Алматыда XI халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі басталды. Фестивальды Tanaris Production және A-Team кинокомпаниялары жыл сайын дәстүрлі түрде Алматы қаласы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.
Талантты жастардың шығармашылығын таныстыруға арналған кино бәйге салтанаты Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасымен ашылды. Фильмде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестің тұтқынында болған жапондық жас жігіт, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры баяндалады. Тұтқиылдан қолға түскен жапонның жас жігіті лагерьде жүріп, от пен оқтың ортасында шыңдалған нағыз шайқас батыры, Кеңес армиясында қызмет етіп, Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Ақажанды кездестіреді. Қан майданның ішінен аман шыққан Ақажан кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда ауыр жарақат алып, қапыда жау қолына түседі. Жазасын өтеп, қайтып оралғанымен, саяси сенімсіздікке ұшыраған Ақажанға «сатқын», «халық жауы» деген үкім кесіліп, сотталып кете барады.
Фильмді продюсерлер Борис Шырдабаев пен Әлия Убалжанова бастаған халықаралық шығармашылық топ түсірген. Шағын ғана жапон аралында шыр етіп дүниеге келіп, кең-байтақ қазақ топырағын бақиға аттанып кеткенше атақонысым деп таныған Ахиконың талайлы тағдырына арналған фильмге Жапония жағынан Сано Синдзю, Шуичи Есимура қатысқан. Басты кейіпкерлердің рөлдерін белгілі театр және кино әртісі Сырым Қашқабаев пен жапон актері Эйсаку Огасавара сомдаған.
«Бастау» фестиваліне қатысуға ниет білдіргендердің биылғы қарасы қалың. Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан басқа да елдерден 700-ден аса өтінімнің келіп түсуі фестиваль танымалдылығы арта түскенінің айғағы болса керек.
Осы жылы Bastau DEBUTS толықметрлі дебюттік көркем фильмдердің халықаралық байқауы дарынды жастарға қажет шығармашылық алаң ретінде ерекше сұранысқа ие, оған бүкіл әлем бойынша «А» класындағы ірі кинофестивальға қатысқан 10 картина кірді. Мұнда Берлин кинофестивалінде жүлделі болған испандық «20 тысяч пород пчёл» картинасы және биылғы Канн фестивалінің қатысушылары – «Если бы только я мог впасть в спячку» (Моңғолия, Франция, Швейцария, Қатар), сондай-ақ «Иншаллах мальчик» (Иордания, Қатар, Сауд Арабиясы, Франция) фильмдері бар. Сонымен бірге әлемдік премьерасы Берлиналеде өткен ресейлік «Клетка ищет птицу» фильмі, Өзбекстан режиссері Шокир Холиковтің көптеген халықаралық кинофестиваль жеңімпазы атанған «Жексенбі» киносы да қатысады. Ал еліміздің атынан бірден екі туынды – Максим Акбаровтың «Дала» және Дәулетжан Махмұттың «Глобус» атты фильмдері сынға түседі.
Конкурстан тыс бағдарламалардың да мазмұны бай. Фестиваль кезінде қысқаметрлі көркем және деректі фильм жобалары режиссерлеріне арналған Almaty Film Lab шеберханасы ұйымдастырылады. Жеңімпаздар 7 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа ие болады.
Биылғы фестивальдың қадірлі қонақтарының бірі – әйгілі британдық продюсер Пол Бретт. Танымал продюсер 30-дан аса түрлі жанрдағы толықметрлі фильмдер өндірісіне қатысқан. Олардың ішіндегі ең танымалы – режиссер Том Хупердің «Оскар» сыйлығын жеңіп алған «Король говорит» картинасы, онда Пол фильмнің атқарушы продюсері болған. Пол фестиваль аясында «Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді.
Сонымен қатар әйгілі америкалық сценарист, продюсер және жазушы Джеймс В.Харттың сценарий шеберлігі бойынша жүргізетін онлайн сабағы да жас режиссерлерді қазірден қызықтырып отыр.
Сондай-ақ биылғы фестивальға алғаш рет Францияның Қазақстандағы елшілігі өз қолдауын білдіріп отыр. Осы ынтымақтастық шеңберінде la CinéFabrique киномектебінің және DOCMONDE қауымдастығының бірқатар шеберлік сыныптары мен тұсаукесерлері, RUBIKA анимациялық мектебі (Франция) мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Қазанимация» арасында меморандумға қол қойылады.
АЛМАТЫ