Туырылып түскен қазы-қарта мен жал-жаядан басқаға тәбеті тарта қоймайтын Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы қалың қазақ жылдық асы – соғымдарын байлай бастады. Елдегі ағайынның өз несібесі бар. Әңгіме қала тұрғындарының қазанына түсер ас жайында.
Биыл жылқының дидары жаман емес. Жаз бойы тілін тістеп қамауда тұрған қалың жылқы күзгі жиын-терін аяқталған соң өрісі кеңейіп, тәп-тәуір қоң жинап қалды. Оған күздегі апталап жауған ақ жауынның да игі әсері тиді. Кенезесі кеуіп жатқан дала мол ылғалдан кейін қайта көктеп, белес-белдер сары күздің өзінде түрін бермей, қара отқа мелдектеді. Буыны бекіп, сабағы қатқан шөп атаулының қоңыр күзде балбырай бусанып, балғын күйге түскенін кім көрген? Табиғаттың да біздің қиялымыз жетпейтін құдіреті шексіз-ау. Тіпті әлеуметтік желіде күздегі қызғалдақтың суреті жарияланып, телефонға үңілген тәмам жұртты таң-тамаша қылдырған. Табиғаттың күрт өзгергендігін осындай сирек кездесетін, жөпшеңді адамның ақылына сыймайтын құбылыстардан аңғаруға болады. Желтоқсандағы жаңбырды көріп отырғанымыз осы. Жер аяғы кеңіген соң жылқы ай жарымда жалы көтеріліп, қабырғасы жабылып, көбең күйге түскен. Ел ішіндегі малсақ қауым биылғыдай жылы соғымды даладан ұстап соя беруге болады деген берік болжамын айтып отыр. Әрі тым ұзата бермей, желтоқсанның орта кезінде жығып алған жөн.
Қыстың басы жауын-шашынды. Қазір қалада да, кең көсілген далада да тобықтан келер су көлкіп жатыр. Сай-саланы ғана емес, жалпақ жонды басып кеткен жаңбыр суы қатқан соң тебіндегі малға кәдік. Желдің өтінде, қарлы жаңбырдың астында лезде жілігінің майы кетіп, қабырғасы ырсиып арықтап қалады. Ауа райын болжайтын «Қазгидромет» филиалының мәліметіне қарағанда бірер тәуліктен соң аяз түспек.
– Желтоқсан айының алғашқы аптасы өтісімен Баренцева теңізі аудандарынан келген суық арктикалық ауаның салдарынан жауын-шашын тыйылып, күн күрт суыта бастайды. Ауа температурасы туған айдың алғашқы онкүндігінің соңында облыстың солтүстігінде 33-38, оңтүстігінде 20-25 градусқа дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы облыстың солтүстік жартысында тиісінше 25-30, оңтүстік жартысында 15-20 градус болуы мүмкін.
Аяз түскен соң қатып жатқан қара жерге сіңбеген судың бәрі көк мұзға айналары сөзсіз. Құтпан айғыр мен жілікті бие ғана сабағына көк мұз қатқан өліқауды теріп жер, ал жабағы-тайдың шамасы келе бермейтіндігі анық. Ендігі амал жылқы өрісі, мал жайылымын қуатты техникамен мұзын жарып, өріс ашу. Әйтпесе қыруар жылқы қолға қараса, жемшөбін тауып беру үлкен мәселеге айналмақ.
Қалалықтар соғым мәселесінде күмәнді күйде отыр. Оның басты себебі – соңғы жылдары жылқы атаулының дәрімен семіртілуі. Қазір іргедегі Омбы мен Түменнен арзан жылқы үйірлеп жеткізіліп жатыр. Тақырыпты тым жақсы білетін, жылқы етін сатуды кәсіп еткендердің айтуларына қарағанда, Ресейде жылқы арзан. Қазақ қадірлейтін жылқы етін орыстар дастарқан мәзіріне көп кіргізе бермейді.
– Қазір Ресейдің арзан жылқысы өзге жерді қайдам, Астана мен Көкшетаудың сауда сөрелерін жаулап алған, – дейді кәсіпкер Берік Қазбеков, – біздің жақтың жылқысының еті өтімді. Еттің дәмі де жылқының жеген шөбі мен ішкен суына байланысты ғой. Көкшенің көкорайлы жайлауында шүйгін шөп жеп, айдынынан су ішкен жылқының бәсі жоғары. Қазір кейбіреулер Ресей жылқысын Көкшетаудың жылқысы деп сатып жүр. Бұл арада бір айта кететін дүние, дәрімен семіртілген жылқының еті аппақ болады. Мүшелері де көз тартарлық. Бірақ сүйсініп жей алмайсың. Дәрінің қуаты бойынан шығып кетпегеннен кейін адам ағзасына да қауіпті болуы мүмкін. Ұшынғандар да, уланғандар да бар. Оның үстіне Ресейдің батпақты жерінде жайылған жылқының етінің дәмі де тіл үйірмей, қоға татиды, қазысының майы сиырдың еті сияқтанып қатып қалады.
Мал жайын жақсы білетіндердің айтуына қарағанда, Қамбар атаның тұқымын дәрімен семірткен мүлде дұрыс емес. Екінші бір қырынан алып қарағанда, осы жай малсақ қауымның төл малын сатуға қырсығын тигізеді. Неге десеңіз, сөреде аппақ болып жатқан арзан Ресей жылқысының еті өтімді. Ал жыл он екі ай бойы бейнеттеніп баққан малын өткізе алмаған малсақ қауымның үйдегі ойын базардың нарқы бұзып, шығынын жаба алмай отыр.
– Мал ішінде өскен біз жақсы білеміз. Ет таңдай білмейтін қаладағы ағайын қазы мен жаяның сыртындағы сарғыш реңді көріп, кәрі малдың еті деп ат-тонын ала қашады. Сарғаю кәріліктен емес, далада жайылғандықтан. Егер соғымын байлап, көк шөп пен сұлыға қойса оның да еті ағарады. Сондықтан сарғайғаннан қашудың қажеті жоқ. Қайта даладан жұмсалған мал табиғи таза болғандықтан, дәмі тіл үйіріп тұрады, – дейді Есенбай Кереев.
Мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым сәл де болса қоңданып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуы үшін сырттан келетін сапасы күмәнді, дәрімен семіртілген арзан жылқының аяғына тұсау салуы керек. Кеден арқылы, мұқият тексеру арқылы. Жайылымның тарлығынан, шабындығының аздығынан төрт түлік малын көбейтуге мүмкіндігі азайып, қалт-құлт етіп отырған малсақ қауым дәл бүгінгі қалыпта бәсекелестікке түсе алмайды. Ең бастысы, дәрімен семіртілгендіктен адам ағзасына қауіпті. Онсыз да жер-көкті жайлап кеткен химияның зардабы шаш-етектен.
– Қазір адамның сақтануға мүлдем мүмкіндігі жоқтай. Егіннің өзі – кілең химия. Тіпті ыстық аз болған жылдары күзге дейін пісіп үлгермеген бидайды дәрі шашып қатырып тастайды. Бәлкім содан болар, бүгінгінің нанын сүйсініп жей алмайсың. Көкөністің де жайы солай. Картоп екеш картопты да колорад қоңызынан тазалау үшін дәрі себеді емес пе, ол дәрі жауын суымен топыраққа сіңіп, түйнегіне дейін жетеді, – дейді қала тұрғыны Бауыржан Қаскеев, – енді оған дәрімен семіртілген жылқы етін қоссаңыз, адам ағзасына қауіп төндіретін қатердің қара бұлты қоюлана түспегенде қайтсін. Күнделікті тұтынатын сүттің өзі ұнтақтан жасалады. Дүкенге барсаңыз, сөреде апталап, айлап ірімейтін сүт сыңсып тұр. Ол ненің есебінен шыдамды, әрине, әртүрлі қоспалардан.
Көкшетаулық бір кәсіпкер осыдан он шақты жыл бұрын жүз гектар жерге ешбір дәрі қолданбай егін еккен болатын. Сол кезде өзінің әдетте тыс іс-әрекетін былайша түсіндірген.
– Күндердің күнінде денсаулығын ойлайтын дүйім жұрт экологиялық жағынан таза өнімге зәру болады, – деген болатын ол.
Кәсіпкердің сол пікірінің жаны бардай. Соңғы жылдары базарда қымызға су қосып сатады деген анық-қанығы белгісіз әңгіме желдей есіп тұр. Қазақты қымыздан бездірген – осы қарекет. Енді жылдық азығымыз – жылқы етінен зәрезап болатын болсақ, ұлттық асымыздың берекесі кетеді дей беріңіз.
Ақмола облысы