• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Желтоқсан, 2023

Су ресурстарын жүйелеу кезеңі

161 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Су кеңесінің отырысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақ­стан­ның су қоры 102,3 текше шақы­рымды құрайды. Оның 54%-ы ел аумағында қалыптасады, ал қалған 46%-ы көршілес елдерден келеді. Экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның 65%-ы – ауыл шаруашылығына, 25%-ы өнеркәсіп қажеттіліктеріне жұмсалады.

Жалпы, түгендеу нәтижелері бо­йынша елімізде 17 736 өзен және уа­қыт­ша су ағындары, 4 024 көл, 4 540 жерасты су кен орындары, 13 175 су шаруашылығы құрылымдары бар.

Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәсе­лесін шешу үшін Су саласын дамы­тудың 2023-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидро­тех­ника­лық құрылыстарды, иррига­ция­лық жүйелер мен топтық су құбыр­ларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шараны қамтиды.

Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін 2,2 млн гек­тарға дейін ұлғайтуға, егіндік суы­ның жыл сайынғы шығынын 3 тек­ше шақырымға азайтып, 55 мың тұр­ғыны бар 41 елді мекенді сумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25%-ға төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар 9 облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл қосымша 74 мың гектар суар­малы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, 70 мың тұрғыны бар 64 елді мекенді су басу қаупін азайтады.

Сонымен қатар ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, суару арналарын цифрландыру, Қ.Сәтбаев атындағы стратегиялық каналды жаңғырту жұмыстары және т.б. жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін салуға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұл 2026 жылға қарай оңтүстік өңірлерде су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жер көлемін 42%-ға (613,6 мың га) дейін ұлғайтуға және 1,5 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр жоспарлан­ған іс-шараларды іске асыруға отандық компанияларды, оның ішінде құрылыс материалдарын өндірушілерді белсен­ді тарту, ал тұтынылатын су көлемін анықтау үшін ғарыштық мониторинг технологияларын дамытуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы саласында суды тиімді пайдалану.

«Біз жыл сайын 150 мың гектар суармалы алқапқа су үнемдеу техноло­гия­ларын енгізуге тиіспіз. Қазір жылына 40-50 мың гектар ғана қамтыл­ған. Бұл ретте су тапшылығынан ең көп зардап шегіп отырған оңтүстік өңір­лерде үнемдеу технологияларын ен­гізу көлемі жеткіліксіз. Жыл соңы­на дейін су үнемдеу технология­ларын қол­дануды ынталандырудың нақты тетік­терін әзірлеу қажет»,  деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы көптеген мәселенің шешімін таппай отырғанын атап өтті. Олардың қатарында Ұлттық гидрогеологиялық қызметті құру, «Қазсушар» РМК-ны реформалау, Каспий теңізінің проб­лемалары бойынша институт құру, сондай-ақ суаруға арналған тарифтерді бекіту бойынша, жерді гидромелиорациялау және жерасты суларының мониторингі бойынша функциялар­ды беру, жалпы, су саласын цифрлан­дыру мәселелері шешілмеген. Осыған байланысты Үкімет басшысы аталған бағыттардағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.