«Amanat» партиясының экология мәселесіне айрықша ден қойып, көңіл бөлуінің нәтижесінде Алматы облысында бірқатар игі іс атқарылып келеді. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында жергілікті полиция, экология департаменттерімен бірлескен рейдтер жүргізіліп, өндірістегі экологиялық бастамалар күшейтілген. Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2027 жылға дейін өңірде 337 шақырым туристік соқпақ пен маршрут жүргізіледі.
Бұл жөнінде Қонаев қаласында «Amanat» партиясы жанындағы облыстық партиялық бақылау комиссиясының және экологиялық мәселелер жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында айтылды. Алқалы жиынға қатысқан тарихшылар, экологтер, қоғам белсенділері мен мемлекеттік орган өкілдері өңірдің тарихи-мәдени және табиғи мұрасын сақтау, қорғау шаралары жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе Жамбыл ауданындағы «Аққайнар» петроглифтер кешенінің және Іле өзенінің жағасында орналасқан «Таңбалы тас» шатқалының экологиялық жағдайы бүгінгі күннің өткір де өзекті мәселесіне айналғаны қызу талқыға түсті.
Жиынды ашқан «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев «Таңбалы» қорығында 10 мыңнан астам петроглиф орналасқанын, ал «Аққайнар» кешенінде ежелгі дәуірде тасқа қашалған 5 мыңға жуық таңба табылғанын атап өтті. Алайда «Аққайнар» кешені осы күнге дейін мемлекет қорғауындағы нысандар қатарына енбеген. Сондықтан тарихи мұраның жойылып кету қаупі бар екеніне алаңдаушылық білдірді. Өңірдегі бірқатар петроглиф тек шалғайда орналасқандықтан ғана бүгінге дейін бүлінбей жетіп отырғанын атап айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі екенін атап өткен еді. Алматы облысы – петроглифтерге бай өңір. Оның 10 мыңы «Таңбалы» қорығында орналасқан. Тарихтан сыр шертетін құнды мұра, өкінішке қарай, вандализм мен қоқыс алаңына айналып барады. Жартастарға әлдекімдер аты-жөнін, оғаш ойларын жазып жүр. Біз – аманаттықтар «Аққайнар» кешенін тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне енгізуді талап етеміз», деді Қ.Байғоджаев.
Ежелгі өнер туындыларының тағдырына қоғам белсенділері де алаңдап отыр. «Охотники за петроглифами» қоғамдық бірлестігінің директоры Ольга Гумирова «Аққайнар» кешеніндегі тасқа қашалған таңбалардың басым бөлігі вандализм әрекетіне ұшырағанын баян етті. Оның айтуынша, таңбалардың басым бөлігі жазу, бояу, цемент, гудрон және өзге де қоспалар кесірінен зақымдалған. Киелі орынның ең көп зақымданған тұсы – орталық бөлігі. Онда ұзақ жыл әскери далалық лагерь орналасқан. Сол себепті, бай мұраның бүлінуіне сарбаздардың да зиян келтіргені жасырын емес. Барлық ғылыми зерттеу жұмысы аяқталғанға дейін жартас жазығын қалпына келтіру және ондағы жазуларды өшіру бойынша шара қабылдау қажеттігін атап айтты.
Жиында сөз алған Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мүкеев тарихи ескерткіштерді ауылдық әкімдік қорғай алмайтынына және тарихи-мәдени мұраны сақтаудың кешенді жоспарын әзірлеу керектігіне назар аударды.
«Мәдени мұраны қорғайтын ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Іргесінде әскери полигон орналасқандықтан, сарбаздар таңбалы тастарды бояп, жазу жазып кетеді. Оны химиялық еріткіштермен де, ацетонмен де сүртіп көрдік. Жазулар өшпей қойды. Қолымыздан келер шара – тек сенбілік ұйымдастыру. Осы мәселе бойынша қыркүйек айында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа хат жолдаған едім. Одан бері екі ай уақыт өтті. Әлі күнге жауап жоқ. Ауыл әкімдігінде еліміздің құнды мәдени мұрасын өз бетінше қорғайтындай мүмкіндік жоқ», деді ауыл әкімі.
Аймақта вандализм әрекетінің етек жаюына себеп болып отырған жайттардың бірі – салааралық іс-қимылдың әлсіздігі екендігі сынға алынды.
«Облыстық туризм, мәдениет басқармасы, өңірлік экология департаменті және жергілікті атқарушы органдар әртүрлі жұмыс жүргізіп келеді. Ал ішкі істер органдары болса, ұлттық байлығымызды қорғау мәселесіне қатысты белсенді шара қабылдамайды. Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың жоспарларында вандализмге қарсы күрес бойынша нақты іс-шаралар көзделмеген. Бұл да маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты ведомстволар арасында тиісті өзара іс-қимылды жолға қою, ескерткіштерді вандалдардан қорғауды қамтамасыз ету қажет», деді филиал төрағасы.
Партия жанындағы облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Аманкелді Сембаев петроглифтер шоғырын қалайда сақтап қалу – басты міндет екенін, осы орайда «Аққайнар» кешенін мемлекеттік тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне енгізу қажеттігін айта келіп, нысан алдағы уақытта партияның жіті бақылауында болатындығын мәлім етті.
Жиын соңында комиссия мүшелері уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, «Таңбалы тас» тарихи-мәдени нысандары мен «Аққайнар» кешенінің сақталуын бақылауға алу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою және абаттандыру, инфрақұрылым жүргізу арқылы ескерткіштерді қорғау үшін барлық шараны қабылдау, тәртіп сақшыларының күшімен жергілікті жерді патрульдеуді қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса, облыстық мәдениет басқармасына жыл соңына дейін «Аққайнар» шатқалын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізуді тапсырды.
Еске салар болсақ, бұған дейін партиялықтар ұлттық байлығымызды қорғау акциясы аясында «Таңбалы тас» шатқалына барды. Аманаттықтар сенбілік өткізіп, 100 қапқа жуық қоқыс жинады. Алдағы күндері партиялықтар және «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері сенбілікті «Аққайнар» кешенінде өткізуді жоспарлап отыр. Олар тастағы таңбаларды вандалдар жазып кеткен түрлі жазулардан тазартпақ.
Алматы облысы