• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Желтоқсан, 2023

Өңірдегі өркенді өзгерістер

124 рет
көрсетілді

Еліміздің Солтүстік қақпасы атанған Петропавл қаласы жыл сайы­н жаңғырып келеді. Шаһар экономикасының драйвері өнеркәсіп болса, биылғы 10 айда олар 349,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 289,2 млрд теңгеге жетті. Машина жасау саласында 138,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оң динамика тамақ өнімдерін өндіруде де байқалады.

Бұл аралықта негізгі капи­талға салынған инвести­ция көлемі  131,8 млрд теңгеге жетті. Оның негізгі үлесі жеке инвес­ти­цияларға тиесілі, ол 80,7% болып отыр. Биыл қалада 2 444 жаңа жұмыс орны пайда болса, соның 651-і инвестициялық жобалардың жемісі. Облыс орталығындағы жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқан сала – құрылыс. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 47 алаңда жүргізілуде. Қала әкімі Серік Мұхамедиев өткен жылы ғана Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің лауазымынан ауысып келген. Ол өзіне жүктелген маңызды міндет – құрылысы аяқталмай, ұзаққа созылып кет­кен 16 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бітіру екенін айтты. «Бүгінгі таңда негізгі бөлігінің құрылыс жұмыстарын аяқ­тауға қол жеткіздік. Жу­ырда әрқайсысы 100 пәтерлі алты үйді пайдалануға беріп, тұр­ғындарға кілттерін табыс еттік. Абаттандыру жұмыстарын келесі жылы жасаймыз. Жалпы айтқанда биыл 22 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, 2 мыңнан артық отбасы жайлы пәтерлерге қол жеткізеді», деді ол.

Қалада үй салумен қатар тұр­ғын үйлердің кондоминиум ны­сандарына жататын коммунал­дық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы да іске асырылуда. 2023 жылы бұл іске 130 млн теңге қаражат бөлініп, 15 үйдің төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, 5 үйдің жеделсатылары ауыстырылды. Жоспарда әлі де 9 үйдің шатырын жөндеп, 4 үйдің 22 жеделсатысын ауыстыру міндеті тұр.

Қызылжар өңірінде жеке­меншік тұрғын үй салушыларды қолдау жұмыстары да үнемі жүр­гізіліп тұрады. Мәселен, жекеменшік тұрғын үйлер легі бой түзеген «Солнечный-2» ша­ғы­науданына 68 шақырымдық су құбыры тартылып, 53,9 ша­қырым жолы жөнделді және 103 шақырымға электр жүйелері жүр­гізілді.

Қаланың бір «қайғысы» – жылу жүйелерінің тозуы. Бұл жұ­мыстарды жүргізетін «Петропавл жылу жүйесі» ЖШС қарамағында 229 шақырым құбыр болса, соның 72,16%-ы тозған. Биыл бар болғаны соның 8,3 шақырымына жөндеу жүргізілді. Қазір қаланың ана жер мына жерінде тесілген құбыр­лардың шығып жатуы осы тоз­ғандықтың кесірі. «Бұл мәселе бір жылда шешілетін жұмыс емес. Біз оны кезең-кезеңмен ең­серудеміз», дейді әкім.

Қаланы ауыз сумен жабдық­тайтын «Қызылжар су» ЖШС балансында 344 шақырым құ­быр бар. Кәсіпорын шайынды суды шығаратын құбырларды да бақылайды. Бұлардың су құ­бырлары да 57,9% тозған. Биыл ауыз су құбырының 3,5 шақырымы, шайынды су құбырының 2,1 ша­қырымы жөнделді.

Қаланы электр жүйесімен қам­тамасыз ететін «СК РЭК» АҚ балансында 704,5 шақырым жо­ғарыдан тартылған желі және 393,5 шақырым кабельдік линия бар. Бұлардың жарақтарының тозуы да 89 пайызға жетіп отыр. Биыл соның 4 шақырымы жөнделді.

Облыс әкімі қызметінен Ауыл шаруашылығы министрі қыз­­ме­тіне ауысқан Айдарбек Сапа­ровтың бастамасымен 2023 жылы қаланың жолдарын жөн­деу жұмыстары күрт артқан еді. Шұрық-тесік жолдардың көбі қазір қалпына келіп қалды. Жөн­деу жұмыстарына 8,2 млрд теңге бөлініп, 47 көшенің жолдары дұрысталды. Бірақ «Жол актив­терінің сапа орталығы» меке­месінің облыстағы филиалы жөнделген 7 көшенің жұмы­сын сапасыз деп тауып, оларды қабылдаудан бас тартты. Енді оларды жөндеу 2024 жылға қал­дырылып отыр.

Биыл қалада барлық 593 ау­ла­лық аймақтың 34-не балалардың ойнау және 42-не спорттық алаң­дар тұрғызылды. Сонымен қатар 15-не тас жолдар төселді. Ал 2024 жылы 90 аулалық аймақты жөндеу жоспарланып отыр. Осы арада қала әкімдігі үшін үлкен алаңдатушылық тудырып отырған бір проблема бар. Ол – аулаларға Кеңес заманында орнатылған гараждар. Оларды бұзу тұрғындардың өкпе-ренішін тудырады, кейбіреулер тіпті айғай-шу шығарғысы келеді. Соған қарамай биыл 147 темір гараж алынып, олардың орнына автотұрақ, балалар алаңдары орнатылды.

Петропавл қаласының ішінде 18 маршрут бойынша күніне 185 автобус рейске шығып, қала тұрғындарын тасымалдайды. 2021 жылы семейлік 100 автобус сатып алынып, автобус паркі 51 пайызға жаңартылған. Та­сы­мал жұмысымен айналысатын «Kyzylzhar Buses» ЖШС тағы 10 жаңа автобус сатып алды. Ал 2024 жылы автобус паркін жаңарту 65% жетеді деп жоспарланып отыр.

Қала әкімі С.Мұхамедиевтің айтуына қарағанда биыл қалада 5 735 адам жұмысқа орналастырылыпты. Соның ішінде жа­­ңа­дан пай­далануға берілген және бұ­рынғы кәсіпорындардың ұлғай­тылуының нәтижесінде 2 665 адам жаңа орындарға тұр­ғызылған. Әлеуметтік әлсіз топ­тардың бизнес жобаларын қолд­ауға 1,4 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар 48 адамның бизнес-жобасын іске асыруына 62,4 млн теңге берілген. Мерекелік күндерге байланысты атаулы әлеуметтік және тұрғын-үйлік көмек 11 600 адамға жасалып, оған 1 млрд 242 млн теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда Қызылжар қа­ласында 92 жалпы білім беретін мектеп бар. Оларда 30,6 мыңдай оқушы оқиды. Мектепке дейінгі 7 764 бөбек балабақшалармен қамтылған. Жалпы, 3 пен 6 жас ара­сындағы бөбектер бүгінгі таңда толықтай балабақшамен қам­тыл­­ғанын айта кету керек. 2023 жылы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 83 млн теңге қаражат бөлінген.

Енді облыс орталығының дәл түбіндегі Қызылжар ауданының жай-күйіне тоқтала кетейік. Бұл аудан – 1997 жылы Бескөл мен Соколов аудандарының бірік­тірі­луінен құрылған әкімшілік бөлініс. Жер көлемі – 6,1 мың шаршы шақырым, халқының саны 45 мыңнан асады. Ұлттық үлесін алатын болсақ, орыстар – 57, қазақтар – 32 пайыздай, қал­ғандары басқа этностардың өкіл­дері. Аудан орталығы Бескөл ауыл­ы Қызылжардан 12 шақырым ғана жерде. Облыс орталығына жақын болғандығының арқасында ауданның инфрақұрылымы бі­р­шама жоғары дамыған.

Биыл мұнда алты ірі инвес­тициялық жоба іске асырылып, 130 жаңа жұмыс орындары ашылған. Облыс орталығын азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті негізінен осы ауданның мойнында. Іске асырылған жобалардың арасында сүт фермасы мен құс етін өндіру фабрикасының болуы да содан. Биыл 5 ауылда тауарлы-сүт және бір қой шаруашылығы фермасын іске қосу қолға алынып, олардың жұмыстары аяқталып келеді.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 80 адамды жұ­мыспен қамтыған 47 жаңа өн­діріс орны ашылды. Жаңа бизнес-идея­ларды жүзеге асыруға тырыс­қан 22 тұрғын мемлекеттік грант алған. «Ауыл аманаты» бағдарламасына 47 адам қатысып, оларға 415 млн теңгенің несиесі берілген.

Аудан әкімі Жанат Сәдуақа­совтың айтуына қарағанда аудан­дағы 15,5 мың ауланың 13 мың­дайы, яғни 84%-ы таза ауыз сумен қамтылған. «Президенттің талабына сәйкес 2025 жылға дейін халықты толықтай таза ауыз сумен қамту жұмыстарын жүр­гізудеміз. Биыл «Соколов су құбыры тобына» қарайтын Архан­гелка, Новокаменка, және Пень­ково ауылдарында құбырды жаңалау жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстар 2024 жылы тағы алты ауылда жалғасатын болады», дейді әкім.

Аудан аумағынан 751 ша­қырым жол өтеді, оның 336 ш­ақы­рымы республикалық, 156 км облыс­тық маңызы бар тасжолдар. Қалғаны аудандық маңызы бар жолдар, кейінгі жылдары соның 129 ша­қырымы жөндеуден өткізілді. Биыл 7 ауылішілік жол күрделі және ағымдық жөндеулерден өткізіліп, Шаховское мен Рассвет ауылдарының кіреберіс жолдары жөнделді.

Бүгінгі таңда Қызылжар ауда­ны ауылдарының 92%-ы жарық­тандырылған. Енді барлық ауыл­ға жарық тартқызу жоспарға қо­йылып отыр. Облыс орталығына жақын болғандықтан ауданда жекеменшік үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде аудан орталығында 2 бес қабатты тұрғын үй тұрғызу қолға алынған. Олар ауданда кезекте тұрған 901 отбасылардың санын біразға азайтуға тиіс. Кезекте тұр­ғандар арасында 83 көпбалалы отбасылар бар.

Инфрақұрылымы жоғары бол­ғандықтан бұл ауданның ауыл­шаруашылығы жерлерін алу­шылар кезінде көп болған. Алай­да соның біразы жерді дұрыс пай­даланбай, қаржылық күш-қуаты болмаған соң тастап кеткен екен. Енді соның 30,9 мың гектары мемлекеттің жер қорына қайтарылды.

Ауданның жалпы білім беретін мектептерінде қазір 6 576 оқушы бар. Былтырғымен салыстырғанда оқушылар саны 113 адамға артқан. Олардың біразы аудан орта­лы­ғына тасылып оқытылады. Ден­саулық сақтау және мәдениет сала­сының нысандарына да жөн­деу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Биыл 4 амбулатория және 12 мә­дениет ғимараттары жөндеуден өткен. Бірақ әлі де 22 ауылдық ФАП-тарға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ал Прибрежный мен Якорь ауылдарында дәрігерлік амбу­латорияның құрылысы аяқ­талуға жақын.

Ауыл спортын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Соңғы жылдары мұндағы 14 ауылда спорттық кешендер іске қосылған, ал 30 ауылда балалардың 42 ойнау алаңдары тұрғызылған. Келесі жылы Асан, Боголюб, Виноградов, Подгорный және Пеньков ауылдарында жаңа спорт алаңдарын тұрғызу жоспарланған.

Міне, Петропавл қаласы мен оның іргесіндегі Қызылжар ауда­­нының бүгінгі хал-ахуалы қысқа­ша айтқанда осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы