Мәжілістің жалпы отырысында депутат Таңсәуле Серіков «Ауыл» партиясы фракциясының атынан Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, мүгедектердің қордаланған мәселесін қозғады. Таңсәуле Ғабдыманапұлынан өзі көтерген мәселенің түйінін қалай шешуге болатынын сұрадық.
– Бүгінгі жалпы отырыста Үкімет басшысының орынбасарына әлеуметтік мәселе, оның ішінде мүгедектердің жанайқайын жеткіздіңіз. Жаныңа жара батпайынша ешнәрсенің байыбына тереңдей бойлай бермейтін бейқамдығымыз бар жалпы. Протез жасайтын мамандарды оқытатын оқу орнының жоқтығынан осы кәсіп иелеріне деген зәруліктің басым боп тұрғанын айттыңыз.
– Елімізде бір өңірде ғана емес, барлық аймақта кәсіби түрде протез жасайтын протезист маман жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес осы жылдың наурыз айындағы дерек бойынша елімізде 715 мыңнан аса мүгедектігі бар тұлғалар тұрады. Өңірлер бойынша алсақ, 5 өңірде осы жандардың тең жартысы өмір сүреді екен. Олардың жартысына жуығы Түркістан облысында (97,1 мың), Қарағанды облысында (66,3 мың), Алматы облысында (64,5 мың), Шығыс Қазақстан облысында (50,2 мың) және Алматы қаласында (57,1 мың) тіршілік кешіп келеді. Ал ауылдық жерлерде тұратыны 305,5 мың немесе 42,7%-на тең. Бұдан қоса 200 мыңнан астам адамның тірек-қимыл аппараты бұзылған. Мемлекетіміз І,ІІ,ІІІ топ мүгедектеріне протезді тегін жасатуға кепіл болғанымен, жүзеге асыруға келгенде жұмыстың ілгері басуы өте-мөте баяу. Кезекте тұрған жандар қаншама. Бұл нормалар мүгедектерді протезді-ортопедиялық көмек және техникалық көмек құралдарымен қамтамасыз ететін, Премьер-министрдің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылдың 30 маусымдағы №287 бұйрығымен бекітілген. 3 жылда бір рет протезді ауыстырып, жылына бір рет жөндеу жасалуы керек. Ортопедиялық аяқ киім жылына бір рет ауыстырылуы қажет.
– Өзіңіз жолдаған депутаттық сауалыңызда елімізде протез жасайтын мамандарды оқытатын оқу орын мүлде жоқ дедіңіз. Сонда біз 30 жылдан бері протез жасайтын мамандарды кәсіби баулуды жүзеге асыра алмадық па?
– Аяқтың, қолдың, көздің, мұрынның, құлақтың протезін жасайтын маманды емге таппайсыз. Ең алдымен протезист мамандар медицина саласына қажет. Неге? Мысалы хирург ем алушының бір аяғын кесуден басқа амалдың жоқ екенін айтады. Жанында протезист болуы керек, сүйекті қай тұстан кескен тиімді, протезді іліндіру үшін етін қалай бүріп тіккен дұрыс деген жайтты ақылдасады. Мамандықты оқыту дейсіз, Қазақстан бойынша протез жасайтын адам саусақпен санарлық қана. Бізде оқытпайтындықтан көрші Ресей мемлекетіне барып айлық курс оқып, соның деңгейінде протез жасап жүр. Медициналық колледждерде де, университет, академияларда да протез жасайтын маманды оқытпайды. Шетелден протез сатып алу қалтасы көтеретін адамның өзін қалтыратып жібереді, өте қымбат. Протез – адамның жасанды дене мүшесі. Бұған қалай атүсті қарауға болады? Темір техниканы да жиі-жиі тексерістен өткізеді. Сол секілді протезді де жылына кем дегенде екі мәрте тексертіп, қадағалап отыру қажет. Ал балалардың протезін ай сайын демеймін, екі айда бір рет тексеруден өткізу керек. Себебі баланың дене тұрқы күн санап өседі. Біздің елде мүлде оқытылмайтын протезист мамандығы бойынша Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы бір емес, екі оқу орны кадр даярлайды. Кәдімгі «протездік-ортопедиялық және оңалту техникасы» деген арнаулы мамандық бар. Германия, АҚШ елдерінде де протезистке деген зәрулік жоқ, жыл сайын мамандарын даярлап шығарады. Кадрлар оқуды тәмамдаған соң науқастардың жағдайын талдауға, аяқ, қол протездерінің түрін, дизайнын, ортоз түрін тағайындауға, аяққа ортопедиялық аяқ киім мен түзету құралдарын тағайындауға, пациенттің қозғалысын жеңілдететін көмекші құралдарды тағайындауға, төменгі аяқ протездерін жасауға қатыса алады. Шетелде хирургтар операция жасар алдында протезист маманмен пациентке ота жасау керек пе немесе қалай жасау керектігін ақылдасады. Себебі дұрыс жасалмаған протез ауруды ушықтыруы да мүмкін. Ал біздер медициналық оқу орындарына осы мамандықтарды енгізе алмай келеміз. Беларусь еліндегі ұлттық технологиялық университетінде, Витебск технологиялық университетінде «Биотехникалық, медициналық аппарат және жүйе» бойынша оқытылады екен.
– Медициналық оқу орындарына протезист мамандығын енгізе алмай келеміз дедіңіз. Қол ұшын созам дейтін шетелдік инвестор тарту керек шығар, қаражат мәселесін шешу үшін.
– Технология күн аунаған сайын түрленіп, түлеп жаңарып, жаңғырып отырады. Әлемде жыл сайын жаңартылған инновациямен түрлі протездер өндіріліп, пайдаға асып жатыр. Инвестор демекші, «Медикер Интернейшнл» компаниясымен бірлесе түріктер елімізде протезист мамандарын дайындауға құмбыл болып отыр, тек оларға өріс ашып, орай туғызып беру керек. Дамыған елдердегідей бірнеше оқу орнында оқытпасақ та тым болмағанда еліміздегі колледждерде «Протезді-ортопедиялық және оңалту техникасы» бөлімдерін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында немесе тағы өзге өңірлердегі медициналық оқу орындарында оқытуға мүмкіндіктер берілсе дегенді көтеріп отырмыз.
– Мүгедектік мәселесінде олардың әлеуметтік статусына қатысты да кереғарлық бар. Қолынан немесе аяғынан, көзінен айырылған жандардың жыл сайын құжат жинап, он екі мүшесі толық емес екенін дәлелдеймін деп табанынан тозуы қаншалықты әділетті? Кесілген қол мен аяқтың өспейтіні, аққан көз қайта қалпына келмейтіні айдай ақиқат қой.
– Әлеуметтік статусқа қатысты тағы бір түйткіл бар. Бір қолы, бір аяғы жоқ азаматтардың көпшілігі ІІІ топ мүгедегі саналады. Әлеуметтік жеңілдіктердің басым бөлігі І мен ІІ топтағы мүгедектерге беріледі де, ІІІ топтағылар шетқақпай көреді. Сондықтан онсыз да тағдырдың теперішін аз көрмеген қайсар азаматтардың әлеуметтік статусын төмендетпеген жөн. Мысалы маған Алматы қаласынан бір кісі осы мәселеге қатысты хат жолдады. Ол кісінің басында да осы кеп. 50 жылдан бері ІІІ топ мүгедегі, тумысынан бір қолының кемістігі бар, жетілмей қалған. Бірақ ІІ топқа өте алмай келе жатқанына жарты ғасыр. Осыған қарап та әлеуметтік теңсіздіктің арасалмағы қаншалықты екенін бағамдай беріңіз.
– І және ІІ топ мүгедектеріне бөлінетін әлеуметтік төлем сомасы да ІІІ топтағы жандарға қарағанда едәуір ғой.
– Ол да бар, бірақ біз тек қаражат үшін емес, әлеуметтік әділеттілікті іздеп сауал жолдадық. Келешекте №260 бұйрықты инклюзивті Парламентпен бірге талдау қажеттігі туындап отыр. Қайта қарайтын, саралап сараптайтын, әбден иін қандырып барып қабылдайтын жайт өте көп.
– Үкімет басшысының орынбасары Тамара Босымбекқызына жолдаған депутаттық сауалыңызда мүгедектердің арбасына қатысты да сын айттыңыз. Сапасыз арбамен жүру мүгедек жандардың қауіпсіздігіне қаншалықты кепіл?
– Сөзіңіздің жаны бар, сапасы сын көтермейтін, «арзанның жілігі татымас» деп алған арбамен арықтан бір-екі рет өтсеңіз болды сыр береді. Ал брендтік үлгідегі арбаның құны да қомақты – 1-2 миллион теңгенің шамасында. Жаңа протезист мамандарды даярлаудың кемшін соғып тұрғанын айттым. Бізде мүгедектердің арбасы да шығарылмайды. Ел ішінде 720 мыңнан астам тұлға мүгедектер санатында. Соның ішінде 200 мыңнан астамы қозғалыс аппараты жүйесінің ақаулығы бойынша тіркеуде тұр. 25 345 адам арбамен жүреді. Шетелдің өндірген өнімінің бағасы да қомақты. Күтімдеп ұстасаң 10 жылға жуық жүріске шыдайды дейтін «Оттобок» компаниясының арбасы 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұлардың кепілдік мерзімі де әрқилы. Үй ішінде мінетін арбаңыздың кепілдік мерзімі 7 жыл болса, сыртта жүруге арналған арбаға 5 жыл деп жазылады. Мобильді арбаның да кепіл мерзімі осы межеде. Ал шынтуайтына келгенде қолданыстағы арбаның жарамдылығы ары кеткенде екі жылға әзер шыдайды.
– Бұзылса, жөндейтін орталық бар ма?
– Бар, тек Астана мен Алматы қаласында ғана. Сөзімнің арасында айттым мүгедектердің көпшілігі облыста, аудан, ауылдарда тұрады. Олар қайда апарып жөндетеді арбасы бұзылса? Жауабын ести алмай келеміз. Арбалардың бөлшектерін әкеліп елімізде құрастыратын шағын зауыт салса, баға да айтарлықтай төмендеп, қолжетімділік артар еді. Мұны да көтеріп, айтып келе жатқанымызға көп болды. Депутаттық сауалымызда Қазақстанда протезист мамандарды дайындау жүйесін жолға қойып, қолданысқа енгізуді, осы мүгедек арбасын жасауды іске қосуды талап еттік. Бұзылса жөндейтін инва орталық ашуды, мүгедектікті растау жөніндегі №260 бұйрықты қайта қарауды қолға алу қажеттігін ескерттік. Сөзіміз хәкім Абай атқандай «жартасқа бардым, күндей айғай салдым» болып қалмаса екен дейміз.