Шымкенттік ару Айсұлу Мұхит бокстан әлем чемпионы атанды. Осы спорт түрінен Армения астанасы Ереванда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы чемпионатта қазақ қызы алтын медаль иеленді. 66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшымыз ақтық айқаста румыниялық Амалия Тугуяны 3:2 есебімен жеңіп шықты.
Боксшы қыз Шымкенттегі №52 мектеп-лицейіндегі 9-сыныпта білім алады. Ұстаздарының айтуынша, оның мектептегі оқуы үздік әрі қоғамдық іс-шаралар мен бокс, жүгіру, жеңіл атлетика сынды әртүрлі спорттық үйірмелерге белсене қатысады. Айсұлу Мұхиттың бұған дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Ол – Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, қараша айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Бұл – жасөспірім қыздар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасының үшінші алтын жүлдесі. Осыған дейін Аяжан Садық (54 кг) пен Толғанай Қасымхан (60 кг) жүлделі орынға ие болды.
Жалпы, Еревандағы спортшы қыздардың чемпион атануы еліміздің бокс тарихындағы елеулі оқиға деуге негіз бар. Сондай-ақ Армения төрінде өткен әлем біріншілігінде тағы шымкенттік өрен Нұрасыл Төлебектің де бағы жанды. Ол да байрақты бәсекеде алтын медаль еншіледі. Жерлесіміз 52 кг салмақта жұдырықтасып, тұғыры биік жеңіс жолында 4 қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Жаңа әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек Шымкент қаласының Бокс клубында дайындалады. Жаттықтырушы Думан Байтелиевтің шәкірті.
Қысқасы, 58 мемлекеттен 357 былғары қолғап шебері жүлдеге таласқан дүбірлі додада ел намысын қорғауға Шымкент қаласынан 3 спортшы қатысты.
ШЫМКЕНТ