• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2023

Қоғамның көркем шындығы

294 рет
көрсетілді

Кейде оқырмандар тарапынан: «Жазушылар бүгінгі өмірдегі көріністерді, қоғамдағы құбылыстарды, жазғаннан гөрі өткен тарихи тұлғалар, оқиғалар туралы көбірек қалам тербейді», деген пікірді естиміз. Бір жағынан, бұл пікірдің де жаны бар. Өйткені оқырман шығармадан өз дәуірінің бейнесін көргісі келеді. Бірақ оны жазу оңай емес. Алайда бүгінгі адамдардың жан-дүниесінде не болып жатыр, олардың қоғамға, өмірге көзқарасы қандай деген сауалдарға жауап беретін көркем туынды жазып жүрген жазушылар да жетерлік. Соның бірі – Қуандық Түменбай. Қарымды қаламгердің кітаптарымен ертеден таныс болғандықтан ба, оның кез келген хикаятында болсын, шағын әңгімесінде болсын, сомдалған кейіпкерлер – кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген қарапайым адамдар бейнесі. Солардың басынан өткен мұңы мен қайғысы, қиындығы мен қуанышы көркем шындықпен өріліп, ақ параққа мөлдіреп түсе қалған.

Бүгін жазушының сондай лепте жазылған «Кітап қала­шығындағы оқиға» атты әңгі­месін сөз етсек дейміз. Бұл шы­ғармада ауылдан қалаға арман қуып келген жас жігіттің жан-дү­ниесіндегі сезім арпалыс­тары, бұлқыныстары, басынан өткен оқиғалары шынайы бейнеленген. Туындыға арқау болған бас кейіпкер – Жапардың болмысынан ауылдан қалаға кәсіп іздеп келген көптеген қазақ жас­тарының жиынтық бейнесін көресіз. Соның бірі өзіміз екені де анық. Бірақ оның басқалардан айырмашылығы бар. Ол – білім­ділігі. Көп оқиды. Көп біледі. Бейнелеп айтқанда, кітапты «нанша» жейді. Бір жағынан, оның бұл қасиетін маңайында жүргендер түсінбейді. «Оқу өтіп кеткен» деп сыртынан келеке етеді. Қай қоғамда да білімді адамның ортаға сыйып жүруі қиын ғой. Осы жағдайды Жапар да басынан кешеді. Өйткені ол өмірге, қо­ғамға басқаша қарайды.

Жазушы кейіпкерінің осы мінезін, артық бояу қоспай дәл суреттейді. Бір қызығы, ол қай­да барса да лақап аты артынан бірге еріп жүреді. Әскерге барғанда махаббат лирикасына елтіген «дедтер» алақандарына салып «Есенин» деп дәріптесе, өзімен бірге қалада жұмыс іс­теп жүрген көше сыпырушылар «Оқыған азамат» деп атайды. Көше сыпырушылардың бәрі де қазақтың қыз-жігіттері. Жаңа­лыққа жаны құштар Жапар­дың жасы отыздың бел ортасынан асып бара жатса да әлі шаңырақ көтермеген. Қанша білімді болғанымен қызға деген аузының салымы жоқ.

Бірде ол қалалық газеттен «Кітап қалашығы ашылды» деген хабарды оқып, қуанып қал­ды. Ол қазақ әдебиетін ғана емес, орыс әдебиетін де бір адам­дай жақсы біледі. Шетел жазушыларының қазақшаға ауда­рылған шығармаларын түгел оқыған. Драйзер, Камю, Акутагаваны ұнатады. «Америка трагедиясын» қайталап сан рет оқыды. Дегенмен оның ойынша: «Аударма – әдебиет емес. Сырт кейіпкерлердің жүріс-тұрысын жаттап алғанмен бөтенденіп, бір­түрлі сырдаң тартып тұрады» дейді.

Бір күні әдейілеп «Книжный городок» деп орысша жазылған жаңа кітап дүкеніне келеді. Есік алдында омырауына аты-жөні ілінген қазақ жігіттер орысша сәлемдеседі. «Мен сияқты қара қазаққа қазақша сәлемдессе қай­теді? Қой, ұлтжандылық мәсе­лесі кейінгі орында. Мен кітап көрейін» деп, ішке енеді. Байқ­аса, шетел әдебиеті түгел осы жерге көшіп келген секілді. Шекс­пир де, Фолкнер де, өзі сүйіп оқы­ған Драйзер де осында. Орыс әдебиетінің классиктері де самсап тұр. Енді қазақ жазушыларының кітаптарын көрейін десе... Осы жердегі үзіндіге зер салыңыз: «Жапар көзі мойылдай қап-қара қыздың қасына келді. Жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Отыз­­дан асты, қыз атаулыға беріле қоймаушы еді, езу тартқан күлкісі де көкірегін тыз еткізді.

– Қарындас, қазақ кітаптары қай жерде? – деп тура қарады.

– Бізде қазақ кітаптары жоқ. Болашақта болмаса... – деп қыз да күлімсіреп жауап берді.

– Болашақ дегеніңіз қашан? 2030-ға дейін бе? – Жапар ежелгі мақамына көшті.

– Не?!

Қыз түсінбей қалды да:

– Оны меңгерушіден сұраңыз, біз кішкентай адамбыз, – деп бұрынғы кейпін сақтап селт тұрды».

Бір қарағанда, осы қысқаша диалогте басы артық ешнәрсе жоқ секілді көрінеді. Жапарға сатушы қыз: «Бізде қазақ кітап­тары жоқ...Болашақта болмаса» деп күлімсіреп жауап берді. Бар болғаны – осы. Бірақ осы бір көріністен бүгінгі өмірдің шындығын көресіз. Рухани астанада әспеттеп ашылған кітап қалашығында Абай атамыздан бас­тап, Мұхтар Әуезовтің, Мағжан Жұмабаевтың және басқа да қазақ жазушылары кітаптарының болмауы, шынында да қасірет. Бұған қалай күйінбейсіз?! Сонда біздің елдігіміз қайда? Жазушы кейіпкері арқылы нені меңзеді? Біз не түсіндік? Қысқасы, бұл әңгіме Жапар туралы ғана емес, кітап қалашығы туралы да ғана емес, қазіргі қоғамда бай мен кедейдің арасы алшақтап, «үлкен адамдар», «кішкентай адамдар» секілді ұғымдардың пайда болуын емеурінмен, тұспалмен баяндауымен құнды екенін бағамдайсыз.