтін шуағымен шомылдырып, тіпті кейде сәулесімен жылытып тұрғандай болады. Сағымға айналған өткен шақтың сағынышқа толы болатындығы да сондықтан шығар. Қалай десек те, өткен шақ атаулының адам жүрегінде бармақтай ізі қалады. Оны ұмыту мүмкін бе екен? Кім білсін...

Теріскейдің өзіне тән сұлулығы, табиға­тының кереметі бар шығар. Алайда оңтүстікті мекен еткен жұртқа асқақ Алатаудың мұзарт шыңдары қай кезде де ыстық. Тәніңді баяу ескен самалдың аймалауына не жетсін?

Айыр қалпақты ағайындардан бастауын алатын Талас өзенінің бойымен жүргенде судың сыңғыры арудың күлкісімен сабақтаса кететіндей көрінетіні бар. Сонда ғой, кеудедегі бір жұдырық етке жылы тиетін ән тыңдағың келеді. Әсіресе майдалап соққан оңтүстіктің қоңыр желі бойыңды сергіте түскен сәтте қазақ әнінің аласармас биігінде тұрған әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әні адам бойындағы қанды ысыта түсетіндей көрінеді. Көңілдегіні тап басқан туындының тамаша шумақтарына құлақ түресің.

Композитордың музасы бар екені айдан анық. Соған қарап-ақ әннің табиғаты абстракция атаулыдан алыс екенін түйсінесің. Муза болғанда да маэстроның сүйген жары – Дари­ға Ті­лендікеліні. Керек дерек осыны меңзей түседі.

Өзен жағалаған өнер иесі жүрегіне от беріп, көңіліне шоқ түсірген сұлумен серуендеп келе жатып: «Куә бол, жұлдыз, куә бол, айым, куә бол, Алатауым» деп әндете жөне­ліпті. Осы сөздер кейін әннің болмысын ашып, табиғатына жараса кеткені ақиқат. Қалай десек те, шығарма осы сөздермен құнды.

Тыңдарман құлағынан әлі күнге дейін кетпеген, жыл өткен сайын шлягерге айнала түскен, шоқтығы биік шығарманың кілт сөздері әйгілі композитордың өз жүрегінен шыққаны да ғажап.

Бұл қаланың адам баласы үшін аурасы қашанда бөлек... Ару Алматы. Сүйген ару. Көжиектің төсіне Жаратқан ілген, жамырап, самсап тұрған жұлдыздар мен асқақ Алатаудың көзді арбайтын, көңілді баурайтын мұзарт шыңы композитор шабытын шайқап, жүрегінде жанған отты маздата түскеніне ешкімнің таласы да жоқ. Ұлы туындының қайырмасына негіз болған «куә бол» сөзі де әннен мән іздейтін тыңдарман біткеннің көңіліне қона кеткені даусыз.

Расында да, мәтін мен ән атаулының табиғатында гармония бар шығарманың ғұмыры ұзақ екеніне кісі баласы шүбә келтіре алмас. Әлгіндей туынды ешқашан өлмейді. Қайта уақыт өткен сайын жаңа буынның жүрегінен орын тауып, жасара түседі. Мейлі, ол азшылық болсын... Ал әннің сөзін әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиев жазса, тыңдарман үшін мәңгілік олжа екеніне ешкім таласпайды ғой.

«Көзімді жұмсам да көрем сені,

Еседі арманның қоңыр желі.

Куә бол, Алатау, бақытыма,

Куә бол, көк терек көлеңкелі.

Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым,

Куә бол, Алатауым!»,

деп басталатын лирикалық әннің алғашқы шумағының өзі есті тыңдарманды бірден баурай түсетіні ақиқат. Әйтеуір, жаныңа жылылық сыйлайды. Бойыңдағы беймәлім бір сезімнің құпиясын ашқандай күйге түсіреді.

Куә бол, жұлдыздар жымыңдасқан,

Куә бол, аппақ Ай, ашық аспан.

Алданба, жүрегім, енді қайтып,

Арманға кезінде есік ашқан.

Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым,

Куә бол, Алатауым!»,

деп түйінделетін әннің әсерлі қайырмасы да өнер­сүйер қауымның жадынан мәңгі өш­пейтіні рас.

Қалай десек те, «Куә бол» әнінің қазақ өне­ріндегі орны бөлек. Махаббат пен сағыныш атау­лы сезімді жаңа бір биікке көтерген шы­ғар­маның мәңгілік мелодияға айналғаны ақиқат.