Ұлттық академиялық кітапханада «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастырушы, ғалым, тіл маманы, аудармашы Найманғазы Сапанұлының «Ауылдан алыс сол жолдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабының тұсаукесері өтті.
Ғұмырнамалық жинақта автордың өмір жолы, аудармашылық және сөздік жасаудағы ізденістері, баспагерлік қызметі туралы көркем тілмен жатық баяндалған.
Найманғазы Сапанұлы – «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі», «Қытай идиомдарының қазақша баламалары» атты 4 төрт үлкен сөздіктің авторы. Сондай-ақ ол кісі Қытайда «Көк сөздік» немесе «Найман көк» атанып кеткен «Қытайша-қазақша сөздіктің» бас құрастырушысы болды. 1974 жылдан бастап ұжымдық еңбек ретінде дайындалып, 1979 жылы латын қарпімен баспадан шыққан бұл сөздікке 60 мыңнан аса қытай сөзі енгізілген. Белгілі ғалым бұдан кейін де осы еңбекпен жалғыз өзі табанды айналысып, сөздіктің лингвистикалық құрам санын 120 мыңға жеткізді. Бұл сөздік 2006 жылы «Шыңжаң» халық баспасынан «Қытай-қазақша үлкен сөздік» деген атпен жарық көрді. Бүгінге дейін ол 7 рет басылып, 30 мың данамен тараған. Қазіргі таңда аталған еңбектің 124 мыңға жуық лингвистикалық құрамы қамтылған сөздігі баспаға дайындалып жатыр.
Мазмұнды іс-шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, тағы басқа да азаматтар сөз алып, айтулы аудармашының сөздік жасаудағы еңбегі, шығармашылығы туралы парасатты ой-пікірлерін айтты. Ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы автордың сонау 70-жылдары алғаш рет «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастырудағы еңбегін ерлік деп бағалады.
«Сөздік жасау – белгілі бір ұлттың ғана емес, ғалымдардың мәдениетін, деңгейін көрсететін белгі. Сөздікте келтірілген сөздер мен атаулар, ұғымдар заң терминдерімен бірдей саналады. Сондықтан сөздікте ешқашан қате кетуге болмайды. Өйткені заңның өзі сөздікке бағынады. Осы ретте Найманғазы ағамыздың басшылығымен құрастырылған «Көк сөздік» және одан кейін жарық көрген сөздіктер осындай ғылыми талапқа толық жауап береді», деді ол.
Сондай-ақ басқосуда қаламгердің әдеби аудармашылығы да сөз болды. Ол Ч.Диккенс, Х.Андерсен, Э.Хемингуэй, М.Шолохов секілді әлем классиктері мен Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажинның шығармаларын қазақшаға аударған. Бұл әдеби туындылардың қысқартылған нұсқалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.
Іс-шара соңында Найманғазы Сапанұлы оқырманға жол тартқан ғұмырнамалық кітабы мен «Қытайша-қазақша сөздік» жасаудағы еңбектеріне тоқталып, жиылған қауымға ризашылығын білдірді.