Астанада қаржыгерлер жиналып, корпоративті басқару және осы бағытта туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді талқыға салды. Қатысушылар әр алуан пікір айтты, соның ішінде көбінің бір арнада тоғысқан көзқарасы – салаға жаңа стандарттарды енгізу жайы. Онсыз алға жылжу, бизнесті өркендету, өсімді арттыру күн санап қиындай бермек. Әрине, халықаралық тәжірибені дер кезінде ескеріп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп отыру да маңызды.
Үкімет басшысының орынбасары Ғалымжан Қойшыбаевтың айтуынша, Қазақстан тек мемлекеттік кәсіпорындарда емес, жеке секторда да есептілік ашық жүргізілетін корпоративті саясат енгізуді дұрыс деп санайды.
«Біз мемлекеттік компаниялардағы корпоративті басқару бойынша ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – ред.) басқарушылық ұстанымдарына қосылғымыз келеді. ЭЫДҰ стандарттарын корпоративтік басқаруға енгізу жаһандық капитал нарықтарын отандық компанияларға қолжетімді етеді. Биыл ЭЫДҰ кеңесі салалық министрлер деңгейінде корпоративтік басқарудың жаңартылған қағидаттарын қабылдап, кейіннен ол «Жиырмалық топ» көшбасшыларымен бекітілді. Тиімді стратегиялық және транспарентті менеджмент – ұзақмерзімді кезеңде компаниялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі элемент. Сол себепті Үкімет корпоративтік басқару үдерісіне озық тәжірибелерді енгізуге ерекше мән береді», дейді Ғ.Қойшыбаев.
Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов елімізде квазимемлекеттік сектордың қызметін және олардың мемлекетпен өзара әрекеттестігін реттеудің кешенді құқықтық базасы құрылған дейді.
«Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп бәсекелестікті дамытуға және мемлекеттік үлесті қысқартуға, экономикалық әрі экономикалық емес ұйымдардың аражігін ажыратуға, корпоративтік басқаруды жетілдіруге, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл тәсілдер ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелерімен және стандарттарымен байланыстырылды. Сонымен қатар тиімді әрі ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді», дейді вице-министр.
«Teniz Capital Investment Banking» директорлар кеңесінің төрағасы, қаржыгер Ғалым Құсайынов бізде корпоративті басқарудың әлі қалыптаспағанын, басшылардың жұмыс күшіне адал және әділ қарамайтынын айтты.
«Біріншіден, біздің елімізде ESG туралы өте көп айтылады, бірақ біз әлемдік лидерлермен бәсекелескіміз келетін жасыл экономика жағдайында (көміртегі бейтараптығы, су проблемасы, жаңғырмалы энергия көзіне көшу) ғана. Бұл – өте дұрыс бастамалар, бірақ ESG түсінігінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы – басқару қағидаттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дамығаннан кейінгі соңғы тақырып. Екіншіден, дамыған елдерде корпоративті басқаруды құрып, әлеуметтік жауапкершілікті дамытқаннан кейін ғана экология тақырыбы көбірек қозғала бастады. Батыс елдерінде ESG туралы айтқанда, олардың анықтамасы бойынша корпоративтік басқару және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері шешілген болып саналады. Бізде соңғы екі мәселе бойынша бәрі керемет емес және корпоративтік басқарусыз әлеуметтік жауапкершілікті құру мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Ал адам еңбегін қорғау мәселелерін шешпей, экологиялық мәселелерді шешуге көшудің мағынасы жоқ», дейді.
Оның айтуынша, Арселордағы, Қазақмыстағы трагедиялар, өнеркәсіптік өңірлердегі онкологиялық дертке шалдығу, өндірістегі мертігу бойынша статистика белең алып тұрғанда бизнестің жоғары деңгейлі әлеуметтік жауапкершілігі туралы сөз қозғау қиын.
«Біз әзірге жабайы капитализм кезеңіндеміз. Өйткені бізде жұмысшы құқығы үлкен мәнге ие емес, содан үнемдеп көбірек пайда тапқысы келеді. Уран кен орнында жұмыс істеп жүріп, Канададағы ірі кен орнына жолым түсті. Онда адам кенді қолымен ұстамайды, бәрін робот істейді және жұмыс үдерісі автоматтанған. Сосын барлық жерде бетперде және өте күшті желдеткіш пен аспирация бар. Біздің шахталарда желдеткіш пен аспирация ресми атрибут ретінде ғана жасалар еді. Қазақстандағы корпоративтік басқару қажеттіліктен гөрі формальдылыққа ұқсайды, ал тәуелсіз директорлар институты қалыптасу кезеңінде. Бүгінгі таңда банк секторы ғана азды-көпті жақсы құрылған корпоративтік ортамен мақтана алады және бұл елге ондаған миллиард доллар шығын әкелді. Сондықтан біздің әуелі ірі бизнесте және квазимемлекеттік секторда корпоративті басқаруды дамытумен айналысқанымыз маңызды. Содан кейін ғана еңбек жағдайы және әлеуметтік жауапкершілікпен айналысайық. Міне, осыдан соң ғана жасыл экономикаға көшуге болады», дейді Ғалым Құсайынов.
Еліміздегі кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексіне (2017 жылы) сәйкес Қазақстан «корпоративті әдеп» индикаторы бойынша 59-орын және «менеджерлердің кәсібилігі» индикаторы бойынша 104-орын алған (алдыңғы жылмен салыстырғанда сегіз позиция төмендеген).
«Осыған байланысты Президент халыққа Жолдауында корпоративті басқару мен менеджмент сапасын әлемдік деңгейге дейін көтеруді тапсырды. Үкімет бастамасымен корпоративті басқару бойынша Ұлттық кеңес құрылып, оның жұмысына жүзден аса сарапшы тартылды. Халықаралық мамандардың қатысуымен корпоративтік басқару кодекстері, оларды мемлекет қатысатын компанияларда және жеке компанияларда қолдану жөніндегі нұсқаулықтар дайындалды. Әзірленген стандарттар ұлттық палата төралқасының мақұлдауына ие болды және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісілді, одан бұрын корпоративтік директорлар, мемлекеттік және жеке компаниялардың корпоративтік хатшылары мен сарапшылар арасында кең талқылаулар ұйымдастырылды. Біздің ұлттық кодекс әлемдік тәжірибеге және ЭЫДҰ ұстанымдарына толық сай келеді. Оны құру кезінде біз ішінара ЕО ұсыныстарына, IFC стандарттарына және Ұлыбританияның корпоративтік басқару кодексіне сүйендік», дейді.
Сарапшының сөзінше, елде атқарылып жатқан біршама бастамаға қарамастан, корпоративті басқару жүйесі ұлттық холдингтер шеңберінде бөлшектене дамып жатыр.
«Бұл инвестиция тарту құралы ретінде озық халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған мемлекеттік және жеке акционерлік қоғамдар үшін базалық мемлекеттік ынталандырулардың болмауына байланысты. Оның орнына мемлекеттік назар қазір корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін бекіту сияқты мемлекеттік органдарға тән емес функцияларды орындау арқылы негізінен мемлекеттік акционерлік қоғамдарға аударылып отыр. Корпоративтік басқарудың ұлттық стандарттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық тетіктері жоқ», дейді арнайы уәкіл.
Бұл түйткілдерді шешу үшін келесідей қадамдарды жасау ұсынылады. Біріншіден, «сақта және түсіндір» ұстанымына негізделген корпоративті басқарудың ұлттық стандарттарын енгізу үшін заңнамалық жұмыстармен айналысу. Екіншіден, акционерлік қоғамдарды депозитарийдің веб-сайтында заңды жауапкершіліксіз, бірақ акционерлер мен инвесторлар алдындағы беделіне әсер ететін қаржылық есептілік туралы жыл сайын хабардар ету талабын заңмен бекіту. Үшіншіден, мемлекет қатысатын компаниялардағы директорлар кеңесіне мемқызметкерлердің қатысуын болдырмау мақсатымен тәуелсіз директорлар мен корпоративті хатшылар институтын дамыту бойынша іс-шаралар қабылдау. Төртінші ұсыныс – өкілетті орган және кәсіби қауымдастық ынтымақтастығы негізінде тәуелсіз директорлар мен корпоративтік хатшылардың бірыңғай реестрін құру.