• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 04 Желтоқсан, 2023

Ұлт фотоөнерінің қазынасы

136 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультетінде « Қазақ фотошежірешілері III: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедияның таныстырылымы өтті. Мазмұнды іс-шараны «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі мен жоғарыда аталған университеттің Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырды.

Бұл – осымен жарық көріп отыр­ған­ үшінші фотоэнциклопедия. Алғаш­қы жинақ «Қазақ баспасөзінің фото­ше­жі­решілері» деген атпен 2012 жылы шыққан.

Оған еліміздегі осы саланың дамуына үлкен үлес қосқан 12 ардагер фотосуретші енген. Одан кейін араға бес жыл салып, екінші кітап басылды. Бұған 25 фотографтың туын­дылары топтас­тырылған. Ал енді оқырманға жол тарт­қан үшінші еңбектің ерекшелігі де мол. Мұнда көптеген құнды дерекке куә боласыз. Мәселен, осыған дейін «Қазақтар фотоөнерді Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін игерді» делінген пікір айтылып келді. Шынымен солай ма? Жоқ! Қазақтың тұңғыш кәсіби фотографы кім десеңіз, ол – жасынан Еуропа әдебиетімен сусындап, қазақтың жыраулық поэзиясын дәстүрлі жазба әдебиетке ұластырған көрнекті ақын, Жәңгір ханның неме­ре­сі Шәңгерей Бөкеев. Оның ұлт­тық­ фотоөнерінің басында тұрған тұл­ға­ екені ғылыми түрде дәлелденген. Айта­лық, Бөкеевтің түсірген суреттері арқылы Ғұмар Қараш, Жанша Сейдалин, Дәулетшаһ Күсенғалиев, Бақытжан Қаратаев, Ғұбаш Шомбалов секілді қайраткерлердің бейнесі бүгінге жетті. Сондықтан бұл кітаптың бірінші беті Шәңгерей атамыздың өзі түсірген туындыларымен ашылып отыр. Сондай-ақ бірқатар республикалық, одақтық фотокөрменің жүлдегері, Мәскеудегі КОКП XXVI съезін суретке түсірген алғашқы қазақ фототілшісі Қалиғұмар Қабдешұлының қырағы жанарымен табиғаттың ғажайып көріністері мен еңбек майталмандарының бір сәтін бедерлеген дүниелері айрықша көркемдігімен көз тартады. Ал қазіргі Абай облысы Абай аудандық газетінде 25 жылдан аса фототілші болған Сабыржан Құсайынов түсірген ұлы ақынның туыстары мен оның көзін көр­ген замандастарының суреттері тарихи құндылығымен кітап мазмұнын одан әрі тереңдете түскен. Жинаққа енген қазақ фотосуретшілерінің бүгінгі әлемдік деңгейде және елімізде қандай жетістікке жеткенін айғақтайтын тұлға­лар мен олардың жұмыстары алғаш рет хронологиялық тәріппен топтас­ты­рылған.

Іс-шара тізгінін ұстаған Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ бірегей еңбектің маңызына тоқталды.

– Шынында да, бүгін ұлты­мыз­дың бір жоғы түгенделіп, қазақтың фотоөнерін, ұлт фото­жур­на­л­ис­ти­ка­сы­ның тарихы мен ғылымын өнер дең­гейіне көтерілгенін дәлелдейтін энциклопедия жарық көріп отыр. Бұл – өте құнды еңбек. Себебі кез келген өнер саласының тарихы түгенделмей бағасы берілмейді. Мұнда қазақ фотоөнерінің алғашқы туындыларынан бастап, ол қалай қалыптасты, қандай кезеңдерден өтті, оның басында қандай тұлғалар болды, осы салаға кім мол үлес қосты деген сұрақтарға толық жауап бар. Кітаптың басты құндылығы – ғылыми негіздер мен анықтамалардың берілуі. Энциклопедияны шығару – оңай емес. Оған мол қажыр-қайрат, ізденіс, көп жұмыс істеу керек. Сондай ізденістің нәтижесінде үлкен еңбек жасалған, – деді ғалым.

Одан кейін сөз алған «Фотоөнер» қо­ғам­­дық бірлестігінің төрағасы, жинақ­ты­ құрастырушы Асылхан Әбді­райым­ұлы қазір елімізде фотоөнер саласы көп нәрсені талап етіп отырғанын айта келіп, алғашқы фотограф туынды­ла­рының тарихынан аз-кем сыр шертті.

«Міне, араға тағы бес жыл салып, үшінші энциклопедияны шығарып отырмыз. Бұл еңбекті бір адам жасай алмайды. Жинақты ғалым Дәурен Мақсұтханұлы екеуміз дайындадық. Кітаптың артықшылығына келсек, бұған тұңғыш фотограф Шәңгерей Бөкеевтің еңбектерін енгіздік. Кезінде Бөкей ордасының 100 жылдығына орай Ресейдегі II Николай патша Шәңгерей атамызды Санкт-Петербургке шақырып, сонда оған сол заманның ең күшті деген фотоаппаратын сыйлаған. Бұл фотоаппарат барлық құралдарымен бір ат арбаның көлеміндей болған. Соны Санкт-Петербургтен Ордаға алып келген. Бұл жайында әдебиетші ғалым, журналист Мақсат Тәж-Мұрат дәлелдеп жазған. Негізі Шәңгерей Бөкеев – ақын. Бірақ ол өнердің көптеген түрімен айналыс­қан. Музыкаға жақын болған. Фото­өнер­­­мен де шұғылданған. Ол кісінің бірқа­тар фотосуреті сонау қуғын-сүргін заманд­а жойылып кеткен. Текті тұлғаның тікелей ұрпағы, ғалым Шолпанай Аманжолова апамыздың айтуынша, сол кісінің анасы атасының біраз суретін сандықта сақ­тап, кейін оны кино мұрағатқа өткіз­­ген. Соларды біз осы жинаққа енгіздік», деді ол.

Іс-шара барысында белгілі фотожурналист Рахымбай Ханалының зайыбы Априза Айтбаева да қазақ фото­өне­рінің даму ерекшеліктері туралы баян­дады. Жинаққа туындылары енген фото­суретшілер де өз ой-пікірлерін айтты. Студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Тарихтан тамыр тартқан энцикло­пе­дия­ға редакциялық алқаның шешімімен 18 автордың еңбегі енген. Оның ішінде әлемдегі үздік 10 фотографтың бірі атан­ған Серік Мұқышұлы, «Nikon» секілді әлемдік брендтердің ТМД көлеміндегі сынаушы-сарапшысы, халықаралық деңгейдегі кәсіби фотограф Фархат Қабды­қайыров, сондай-ақ «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленген 4 фотограф бар. Соның бірі – «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі, осы саладағы бірқатар байқаудың жеңімпазы Ерлан Омаров.

Түрлі-түсті фотосуретпен жарқырап шыққан жинақ «Фотографтар шығар­ма­шылығы», «Фотоөнер және ғылым» және «Фотоөнер» қоғамдық бірлес­ті­гінің жобалары» атты үш тарауға бөлініп, анықтамалық глоссарий мен библио­графиялық тізімдерден құралған. Көлемі 407 бетті қамтиды. Кітап «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Дарын» баспасынан 500 данамен жарық көрді. Ондағы фотосуреттер Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қоры мен авторлардың өзінен алынған. Кітаптың таралуына белгілі фотожурналист С.Пернебаевтың әулеті қолдау көрсеткен.