Өнердегі алғашқы адымын кинорежиссер Марк Донскойдың «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэ рөлімен аттап, ә дегеннен ел назарын өзіне бұрғызған келбеті келіскен көркем жігіттің келешегінен театр мен кино мамандары, жалпы қалың көрермен зор үміт күткен. Одан кейінгі «Біз Жетісуданбыз» (Нартай), «Шабандоз қыз» (Айдар) картиналарындағы кесек бейнесі де актер болашағына артқан сенімді одан әрі нығайта түсті. Тіпті дәуірінің реформаторы болған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі балалар мен жасөспірімдер театрында жетекші актер болып қызмет етіп жүрген жас әртісті аттай қалап, М.Әуезов атындағы драма театрға шақырады. Шоқан мен Хлестаков рөлін ұсынған режиссердің талантты әртіске деген шығармашылық жоспары үлкен болатын.
Әзірбайжан Мәмбетовтің ұсынысын қуана қабыл алған актер Хлестаковтан бөлек, Шекспир мен Ибсеннің кейіпкерлерін де сахнаға шығаруды жан-тәнімен көкседі. Әсіресе Гамлетке жан бітіріп, сахнада Құнанбайдың кесек бейнесін жасау талғамы биік, танымы терең әртістің өмірлік арманы болатын... Алайда 1960 жылдың 10 қаңтарына қараған түн өнер аспанында жұлдыздай жарқыраған жасампаз актердің бар арманын күйретіп, келешекке деген сенімінің күл-паршасын шығарды.
«Біз кешкі репетицияға келдік. Келсем, Кененбай жоқ. Әрі тосамыз, бері тосамыз, содан хабар келді. Ішіп алған балалар Нұрмұханнан темекі сұрапты. Нұрмұхан мінезді. Сол бірдеңе деген. Шекісіп қалғаннан кейін Кененбайдың арқасынан темірменен жарақаттаған» деп актердің әріптесі, сахналық серіктесі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тамара Қосыбаева мән-жайды өзі көрген шындық негізінде баяндапты.
Дәл осы сәттен бастап Қазақ КСР-нің халық әртісі, қайталанбас актер Кенебай Қожабековтің қасіретті күндері басталған еді... Жауыздардың сілтеген пышағы талантты актердің жұлынын жарақаттап, омыртқасына зақым келтіріп қана қоймай, оның асқақ армандарының да қанатын қиып түсті.
Өмірін күрт өзгерткен қаңтардың сол бір қайғылы түні туралы актердің өзі кейінірек «Қазақстан пионері» газетіне берген сұхбатында былай деп баяндаған екен: «...Театрдағы репетицияға кешкісін асығып бара жатыр едік. Қасымда екі талантты досым бар. Олар қазір өсіп, атақты әртістер болып кетті. Театрға бір көше қалғанда қараңдаған қара қарғадай бір топ қараңғы бұрышта бізді қоршап алды. Қасымдағы досымның біреуіне қол жұмсап үлгерді. Арашаға мен түстім. Кенет бір опасыз оңбаған арт жағымнан, омыртқа тұсымнан пышақ сұқты. Бар дүние астан-кестен, қара аспан түнек болып, құлап түстім. Әлден соң көзімді ашсам, жанымда ешкім жоқ».
Актер атын атамай, бірақ сұхбатында тілге тиек етіп өткен екі талантты досы – қазақ сахна өнері мен экранының мақтанышы Нұрмұхан Жантөрин мен Ыдырыс Ноғайбаев еді. Араларын қыл өтпес үш достың берік достығы дәл осы түннен кейін бұрынғыша болмады. Аралары алшақтаған актерлер қанша тырысқанымен, сол бір салқындыққа өле-өлгенше сәуле түсіре алмай өтті. Кененбай Қожабековтің ұлы Ілиястың айтуынша, осы жағдайдан кейін қоян-қолтық араласып жүрген Нұрмұхан Жантөрин екеуі мүлдем араласпай кетіпті: «Олардың ортасында не болғаны туралы бірдеңе дей қою қиын. Әйтеуір араларында бір үлкен қамал тұрғандай болды. Екеуі де сол қамалды бұзып өткілері келді. Бірақ олай болмады» дейді актердің ұлы осы бір түсініксіздеу жағдайдың мән-жайы турасында.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, осы оқиғадан кейін 28 жыл арбаға таңылған актерді өмірлік жар деп таңдаған әйелі тастап кетті. Мәңгілікке серттескен достары сырт айналды. Денсаулығы дін аманда төбесіне көтеріп, кілең басты рөлді ұсынған театры жұмыстан шығарып жіберді. Толассыз келіп жататын киноға шақырулар да сап тыйылды. Бір басына үйірілген осы қиыншылықтың барлығын қайсар актер қайыспай көтерді. Қос құлынын жетектеп жүріп, ержеткізді. Бойындағы бар жігерін жиып, Сұлтан Қожықов, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев секілді нағыз жанашыр достарының қолдауымен өр қалпында өнерге қайта оралып, қайталанбас кесек бейнелер тудырды.
«Уақыт – емші» дейді. Арада өткен жылдар жаралы жанның дертін сәл де болсын жұмсартқанымен, қараңғы түнмен тұңғиыққа сіңіп кеткен үш достың арасындағы құпия сол қалпы сырын ашпастан өздерімен бірге кетті. Бірақ Кененбай Қожабеков қайтыс болғанда Нұрмұхан Жантөрин қатты қайғырып, өксіп жылаған деседі білетіндер. Ал Қожабековтің өмірін күл-парша еткен қиянатқа кім кінәлі? Жан қиыспас достардың арасында қандай құпия қалды? Кененбай актер нені кешіре алмады? Себеп достардың сатқындығы ма? Екі дос кінәлі болмаса неге актерден алыстады? Әртістің ұлы Ілиястың «Әкемді мүгедек қылған сол кездегі белгілі министрдің баласы. Бұл жағдай арнайы жоспар бойынша жасалған» деген күдігі қаншалықты қисынды? Кінәлі болса, ол неге жазадан құтылып кетті? Қанша жыл өтсе де бұл сұрақтарға әлі күнге дейін мардымды жауап табылмай келеді. Ал осы оқиғадан кейін бір-бірінің шығармашылығы һәм достықтары туралы ләм демеген үшеу үнсіз өмірден өтті. Бар шындық өздерімен бірге кетті.