• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Желтоқсан, 2023

Қадырдың ән қазынасы

270 рет
көрсетілді

Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы «Қадыр – қазына» атты ерекше жобаны қолға алғанын хабарлаған едік.

«Күндер-ай» атты ән байқауының шарты бойынша бұл жолы Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған әндер сайысқа түсті. Байқауға қатысу­шы әншілер Қадыр Мырза Әлінің сө­зіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындап, бағын сынады. Айта кетерлігі, байқаудың талаптары оңай болған жоқ. Мәселен, әншілер­ге халық арасында кең таралған «Ата­мекен», «Тамаша», «Әже туралы жыр», «Ата», «Жар», «Сыған серенадасы», «Кездер-ай», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Өмірің өз қолыңда», «Тамды аруы», «Өз елім», «Бақыт туралы» секілді шығармаларды орындауға тыйым салынды. Керісінше бұрын көп айтылмай жүрген туындыларға басымдық берілді. Әндер тек қана жанды дауыс­та орындалды.

Қадыр ақынның 120-дан аса өлеңі­не ән жазылған екен. Олардың ішінде бейресми әнұранға айналған «Атамекен», рухыңды көтеретін «Өз елім», перзенттік махаббаттан туған «Әже туралы ән», атына заты сай «Тамаша», тамсандырған «Тамды аруы», керемет «Кездер-ай» секілді шығармаларды күллі қазақ шырқап жүр.

– Біз осы байқауда бұрын-соңды орындалмаған әндерді жарыққа шы­ғаруды көздедік. Шынында да керемет әсерлі дүниелер бар екеніне көзіміз жетті. Алашқы аты мәлім композиторлардан бастап, жерлес сазгерлердің де әндері халыққа жетті. Атап айтсақ, «Әз Ана», «Не жетеді?», «Күлкі керек», «Қуаныш күтіп тұр алда» секілді әндерді көрермен жылы қабылдады, – дейді Қадырсарайдың басшысы Серік Тоқмәмбетов.

Байқауға барлығы 19 үміткер қа­тысты. Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі иегері Жас­келең Ғайсағалиев төрағалық еткен қазылар сайыстың бас жүлдесіне Жастар мәдениет сарайының өкілі Тарас Жауымбаевты лайық деп тап­ты.

Оралдық «Батыстар» тобы мен әнші Алтынбек Базаров 1-орын жүл­десін жеңіп алды. Жәнібек ауданы­нан келген Райымбек Кәрімов пен қазталовтық Мұрат Ахметов екін­ші орынды бө­лісті. Ал Сырым ауда­нынан келген Нұрлыбек Бай­ния­зов пен Ақжайық ауданының өкілі Айдын Дәулетқалиев үшінші орынның сыйлығына ие болды. Амандық Мергенов (Сырым), Кә­рима Кенесарина (Мәдени-ағарту бірлестігі), Мәди Сабыров (Орал) және Махамбет Нұрахметовке (Жаңа­қала ауданы) арнаулы жүлде тапсырылды.

 

Батыс Қазақстан облысы