Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әрқайсысы 1 060 орындық, жалпы 3 180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында салынғалы жатқан жатақханалар 2024 жылдың күзінде аяқталады.
Тоғыз қабатты үш жатақхананың жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді, ал ғимаратты салуға бөлінген аумақ 1,24 гектарды құрайды. Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. 70 шаршы метрлік толыққанды жабдықталған бір бөлме 4 адамға арналған.
Оның ішінде үш жатақханада инклюзивті білім беру талаптарын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі білім алушы жастарға арнайы 132 төсек-орын қарастырылған.
Салтанатты шараға университет басшылығы, ҚазҰУ ардагерлері, инвесторлар, БАҚ өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Жаңадан бой көтеретін жатақханалар Президент тапсырмасымен, ҚР Үкіметінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Сәуір айында ІІ кезеңнің басталуына байланысты естелік капсула салынған болатын.
«ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспары бойынша қалашықта жалпы 12 жатақхана, 8 оқу корпусы бой көтереді. Басты мақсат – білім алушылар үшін тұрғынжай тапшылығын қысқарту.
Жаңа жыл қарсаңында 4 оқу корпусы, қаңтар айында 35 000 шаршы метр емхана құрылысы басталады. Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті, стоматология жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, қызметкерлерге арналған тұрғынжай, инновациялық орталық, IT хаб, спорттық-сауықтыру орталығы т.б ғимараттар салынады.
ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл құрылыс жұмыстары алдағы 3 жылға жоспарланып отыр. Алдағы күзде ҚазҰУ 90 жылдығын салтанатты түрде атап өтеді. Бұйыртса, осы қуанышқа орай алғашқы жатақхана пайдалануға беріледі», деді ректор өз сөзінде.
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 15 жатақхана бар. Онда оқу ордасының 6 мыңға жуық студенті орналасқан.
АЛМАТЫ