«Таң атады. Түс. Ымырт, түн кіреді.Естіледі Музаның мұңды лебі.Эрмитажда күліп тұр Джоконда,Жылап тұрған шығар ол?Кім біледі...»
Мықты өлең расын да солай ғой деп бас шұлғытып қояды. Мұқағалидың «Қасым солай болмаса, несі Қасым?» дегеніндей өлең солай болмаса, несі өлең бірақ?
«Қала біткен қыз құсап боянады,
Қызықтырмай, қаратпай қоя ма әрі?
Отырардың түсіне Помпей кіріп,
Ұйқысынан шошынып оянады...» дейді. Серік Ақсұңқарұлы осылай жазады. Төбеңнен бір нәрсені тастап жібергендей, сананы сілкіп оятады. Асау, асқақ лирика. Биіктен қарап бағамдауға үйретеді. Абайдың «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегеніндей, адамның жанын асқақтыққа тәрбиелеу талғамды өсіреді. Рухты шыңдайды.
Ақын жырын буырқанып жазатыны байқалады. «Адам ата – Хауа ана» кітабында өзі де айтады. «Өлеңді қалшылдап терге батып жазамын» деп. Сонысы шумақтарынан байқалып тұрады. Және дайындығы жоқ оқырман қабылдай бермейтін сезімдер атқақтайды да тұрады. Ақын өзі бірақ жыр тәңірінің алдында жүгініп қана отыратын сияқты. Пенделігінің бәрі өледі деген сөз. Жанын қоярға жер таппағанда түпсанадан рух қана бас көтереді. Мәртебелі поэзияның құдіреті сол емес пе? Адамға жерден басын көтеріп сөйлеуге ұлы күш берген Алла. Ой, сана-сезім, ақылдың қасиеттері қосылып рух түзетіндей болады да тұрады. Ойлап көріңіз, өзі жыр тәңірінің алдында тізесі қалтырап отыр, бірақ асқақ-асқақ сезімдер сөйлеп, тегеурінді ойлар айтады. Жан сөзі ғой ол. Мағжан болса поэзияны «жан сөзі» дейді. Сол сұмдықтар Серік Ақсұңқарұлы жырларынан қылаң ұрады. Ақын болып өмір сүрудің азабы да, ғажабы да сол сияқты сезіледі. Не сұмдықтың бәрін сезіп қойғаннан асқан азап бар ма? Сонсоң өлең жазбағанда қайтеді ақын? Кейбір өлеңдерін өзі де түсінбей қалуы мүмкін-ау ондайда.
«Жан рақаты джунгли жанатынан,
Хиросима үстінде – қара тұман.
Көгершіндер ұшып жүр, бұрқ-бұрқ етіп
Оқ-дәрінің иісі қанатынан...
Ұштым мен де жаһанның шетін көріп,
Қызыл-жасыл дүние не түрге еніп,
Кілем жапқан тұр диван-керуеттер
Махаббаттың төсегі секілденіп!»
Осыдан кейін оянбаған сана – сана ма? Осыдан кейін атқақтап кетпеген сезім – сезім бе? Мұндай оқыс ойдан ұстараның жүзіндей қайралмаған рух одан кейін рух болып жарыта ма, білмеймін. Бірақ олай болу үшін, қалыптасу үшін Хиросиманы, онда тасталған атом бомбасын ғана білгенің аз. Көгершіндердің махаббат пен сезімге оралған хаттарды ғана емес, одан да сұм ақпараттарды тасығанын түйсінуіңіз керек-ау.
Өмірге өнердің көзімен қарау... Кім біледі, дұрыс та шығар, бұрыс та шығар... Не десең о де, бәрін «бүлдірерің» анық қой. Сана-сезім, сүю биіктеген сайын сыю қиындай бермей ме мына ортаға? Сосын осы қалыпты тіршіліктің сыртына шығып аласың да, Джоконданың көзімен қарайсың да отырасың:
«Таң атады. Түс. Ымырт. Түн кіреді,
Естіледі Музаның мұңды лебі.
Эрмитажда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол?
Кім біледі...».
Өз обалың өзіңе, бірақ. Өмірдің тепеңдеген мәстегіне айналып күн көрем десең, кім қой депті? Қолыңнан тартқан адам жоқ. Ең дұрысы, Эрмитажда тұрған Джоконда туралы ойламаған...