Мектеп оқушысы кәсіппен айналысып, табыс тауып отыр дегенді естігенде оған әркімнің сенуі екіталай. Десе де бұл мүмкін болатын нәрсе екеніне көзіміз жетті. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Береке ауылындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Берік Әжібай мемлекет қолдауына ие болып, бүгінде ат әбзелдерін дайындау ісімен айналысып жүр. Жасөспірімнің жеке кәсібімен танысу үшін жақында ол тұратын елді мекенге арнайы барып, өнеріне тәнті болдық.
16 жастағы баланың кәсіп ашуына «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы ықпал еткен. Соның аясында мектеп оқушысы қайтарымсыз грант ретінде 1 млн теңге қаржыға ие болып, отбасылық кәсіпті ілгерілетуге үлес қосқан. Қазіргі таңда Берік шағын ғана шеберханада ертоқымнан бастап, жүген, ноқта, үзеңгі сынды атқа қажетті жабдықтардың бәрін дайындаумен айналысады. Соның ішінде ертоқымы көптің сұранысына ие. Олардың жалпы 30-40 түрі бар болса, тапсырысқа байланысты кез келгенін әзірлеуге машықтанған.
Атадан балаға мирас болып келген бұл кәсіптің дамуына Беріктің әкесі Мадияр Нұрбеков, басқа да ағайынды бауырлары қолдау білдіреді. Бір жұмысты жүйелі түрде жүргізіп жатқаны олардың қанында бар екенін Берік өз сөзінде тілге тиек етті.
– Бұл кәсіппен айналысу біздің қанымызда бар. Мен ес білгелі әкем бұл өнерді жанына серік еткен. Ал әкеме дейін менің аталарым осы жолда еңбектенген жандар болыпты. Сондықтан әулетіміз үшін бұл – таңсық жұмыс емес. Қазіргі уақытта еліміздің әр түкпірінен тапсырыс көп түседі. Ертоқым дайындағанда алдымен сапасына мән береміз. Содан болар, біз – ел бойынша мықты шеберлердің қатарындамыз, – дейді мектеп оқушысы Берік Әжібай.
Қаннан дарыған кәсіпті игерген жас шебер әкесінің қасында жүріп ат әбзелдерін әзірлеудің қыр-сырын меңгерген. Кейін осы істі дөңгелетуді жөн санап, жобасын «Тәуелсіздік ұрпақтары» бастамасы арқылы дамытуды көздеген. Нәтижесі жаман емес. Қайтарымсыз гранттың көмегімен бизнесі өрге домалап, тапсырыс ауқымы арта түсіпті.
– Жоба аясында ұтқан 1 млн теңге қаражат отбасылық кәсібіміздің дамуына көп ықпал етті. Өйткені көктем, жаз мезгілдерінде тапсырыс азаяды. Шығын шығатын кездер де болады. Осының орнын жабуға және сапалы былғары алуымызға гранттың көмегі көп тиді. Материалдың жақсы болғаны ертоқымды сатып алушылардың да көңілінен шықты. Осылайша, тапсырыстың саны уақыт өткен сайын арта түсті, – деп жас кәсіпкер мемлекеттің қолдауын ерекше атап өтті.
Беріктің бұл жоба туралы Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығынан хабардар болған. Орталық жастары мемлекеттің осындай ұтымды бастамаларын аудан көлемінде дәріптеуден қалыс қалған емес. Олар мемлекет ұсынған бағдарламаларды жастар арасында насихаттап, жаңашылдыққа бастайды.
Берік мектеп оқушысы болғандықтан, ісін сабақтан кейін жалғастырады. Түске дейін білім алса, түстен кейін шеберханадағы міндетін орындап, әкесі мен бауырларына көмектеседі. Беріктің ендігі арманы – атасының жолын қуып, осы кәсіпті жоғары деңгейде дамытып, үлкен цех ашу.
– Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында атамның атқа қажетті жабдықтарды дайындайтын үлкен цехы болыпты. Мен де атам сияқты осы бизнесімді одан әрі жетілдіріп, ауқымы кең ғимаратта жұмыс істегім келеді. Сөйтіп, қолөнер саласын көпке таныстырып, оны жан-жақты дамытсам деймін. Бір жағынан елдің экономикасын арттыруға қосқан үлесім болар еді, – дейді кейіпкеріміз.
Беріктің атакәсіпті жетілдіруіне себепкер болған «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталатын жоба әлі де жалғасып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр аталған жобаның аясында Алматы облысында 10 жас кәсіпкер 1 млн теңгеден қаржылай қолдауға ие болған. Қазіргі уақытта олар әр салада өз кәсібімен айналысып, жемісін көріп жүр.
2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілу көзделген. Жобаның мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Конкурсқа 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы