• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Желтоқсан, 2023

Инвестиция орнына тариф: Халықты жылумен қалай қамтамасыз етуге болады?

177 рет
көрсетілді

Астанада «Қазақстан электр энергетикасы қауымдас­ты­ғы­ның» кеңейтілген жалпы жиналысы өтті. «Қазақстанның энергетика саласын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы жи­налысқа энергетикаға жауапты мемлекеттік орган өкілдері, жылу және энергия өндіруші кәсіпорындардың басшылары мен са­ланың жетекші мамандары қатысты.

Кейінгі жылдары Үкімет энергетика секторымен тығыз байланыста жұмыс істеуді қолға алды. Өйткені қазіргі таңда электр қуаты мен жылу энергиясына деген сұраныс артып, тұтыну көлемі күн өткен сайын өсіп келеді. Алайда электр энергиясын өндіруші кә­сіп­орындар мен жылу тарататын орталықтардың өндірістік қуа­тын арттырып, тұтынушыларды то­лық қанағаттандыруда бірқатар түйткілді мәселелер тұр. Бірін­ші­ден, энергетика саласы жеткіліксіз қаржыландырудың салдарынан алға баспай келеді. Екіншіден, тозығы жеткен жылу электр орталықтары жаңғыртуды, жаңартуды қажет етеді. Үшіншіден, тариф мәселесі. Электр және жылу қызметі үшін нарықтық тариф қалыптаспай отыр. Ал тариф құнын өсіру қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салады. Дегенмен нарыққа сай тариф белгіленбесе, энергетика саласында жаңғыру болмайды. Соның салдарынан энергия мен жылу өндіретін орталықтар жұ­мы­сын­да істен шығу қаупі туындайды. Осы ретте сала мамандары «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ұсыныстарын ортаға салды. Яғни қарапайым халыққа қолайлы, энергия өндірушілерге тиімді ортақ тарифті айқындап алуды ұсынып отыр.

«Орталық Азия электр энер­ге­тикалық корпорациясы» АҚ ак­цио­нері Сергей Кан­ның айтуын­ша, шынымен де мұқ­таж тұты­ну­шылар тобына қолдау көр­сетілуі керек. Яғни тұтыну­шы­лар­дың әлеуметтік қорғалмаған санатын біз субсидиялауымыз қажет. Олардың тарифін көтеруде өте мұқият болу керек. Мұндай тәжірибе пандемия кезінде Астана мен Павлодарда қолданылды. Аталған қалаларда мұқтаж тұтынушылардың шоттарына тиісті қаражат аударылды. Біз осы санаттағы тұтынушы шығындарының субсидиялануына сенімдіміз», дейді Сергей Кан.

Энергия мен жылу өндірісіндегі қордаланып қалған мәселелерді шешу тек қана осы сектордың қаты­сушыларын ғана емес, мемле­кеттік құзырлы органдарды да алаң­датып отыр. Алаңдауға негіз де жоқ емес. Еліміз бойынша жылу электр орталықтарының тозығы жеткен. Энергетика министрлігінің мәліметінше 95 пайызға дейін тозған, қайта қалыпқа келтіруге келмейтін стансалар бар. Айталық, жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орта­лығының 19-ы қызыл ай­маққа, 11-і сары, 7-і жасыл ай­маққа кірген. ЖЭО жабдық­та­рының орташа тозу деңгейі 66%-ды құрайды. Ал Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы ЖЭО жағдайы, тіпті, қиын. Ондағы тозу көрсеткіші 80%-дан асып кеткен. Демек жылу маусымында тозығы жеткен стансаларда штаттан тыс жағдайдың болмауы­на ешкім кепілдік бермейді. «Қазақ­стан­ электр энергетикасы қауым­дастығының» төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, сек­тор мамандары аталған проблеманы шешуде мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет ету қолға алынған.

«Апаттарды болдырмаудың бірден-бір жолы – кәсіпорынға ең жақсы қолжетімді технологиялар­ды енгізу. Сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу комитетімен келіссөздерден кейін біз жалақы негізінде тарифті реттей алдық. Соның нәтижесінде кейбір өңір­­лерде жалақыны 40%-ға дейін көтердік. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігімен де келіс­сөздер жүргізіп жатырмыз. Алға басу бар. Дегенмен ведомст­во­аралық үйлестіру жағынан ақсап тұрғандығын сеземіз. Яғни бір мемлекеттік орган бізге бір нәрсені, екінші ведомство басқа нәрсені айтады», деді Талғат Темірханов.

Биыл жылу және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеу жұ­мыстарына 146 млрд теңге жұм­сал­ған. Оның 16 млрд теңгесі энергетикалық кәсіпорындар тарапынан бөлінсе, 20 млрд теңге Үкімет резервінен бағытталған. Осы ретте сала мамандары бұл сек­торға мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Инвестиция орнына тариф» жаңартылған бағ­­дар­ламасын іске асыру қажет­тігін айтып отыр.

«Инвестиция орнына тариф» бағ­дарламасына тәуелдіміз. Бағдар­лама стансалардың жабдық­тарын жаңғырту мен жөндеуге нақты мүмкіндік береді. Басқа қаржы көздері жоқ. Бүгінгі басты міндетіміз – өткен жылдары «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасында жіберілген қателіктерді саралап, қорытынды жасауымыз керек. Соның нәтижесінде жылу жүйесін ретке келтіріп, инфрақұрылымды тариф негізінде жөндеп, жаңалай аламыз», дейді «Қазақстанның са­ла­лық энергетиктер кәсіподағы» төрағасы Оразбек Бекбас.

Үкімет энергетика саласындағы мәселелерді жүйелі түрде шешуді көздеп отыр. Қазігі таңда саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы әзір­ленді. Тұжырымдама аясында энергетиканы дамыту жобаларына қатысатын кәсіпорындарға (ке­мінде 20 пайыз) 7 пайыз мөл­шер­лемемен 20 жылдан аспайтын мерзімге жеңілдетілген несие беру көзделген. Бұл жылу орталықтарын жаңғыртуға жақсы мүмкіндік туғызады.

Айта кету керек, 2024 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Ол ұзақмер­зімді жоспарларды жүзеге асы­руға және орталық пен жергілікті атқарушы органдар мен нарыққа қатысу­шыларды өзара жүйе­леуге жол ашпақ. «Қазақс­тан электр энергетикасы қауым­дас­тығының» мақсаты да сол – тариф саясатын, секторға жеңіл­детілген несиелеуді енгізу және саланы реттейтін бірыңғай мем­ле­кеттік жүйені анықтап алу. Жиналыс қорытындысы бойынша энергетикалық қоғамдастық, Қазақстанның энергетика саласын дамыту жөніндегі барлық ұсы­ныс бір жерге тоқай­лас­тыр­ды.