• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Желтоқсан, 2023

«Кісен ашқан» көтеріліс

260 рет
көрсетілді

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті. Халықтың өзін-өзі тануын, ұлттық болмыс-бітім, сын-сипатын, ең бастысы, Тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті. Желтоқсан демократия мен адам құқығы туралы ұғымға да айта қаларлықтай өзгеріс енгізді.

Сан ғасырлық тарихы бар, байтақ жері, байсалды елі бар республиканың басшылығы­на жергілікті ұлттың салт-сана, әдет-­ғұрпынан мүлде хаба­ры жоқ, көлденең адамды тағайын­дау – шектен шыққан кемсі­ту­ші­лік еді. Сол орайда Жел­тоқ­­сан көтерілісі халықтың сан­а-сезімі өскендігінің, өзін тол­­ған­­дыратын проблемаларға аза­мат­тық көзқарасын ашық біл­діре алатындығының да айқын көрінісі болды.

Желтоқсан көтерілісінен кейін «Қазақ ұлтшылдығын айып­тау», жаппай қуғын-сүргін науқа­ны кеңінен өріс алды. Бұ­ған құқық қорғау органдары, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері құлшына кірісті. Жастардың бас көтеруіне қоз­ғаушы болғандар, үгіт-наси­хат жүргізгендер жаппай жауап­қа тартылды. Жоқ жерден пәле іздеу, қаралау, қудалау жұмыс­тары одан кейінгі жылдары да жымысқы саясаттың астарында қызу жалғаса берді. Алдымен «Қазақ ұлтшылдығы» деген атақ­ты қаулы шықты. Ойдан-қыр­дан қашқан, қуғын-сүргін көр­ген барша халықты бауырына басқан, пана болған, қонағына төрін беріп, өзі босағаны қанағат тұтқан, қоше­мет көрсеткен хал­қымыздың маң­дайына «ұлт­шыл» деген қара таңба басыл­ды. Барлық мекеме-кәсіп­орын­­да, оқу орнында ұлт­шыл­дықтың ұясын анықтау, осын­дай пиғылдағы адамдарды әшкерелеу, қоғамнан аластату науқаны қарқын алды. Сол желеу­мен көптеген жас жұмыстан босатылды, оқу­дан шығарылды. Кемсітудің, қор­лаудың неше атасын бас­тан кешірді. Адамдық тұрғыда жүй­ке ауруына ұшырады, маман ретінде кәсіптік бағытта өсіп-да­муына тосқауыл қойылды. Біраз адам тіпті қылмыстық жауап­қа тарт­ылып, сотталды.

Енді желтоқсан көтерілісінің бастау бұлағы, шығу төркіні, себеп-салдары, тарихи маңызы жөнінде бір-екі ауыз сөз. Қылы­шынан қан тамған қызыл империя­ның қитұрқы саясатына сауатты әрі ашық түрде наразылық біл­діріп, қарсы тұру еліміз тарихында сонау ХХ ғасыр басындағы 20-30 жылдардан бері болмаған жайт еді. 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар көзі ашық, көкірегі ояу, мүлдем жаңа буын­ның өкілі. Кейде мынадай ой келеді: «Сол ызғарлы күндері іш­тен тынып, үнсіз, тілсіз қалғанда не болатын еді». Ел болудан, ұлт болудан қалатын едік-ау... Де­мек, шын мәнінде, сексенінші жыл­­­дарғы халқымыздың ары мен ұяты қазақ жастары болды. Жел­тоқсан көтерілісінің кенет­тен бұрқ ете түсіп, алып империя­ның көсемдері күтпеген адуын мінездің бой көрсетуінің себебі мен салдарын сарапшылар әртүр­лі түсіндіргенімен, ортақ белгі­лері бар екендігін де айту керек. Сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасып, пісіп-жетілген ауыр ахуал бұл көтерілістің жоқ жерден пайда болмағандығын көрсетеді.

Деректер бойынша, 1915 жыл­дың қарсаңында қазақтардың саны 6 миллиондай болған. Өкі­нішке қарай, бұл сан сол сұрапыл кез­еңдердегі сан қилы, қанқұйлы себептерге байланысты айналасы отыз жылға толмайтын уақыт ішінде, нақтырақ айтқанда, 1945 жылы 2,5 миллионға дейін кеміп кетті. «Жұт жеті ағайын­ды» демекші, 1930-1960 жыл­дар аралығында Қазақстанға 4 мил­лионға жуық адам көшіп келді. 1962 жылы еліміздегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 29 пайызға дейін күрт түсті. Ал сол сан сапаға әсер етпей қоймады. Қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастады. Салт-сана, бітім-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлдыр тартты. Тіпті қазақ тілі қолданыс аясынан сырылып, барлық халық шаруашылығы салаларынан, тіпті күнделікті тұр­мыстағы қолданыстан біртіндеп ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде, бір деректер бойынша, қазақ тілі сабағы 700-ден аса мектепте оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталды.

Сол кездердегі Қазақстанға жер аударылған, күштеп әкелін­ген сандаған халықтың бұл нәубетке еш кінәсі жоқ еді. Олар­дың барлығы да сола­қай саясаттың, тұр­лаусыз тағдырларының құр­баны еді. Алайда көпұлтты ахуал, ортақ тыныс-тіршілік жергілікті ұлттың жан-жақты дамуына кері әсерін тигізді. Оның үстіне, «жы­ғылғанға жұдырық» іспетті, қа­зақ даласының әлеуметтік және эко­логиялық тынысы да тарыла бастады. Республика алып атом полигонына, экологиялық аурулар ошағына айналды. Сөйтіп, 1970-1980 жылдары бұрынғысынша Қазақстанды орыстандыру, ұлт­тық өзіндік ерекшеліктерді жоғал­ту, қазақ тілінің аяқасты еті­ліп, құлдырауы, экологиялық проб­лемалардың шиеленісу үдерістері тереңдей түсті.

Соның бәрі келіп, 1986 жылдың желтоқсанында көкі­рек­ті кернеген ашу-ыза болып ақта­рылды. Бүтіндей бір ұлтты қор­­лаған өрескел өктемдікке жас­тар қауымы жалаң қолдарымен-ақ қарсы тұрды. Олар жоғарғы басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін ашық білдірді, өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлер ретінде танылды. Желтоқсан көтерілісінде осындай, тоталитарлық үрдіс жағдайында пісіп-жетілген, түбірімен қате ұлттық саясат салдарынан туын­даған алғышарттар бар еді. Көте­ріліс сандаған жылдар сорабында мызғымас қамал саналып келген кеңестік империяның іргесін шайқалтып, көбесін сөгіп, ақыр аяғында ыдырауына әкелген пәрменді соққы болды. Алматы кейінде Баку, Вильнюс, Тбилиси қалаларында да өткен Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген бас көтерулер шеруін бірінші болып бастап берді.

Сөйтіп, жылдар жылжып өте бер­ді. Кең қанат жайған жа­риялылық желімен тоқыраудың тоңы жібіп, тілден тиек, ойдан тұсау алына бастады. Еліміз көле­мінде ұлттық мәдениетті, тарихты, дәстүрді тануға бірыңғай ұм­тылыс өріс алды. Ұлттық да­мудың семіп қала жаздаған тамырына жаңа нәр құйылды. Осы тұрғыдан алғанда 1986 жылғы Желтоқсан ел Тәуелсіздігі үшін, ұлтымыздың гүлденуі үшін, оның өсіп-өркендеуі үшін тер төккен, бейнет шеккен азаматтардың барлығы үшін де қадірлі, қасиетті.

Желтоқсан қаһармандары өздерін жаппай соққыға жы­ғып, қақаған аязда мұздай су шаш­қанына, өздеріне қарсы иттер, БТР-лер, сапер күректері мен шоқпарлармен қаруланған милицияның ерекше жасақтарын, арнаулы әскерлердің курсанттары мен солдаттарын айдап салға­нына, сондай-ақ, «бейбіт жасақ­тар» дейтіндердің арматурамен соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауға қарамастан, бірнеше күн бойына бүкіл елімізде бір жерде ашық, бір жерде жасы­рын түрде халықтың еркі мен мұң-қайғысын жанына жалау етіп, республиканың дербестігіне, еркіндігіне және тәуелсіздігіне қол жеткізу жолындағы күрес­ті жалғастыра берді. Олар денсау­лығын, болашағын, тіпті өмірін де құрбандыққа шалды. Сол кездегі ұл-қыздарымыздың ерлігі мен батырлығы бүгінде аңызға, тағылымды тарихқа айналды. Сондықтан да оларды орынды мақтаныш ете білейік, кейінгі өскелең буынға үлгі-өнеге етейік.