Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтің «Масс-медиа туралы» заң жобасына бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өмірін сақтандыруға қатысты норманы қосу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
Еліміздегі 5 мыңға жуық БАҚ-тың 90 пайызы жекеменшік екенін ескерсек, бұл мәселе көпті мазалайтыны айтпаса да түсінікті. Заң жобасының новеллаларын түсіндірген министр бұл сұрақтың біржақты мәселе емес екенін айтты. «Норма дұрыс, өйткені журналист төтенше жағдайлар немесе соғыс аймағындағы оқиғалар туралы ақпарат тарату барысында оның өмірін сақтандыру өте маңызды. Бірақ тағы бір мәселе – БАҚ – шағын және орта бизнес субъектілері. Сондықтан біз қазір осы норма бойынша олардың құқықтарына нұқсан келтірмеу үшін сараптама жүргізіп жатырмыз. Әрбір редакция өз журналистерін сақтандыруға міндетті деп санаймыз. Норманы барлық жағынан талқылаймыз: депутаттар да, жеке сараптама да өз анықтамасын береді», деді сала басшысы.
Ендігі жерде бұл мәселе ресми БАҚ-тар мен өз бетінше күн көріп жүрген журналистер арасында қалай реттелмек? Оның үстіне жыл өткен сайын тілшілердің өмірін сақтандыру әлемдік тұрғыда өзекті мәселеге айнала бастады. «Press Emblem Campaign» үкіметтік емес ұйымының мәліметтеріне көз салсақ, 2022 жылы дүние жүзінде 29 елдің 115 журналисі өз міндетін орындап жүрген кезде мерт болған.
Ал ЮНЕСКО деректері былтыр 86 журналист пен БАҚ қызметкері қайтыс болды дегенді алға тартады. Өз кезегінде халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) 2022 жылы қызмет бабында 67 журналист қаза тапты деген мәлімет берді.
Қалай десек те, қайғылы көрсеткіштер 2021 жылға қарағанда 45 пайызға жоғары. Журналистерді қорғау жөніндегі комитет БАҚ өкілдерінің қазасы көбіне Украина (15), Мексика (13), Гаитиде (7) тіркелгені туралы нақты мәлімет таратты. Қайтыс болған әріптестеріміз қаңғыған оқ, жазатайым оқиғалардың құрбаны болса, олардың ішінде қудалауға ұшырап, қасақана өлтірілгендері де бар...
Сонымен министрдің қоғам көкейінде жүрген жағдайды қозғауы ақпарат айдынында жүрген талай әріптесімізді елеңдетіп, осы бастамаға қатысты бірқатар сауалға жауап іздеуге түрткі болып тұр. Шындығында БАҚ қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау барысында сақтандыру бойынша заңға өзгерістер енгізу керек пе?
Жеме жемге келгенде министрдің бұл ұсынысы мүдделі тараптардың да қызығушылығын оятып отыр. Мәселен, еліміздегі сақтандыру мекемелері төтенше жағдайлар мен апат орындарынан хабар тарату маңыздылығын ескере отырып, журналистерді сақтандыру туралы министр Аида Балаеваның ұсынысы орынды деп есептейді. Дегенмен бұл норманы енгізу заңды жан-жақты талқылау мен сараптама жұмыстарын жүргізуді талап ететінін де ұмытпаған жөн.
Осыған орай журналистерді қызметтік міндеттерін атқару барысында жазатайым жағдайлардан сақтандыру туралы ұсынысқа қатысты «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Оксана Радченко кәсіби тұрғыда төмендегідей пікір білдіріп, тарата баяндап берді.
Алдымен 2005 жылы Қазақстанда заңнамалық деңгейде қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін (ЖОМС) атқару кезінде жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру туралы заң қабылданғанын еске салу керек.
Заң жұмыс берушілерге жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру туралы талапты белгілейді. Қызметкер қаза тапқанда немесе қызметтік міндетін орындау барысында еңбекке жарамдылық қабілетінен белгілі дәрежеде айырылған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккен адамның немесе оның отбасы мүшелерінің пайдасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға тиіс. Төлемдердің мөлшері мен ұзақтығы жәбірленушінің жалақысының көлемі мен оның қамқорлығындағы, асырауындағы адамдардың болуына байланысты (әдетте кәмелетке толмаған балалар немесе мүгедек ата-аналар) белгіленеді.
Оксана Радченко алға тартып отырғандай, ЖОМС туралы заңның қолданысына медиа саласында жұмыс істейтін мекемелер, кез келген басқа кәсіпорындармен қатар (шахтерлер немесе кеңсе қызметкерлері болсын), бұқаралық ақпарат құралдары жатады. Осылайша, БАҚ қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында оларды сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша заңнамалық өзгерістер талап етілмейді. Қолданыстағы заңнамамен аталған мәселелер реттеледі.
Осы арада ЖОМС заң жобасы аясында сақтандыру тек еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеп жүрген журналистке қатысты екенін айта кету керек.
Кәсіби тәуекел класы жұмыс берушінің экономикалық қызмет түріне байланысты анықталады. БАҚ қызметінің түріне байланысты (баспа басылымы, телевизия, радиоарна және т.б.) ұйым 1-ден 4-ке дейінгі (заңда белгіленген 22 екеуінің ішінен) кәсіптік тәуекел сыныптарына жатқызылуы мүмкін.
Дегенмен, журналистердің бірқатары БАҚ-тың штаттық қызметкерлері болып табылмайтынын (еңбек шарты жоқ), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (МЖӘ) бойынша фрилансерлер ретінде жұмыс істейтінін ескере отырып, осы санаттағылардың өз таңдауы бойынша Қазақстанның кез келген сақтандыру компаниясында жазатайым оқиғадан ерікті сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігі бар.
Ал енді жауынгерлік іс-қимыл аймағында немесе ТЖ кезінде қызметтік міндеттерді орындау мәселесіне келсек, журналист өз міндетін орындау барысында, яғни іссапар кезіндегі жазатайым оқиға – сақтандыру жағдайы ретінде қарастырылуы мүмкін.
Бұл ретте, егер сақтандыру жағдайы іскери қимылдар аймағында болса, сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың осы негізі заңнамада белгіленген және сақтанушының қызмет түріне байланысты қандай да бір ерекшеліктер жоқ.
ЖОМС туралы заңнамада ұйымдық-құқықтық нысан жағдайында кейбір Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерін міндетті түрде сақтандыруды қажетсінбейтін де нормалар бар болса, бұлар – ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік мекемелер, коммуналдық мемлекеттік мекеме, сондай-ақ республикалық мемлекеттік мекемелер.
Алайда «Qazaqstan», «Хабар» телеарналары, сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері сияқты мемлекеттік БАҚ акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде ұйымдық-құқықтық формаға ие. Осылайша, мемлекеттік БАҚ АҚ немесе ЖШС ретінде әрекет ететіндіктен өз қызметкерлерін ЖОМС шеңберінде сақтандыруға міндетті.
Осы арада азаматтық-құқықтық сипатқа ие еңбек шарты бойынша істейтін журналистер жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ЖОМС шеңберінде сақтандыруға жатпайтынын қоса кету қажет. Демек бұл тек штаттағы қызметкерлер сақтандырылады деген сөз.
ЖОМС келісімшарты жоқ, бірақ жұмыстағы жазатайым оқиғалар болса ше? Бұл мәселеде жасалған ЖОМС келісімшартының болмауы жұмыс берушіні еңбек қызметтік міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жауапкершілігінен босатпайды.
Азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңда белгіленген тәртіппен, ал дау туындаған немесе келген зиянды өтеуден бас тартылған жағдайда – сот арқылы жүзеге асырылады.
Жұмыс беруші жасасқан ЖОМС шарты болмаған кезде БАҚ қызметкері қаза тапқан немесе оның қызметтік міндеттерін орындау нәтижесінде кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін алған жағдайда, зардап шеккен қызметкер немесе оның қамқорлығындағы адамдар кейіннен жұмыс беруші жүзеге асыратын сақтандыру өтемімен бірдей өтемақы тағайындауды талап ете отырып, сотқа жүгінуге құқылы.
Алматы