Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылау бойынша кеңес өтті.
Басқосуда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мемлекеттік бағдарламаның жобасын жан-жақты түсіндіре келе, оның мақсаты экономиканың және азаматтардың әл-ауқатының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту үшін оны түбегейлі жаңғырту болып табылатындығын айтты.
Жиынға қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Шәкір Ыбыраев Үкімет басшысының қатысуымен талқыға түскен бұл жоба сапаны көтеруге, жоо-ның өз ерекшеліктерімен дамуына мүмкіндік беретін құжат екендігін және аталған бағдарлама мемлекетіміздің негізгі құжаттарының бірі болатындығына сенімді екендігін айтса, Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов білім мен тәрбиенің қатар жүретінін, жоо-да тәрбие жөніндегі мамандардың аз екендігін, аталған бағдарлама жастар тәрбиесіне де өз пайдасын тигізеді деген үмітте екендігін жеткізді.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде педагог мәртебесін көтеру, шағын жиынтықты мектептердің даму стратегиясын жүзеге асыру, “e- learnіng” электронды оқыту мен жан басына шаққандағы қаржыландыруды (ваучерлік) енгізу, білім беруді басқару жүйесін жұртшылықты тарту арқылы жетілдіру сияқты көптеген мәселелерді шешу жоспарланған.
Педагог мәртебесін көтеру үшін педагогикалық қызметкерлер еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру қолға алынбақ. Осылайша 2016 жылы жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы мұғалімдердің жетпіс пайызы біліктілігін арттырмақшы. Бұл өз кезегінде кәсіби шеберлік деңгейі бойынша педагогке қойылатын талаптарды жоғарылатпақ. Педагогтарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру сапасын қамтамасыз етуді бақылау үшін еліміздің барлық аймақтарында тәуелсіз аттестациялық агенттіктер құрылады. Сондай-ақ еліміздің білім беру мекемелерінде “e- learnіng” электронды оқыту жүйесі енгізіліп, 2010-2015 жылдар аралығында әр педагог АКТ қолдану бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтпек.
2020 жылға қарай ауылдық және қалалық жерлерде балабақша тапшылығы толығымен шешімін табады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы – жеке меншік, отбасылық, ведомстволық, мемлекеттік желісін дамыту көзделіп отыр. Осы бағытта басым міндет “Балапан” мемлекеттік бағдарламасына артылуда. Оған қоса, оқу бағдарламалары жаңартылып, оқу әдістемелік кешендер әзірленбек.
Отырысты қортындылай келе Үкімет басшысы бағдарлама жобасының жақсы екенін, еліміздің әрбір азаматы бұл бағдарламаны талқылауға қатысуы керектігін атады. Сондай-ақ ол Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын екі айдың ішінде пысықтауды тапсырды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.