Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күніне орай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен ғалым әйелдерге арналған академик Нәйлә Базанова атындағы марапат табыс етілді.
Биыл екінші рет өтіп отырған мазмұнды іс-шараға өңірлерден отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосып жүрген ғалымдар қатысты.
Көрнекті ғалым, физиолог Нәйлә Базанованың есімі Орталық Азия елдеріне алғашқы әйел-академик, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, профессор ретінде белгілі. Академик Н.Базанова атындағы марапат – ел ғылымының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ғалым әйелдерді марапаттауға арналған құрмет белгісі. Марапат ғылым мен технологияның үздіксіз дамуын, академик зерттеулеріндегі жаңашылдықты бейнелейді.
Салтанатты жиында Президент жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев ғылым саласында табандылықпен еңбек етіп жүрген әйелдерді көктеммен бірге келген сұлулық мерекесімен құттықтады.
«Еліміздің экономикалық дамуын ғылымның қатысуынсыз дамыту мүмкін емес. Осы орайда Мемлекет басшысы ғылым саласына орасан зор міндет жүктеп отыр. Бұл зерттеу қызметін ұйымдастыруға деген көзқарасты өзгертіп, ғалымды өзінің зияткерлік әлеуетін толық ашуға ынталандыратын жаңа тетіктер жасауға міндеттейді. Жауапкершілігі жоғары міндетті іске асыруда ғылыми қоғамдастықтың әйелдер қауымына ерекше сенім артамыз. Нәзік жандылар білім мен ғылымның дамуына, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеп жүр. Жыл сайын ғылымдағы әйелдер үлесі артып, бүгінде көрсеткіш 12 мыңнан асады. Олардың қатарында ғылым докторларының саны – 898, ғылым кандидаттары – 2 859, PhD – 2 229, бейіні бойынша докторлар – 185. Ғылымды дамытуға бағытталған кешенді жоспарда ғалым әйелдерге түсетін салмақ та, жауапкершілік те жоғары. Бірақ осындай күрделі міндетті іске асыруда әйелдер өз ісіне деген адалдықпен ел дамуына келелі үлес қосып жатыр», деді ҰҒА президенті.
Алқалы жиын барысында Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек жеткізіп, ғылымды қолдауға бағытталған жобалар туралы айтып өтті. Ал ізгі лебізін арнаған ҰҒА академигі Диляра Қайдарова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Кәрімова қоғамдағы ғалым әйелдердің рөліне, жетістігіне тоқталды.
Салтанатты жиында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Фаузия Оразбаева, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы республикалық ақпараттық орталық директоры, профессор Меруерт Әбусейітова, Алматы технологиялық университетінің профессоры Мариям Алимарданова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Тамара Шалахметова сынды 60-тан астам ғалым марапатталды.
АЛМАТЫ