2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 миллиард текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізіне парапар су. Яғни, таза ауыз су ретінде пайдаланылатын судың көлемі кемі 50 пайызға азаяды. Бұл – әрбір екінші отандасымыз ауыз сусыз қалады деген сөз. Ал, ауыз сусыз адам үш күн ғана өмір сүретіні мәлім, сондықтан өте қауіпті. Демек, дабыл қағар уақыт жетті. Осылай деген бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу, 3 мың 500 шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырғанын атап айтқан депутат ресми деректерді келтірді: елімізде 1 478 гидротехникалық құрылғы бар. 342 су қоймасы, 219 дамбы, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і коммунальдық меншікте. Ал 228-і жекеменшікте. Иесіз қалған 22 су қоймасы бар.
«Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан екенін білуіміз керек, оның көбі жекешелендіріліп кеткендіктен қатты алаңдатады. Қожайындары не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Жекеменшік болғаннан кейін мемлекеттік бақылаудан тыс қалған», деді депутат.
Б.Базарбектің сөзінше жалпы су нысандарына толық түгендеу жұмысын жасап, жайын нақтылау, қажет болса оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару кезек күттірмейтін іс. Мысалы Платиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, апат болу қаупі артады екен. Қаншасы тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. Бұл мемлекеттік жауапты мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді.
«Келесі бір маңызды нысан бұл – каналдар. Мәліметтер бойынша, 3 мың 500-дей магистральдік және шаруашылық каналдар бар, олардың жартысынан астамы тозығы жеткен, салдарынан 60 пайыз су құрдымға кетіп жатыр. Бұл үлкен шығын, демек бар суды ысырап етіп дұрыс пайдалана алмай отырмыз», деді Б. Базарбек.
Мәжілісмен каналдардың біразы жекеменшікке өтіп кеткенін, кімнің иелігінде екені де анық емес екенін айтты. Сондай-ақ депутат Президенттің каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды екенін атап өтті.
«Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «Amanat» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп есептеймін. Аталған партияның жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде қылған табанды іс-әрекеті көпке белгілі, сол тәжірибені каналдарға және су қоймаларына қатысты да қолдануға әбден болады. Әріптестерімді осы ұсынысты қолдауға шақырамын», деді ол.
«Елімізде жекеменшікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбыларды, көлдерді, бөгендерді мемлекетке қайтару шараларын қолға алу керек және дереу тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Әрине, сонымен қоса, су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды. Судың да сұрауы бар деп халқымыз бекер айтпаған, сол себепті су саласында заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін», деп түйіндеді депутат Б.Базарбек.