Кенесары ханды, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазып, кейін осы шығармасы үшін қуғын көрген ақын Қалижан Бекхожиннің өмірі күреске толы.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-аудармашы Қалижан Бекхожиннің 110 жылдығына орай «Ертістің қайратты қаламгері» атты әдеби еске алу кеші өтті. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мұрындық болған іс-шарада тұлғаның кітаптары мен жеке заттарынан көрме ұсынылды.
Ақынға «Менің замандастарым» кітабы үшін ҚазКСР-ның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Кейін өрен ұрпақты отаншылдыққа баулу мақсатында «Жусан» поэмасын жазды. Жазушы, ардагер журналист Ғалымбек Жұматов атап өткендей, кіршіксіз махаббаттың рәмізіндей болған «Дудар-ай» әні негізінде «Мариям Жагорқызы» атты поэма жазған қаламгер ауыз әдебиетіміздегі лироэпостық жырларымызды жаңа бір қырынан сәтті жалғастыра білді. Ал «Әппақнамесі» адал да таза сезімге баулиды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфиддин Сүтжанов Қалижанның әкесі Нұрғожа заманында елге белгілі ақын атанып, атақты Ақан серімен, әулие Мәшһүр Жүсіппен, Иса Байзақовпен, өнер қайраткері Нұрлыбек Баймұратовпен айтысқа түскенін әңгімеледі. Нұрғожа Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесін үздік бітірген. Кейбір болыстарды шенеп сын айтқан. 1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін басып шығарғанда жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген.
Ертіс-Баян өңірінде туып-өсіп, ақ басты Алатауға қанат қағып, қазақ әдебиетінің айтулы сайыпқыранына айналған Қ.Бекхожиннің есімі отты жырлары арқылы ел есінде мәңгілікке сақталады деп сенеміз. Ақынның артындағы мол мұрасы қазақ әдебиетінің жауһарларына айналып, жыл өткен сайын жарқырай бермек.
Бүгінде Алматы, Павлодар қалаларындағы көшелер, Павлодар қаласындағы бір мектеп ақынның есімімен аталады.
ПАВЛОДАР