Көкшетаулық Милана – жергілікті ұлттың тілін ғана емес, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан мазмұнды да мағыналы салт-дәстүрін жетік меңгерген жанның бірі. Тіпті бар болмысы, жан дүниесі қазақыланып кеткен.
Облыс орталығында қазақ тілінің бар нәшін келтіріп, мүдірмей, барынша шешен сөйлейтін жас қызға таңырқап қарайтындар аз емес. Жергілікті ұлт тілінің кірпігі ғана қимылдап, өз ағайынымыз өз тілінде сөйлеуге шорқақ болып жатқан жерде түрі басқа бойжеткеннің өз ойын еркін білдіріп, тілдің бар шырайы мен шұрайын келтіретіндігі қызық көрінетін. Ел таңырқаған елгезек қыз туралы аз-кем әңгімелеп берсек, жарасымды болмақ. Өзгелер өнеге алсын, тіпті өзіміздің өз тілінен жеріген замандастары да.
Милана Тарасова Зеренді ауданындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Ұялы ауылында өсті. Кілең қазақтың іші. Бес жасында жергілікті мектептің табалдырығын аттады. Даярлық сыныбына барды. Тілі қазақша шыққан. Тек қазақ тілінде ғана ойлайтын балдырғанның білімге деген талабы тәп-тәуір еді. Ата-анасы Вера мен Анатолий Тарасовтар бауыр еті балаларының қазақ тілінде білім алуына еш қарсылық білдірген жоқ. Қайта ырыздығын осы даладан теріп жеп, жергілікті ұлтпен тонның ішкі бауындай араласып кеткендіктен тұлымы желбіреген қыздарының көрші-қолаңның балаларымен бауыр басып, қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көргенде қуанатын. Өздері де салт-дәстүрді бір қазақтай біледі. Кілең жергілікті ұлт өкілдері тұрған ауылда күн кешкен соң көрші-қолаңмен дәм-тұзы араласпай тұра ма? Қыздары да ата-анасының ықпалымен қазақ халқының бар салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын бір кісідей меңгеріп кетті. Үйрену, білу бір басқа, өзін құтты қазақтың қызындай сезіну, осы топырақтың қасиетін бойына сіңіріп, болмысы толайым қазақжанды болу ғажап қасиет. Милана бастауыш сыныпта оқып жүргенде қазақ тілін жетік меңгергендіктен, өзге ұлт өкілдері арасында өтетін тіл сайыстарына үзбей қатысатын. Қазақтың қызынан еш айырмашылығы жоқ болғандықтан, аудандық, облыстық байқауларда сан мәрте бас бәйгені иеленді. Оның ішінде аудандық «Тіл дарын» олимпиадасы мен «Махамбет оқулары» сайысында жарқырай көрінді.
– Мен әсіресе, ұлы Абай мен Махамбеттің, Мұқағалидың жырларын түпнұсқадан оқығандықтан, жақсы түсінемін, – дейді Милана. – Бір-екі рет оқысам болды, жадымда жатталып қалады.
Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін бірнеше колледжге түсуге мүмкіндігі бар еді. Мәдениет қызметкері, мұғалім болғысы келген. Кейін журналистиканы көңілі қалады. Павлодардағы С.Торайғыров атындағы университетке түспекші де болды. Әйтсе де, қыздарын жерге, күнге тигізбей, әлпештеп өсірген ата-анасы алысқа жібергісі келмеген. Туып-өскен, бауыр басқан, өзі жанындай жақсы көретін Көкшетауда да жоғары білім алуға әбден болады. Қазір Милана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы факультетінде білім алып жатыр. Ал көңіл түкпіріндегі журналист болсам деген арманы әлі де жас жанына жай тапқызбайды. Облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында ұйымдастырылған журналистика үйірмесіне үзбей барып жүр. Милананың қабілет-қарымын, тіл шеберлігін байқаған ұстаздары облыс орталығында жиі өтетін мәртебелі жиындарды жүргізуді сеніп тапсырады. Оқуымен бірге тіл үйрету сабағын өзі де жүргізіп жүр.
– Меніңше, тіл үйрену үшін ең алдымен орта керек, содан соң елге, жерге деген перзенттік махаббат болуы шарт, – дейді Милана. – Көкшенің төңірегіне көз салып қараңызшы, қандай ғажап сурет! Тіпті тілмен сипаттау мүмкін емес. Көк мұнарға малынған көгілдір шоқылар, мөлт-мөлт етіп жатқан айна көлдер, аппақ қайың ғажап әлем емес пе? Егер осындай сұлу да сымбатты өлкеде тусаң, оған қалай ғашық болмассың? Бұл жер қазақтың жері, сондықтан біз жергілікті ұлттың тілін үйреніп, дәстүрін меңгеруді парыз санаймыз.
Жазғы демалыс кезінде қалалық сотта жастар тәжірибесінен өткен ол жеке кабинет жабдықтап, «Erekshe soile» курсын ашты. Бәлкім сабақты қызғылықты өткізетіндіктен шығар, Милананың курсына аз уақыттың ішінде келушілер қатары көбейе түсті. Олардың арасында әлденеше ұлт өкілдері бар, жастары да әрқилы. Сабағына қатысып көрген ата-аналар дән разы.
Тәжірибесі сәл толыса келе, жергілікті ұлт тілінің жанашыры, онлайн және офлайн форматта жеке әрі топпен тіл үйрету сабақтарын жүргізе бастады. Өз айтуына қарағанда, тыңдаушылары аз уақыттың ішінде кәдімгідей тіл сындырып, төселіп қалады екен.
– Қаршадай қыздың осы бір ұлт үшін істеп жатқан еңбегін көргенде іштей риза боласың, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Алмажан Сәрсенбай. – Миланаға қарап отырып, өз немерелерімнің тіл білмейтіндігіне қысылатын едім. Қолдарынан жетектеп әкеліп, табыстадым. Шынтуайтында, қазақ баласының өз тілін өзгеден үйренгені намыс тәрізді болып көрінеді. Бірақ амалым бар ма?
Милана облыс орталығындағы Достық үйінде мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығының төрайымы. Әртүрлі тақырыпта мақалалар жазады. Аудармамен айналысады. «Мен қазақша сөйлеймін» челленджіне қатысып, облыстық сот төрағасының Алғысхатына, «Маған қазақша сөйлеу ұнайды» байқауында бас жүлдеге ие болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Ең бастысы, Көкше жұртшылығы өз тілінде сөйлеп, іші-бауырыңа кіріп тұратын әдемі қыздарын көрген сайын құрмет көрсетеді. Өткен жылдың желтоқсан айында Милана Тарасова «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Менің Қазақстаным» деректі фильміне түсті. Түсіру тобы Милананың ауылына барды. Ата-анасынан, мұғалімдерінен, жерлестерінен сұхбат алды.
Өз басы балаларын орыс сыныптарына берген қазақтарды көргенде, тітіркенетіні бар. Шіркін, осылар қазақ тілінің қаншалықты бай, әдемі, әуезді екендігін білсе ғой дейді ішінен. Күндердің бір күнінде Алтайдан Атырауға дейінгі аттың тұяғын тоздырып, сұңқардың қанатын талдыратын сайын дала қазақ тілінде сөйлеп, сол тілде ән салып, жыр жырлап тұрғандығын аңсайды. Сол күнге жетсем дейді.
Санаға салып салмақтасаң, арманның әдемісі осы емес пе?
Көкшетау