Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында жетісулық көпбалалы аналар көптен күткен баспаналарына ие болды. Жеке үйлер мен пәтерлердің кілті Талдықорған қаласы мен Көксу ауданының тұрғын үй кезегінде тұрған аналарға берілді. Осылайша, 35 отбасы қоныс тойын тойлады.
Ел ішінде әлеуметтік қолдауды күшейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі – көпбалалы аналарды баспанамен қамту. Осы бағытта облыс орталығында әлеуметтік осал санаттағы 28 отбасы үйлі болды. Оларға бір, екі және үш бөлмелі баспана кілттері табысталды. Берілген тұрғын үйлер қаланың «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» шағын ауданынан және Қадырғали Жалайыри даңғылында орналасқан. Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қуанышы еселенген жандардың қатарында көп балалы ана Бақыт Бозтаева да бар.
– Осы күнді ұзақ күттім, тұрғын үй кезегінде 10 жылға жуық уақыт тұрдым. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Алты баланың анасымын, «Күміс алқа» иегерімін. Балаларымның өз шаңырағы, жылы әрі жайлы баспанасы болғанына шексіз қуаныштымын, – деді ол.
Кейінгі жылдары өңірде әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көпбалалы, толық емес және ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға басымдық беріліп келеді.
– Он бір жылдан бері кезекте тұрдық, бүгін баспаналы болу туралы арманымыз орындалды. Бізбен бірге қуанышқа кенеліп жатқан көршілеріміздің де жаңа пәтерлерінің іші құт-берекеге толы болсын, – дейді Элеонора Харитонова.
Көксу ауданының Балпық би, Жамбыл, Зылиха Тамшыбай ауылдарында жалпы саны 7 үй қолданысқа берілді. Жеке тұрғын үй кілттеріне кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағылар, атап айтқанда, толық емес және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар ие болды. Көп жылдан бері кезекте тұрған отбасыларға бұл күн – үміттің ақталған, арманның орындалған сәті.
– 2016 жылы тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Толық емес отбасы санаты бойынша баспана алып отырмын. Балаларымның өз шаңырағы бар болғанына қуаныштымын. Осындай қолдау мен қамқорлық көрсеткені үшін мемлекетімізге ризамыз, – дейді Весняна Белова.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорған қаласында өткен жылы 600-ден астам тұрғын баспаналы болса, осы жылдың басынан бері 120-ға жуық азамат өз пәтерлеріне қол жеткізді. Ал Көксу ауданында 2022–2024 жылдар аралығында 188 отбасы баспанаға ие болды. Оған қоса әлеуметтік осал санатындағы отбасылар үшін 90 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға бұл үйлер кезең-кезеңімен табысталады.
Жетісу облысы