• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Желтоқсан, 2023

Авиация мәселелері талқыланды

108 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ еліміздегі стихиялық қоқыс үйінділерімен күресу және қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру бойынша қабылданған бірқатар жаңа шараның жай-күйі талқыға түсті.

Көлік министрі Марат Қарабаев биыл­­ғы 11 айда отандық әуе компа­ния­­ла­ры 12,3 млн жолаушы тасымал­даға­нын, бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 23%-ға ар­тық екенін мәлімдеді. Жыл қо­ры­тын­дысы бойынша бұл көр­сет­кішті 13 млн жолаушыға жеткізу жос­пар­ланып отыр.

Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25%-ға артты. Алматы мен Астанада айтарлықтай өсім байқалады, онда биыл рекордтық көрсеткіштер тіркелді – 9 млн (+34%) және 7 млн (+26%) жолаушыға қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар әуежайларда қызмет көрсетілген жүктердің көлемі де артты. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 130 мың тоннаны құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 16%.

Әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуе­жай­лардың инфрақұрылымын жаңғырту жұ­мыстары жалғасуда. Келесі жылы Шым­кент, Қызылорда және Алматыда жаңа жолаушылар терминалдарының құ­ры­­лысы аяқталады. Нәтижесінде, Алматы әуе­жайы­ның өткізу қабілеті 5 есеге артып, 14 млн адамға дейін, Қызылор­данікі 6 есеге ар­тып, 2 млн адам­ға дейін, Шымкент­тікі 7 есеге артып, 6 млн адамға дейін көбейеді.

Келесі жылы БАӘ инвесторы астана­лық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі, бұл – жаңа басқарушы компа­нияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі.

Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, сондай-ақ Балқаш қала­сы әуежайының жүру жолағы мен перронын реконструкциялау жұмыстары басталады.

Бұларға қоса инвестор Қарағанды әуежайында ұшу-қону жолағын жаң­ғыртып, оны қажетті арнайы техникамен жабдықтауды жоспарлап отыр. Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуе­жайларын осы сала­да тәжірибесі бар ірі жа­һандық инвес­торларға сенімгерлік бас­қар­уға беру туралы келіссөздер де жүріп жатыр.

Премьер-министрдің айтуынша, биыл 16 халықаралық маршрут ашылды және қайта жанданды. Келесі жылы Куала-Лумпур, Сингапур, Токио және басқа қалаларға жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр.

Оған қоса әуежайлардың инфрақұ­ры­лымы да қарқынды дамып келеді.

«Осы салаға келген жеке инвесторлар қазірдің өзінде әуежайларды дамы­туға 2,1 млрд долларға жуық қара­жат салды. Атап айтқанда, Алматыда перрон­ды күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ жүктерді өңдеу рәсімдерін жетілдіру шаралары қолға алынды. Шымкентте жаңа жолау­шылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Астанада БАӘ-ден келген компания ұшу-қону жолағын реконструкциялауды, карго-терминалын кеңейтуді жоспарлап отыр», деді Әлихан Смайылов.

Ал шынтуайтына келгенде, бұл салада шұғыл шешімдерді қажет ететін өзекті мәсе­лелер де жоқ емес. Атап айтқан­да, негіз­гі мәселенің бірі – авиаотын тапшы­лығы, ол жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды.

«Мәселені шешу үшін отын жеткізу каналдарын әртараптандырып, оны сақ­тауға арналған тиісті инфрақұры­лым­ды дамыту қажет», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы әуежайларды дамыту да қосымша шараларды талап ететінін айтты. Атап айт­қанда, әуежай инфрақұрылымын дамытып, жүктер мен жолаушыларды рәсімдеу үдерістерін толық автоматтандыру қажет.

«Бұл 2030 жылға қарай өңделетін жүк көлемін жылына 130 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін, ал жолаушылар ағынын 25 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір өзекті проблема – саланы кадрлармен қамтамасыз ету. Бүгін­де ұшқыштар, инженерлер мен тех­никалық персоналдар жетіспейді.

«Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа райы ғана себепші емес. Сондықтан әуе компаниялары жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет», деді Үкімет басшысы.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Премьер-министр әуе­жайлар аума­ғында мультимодальді кө­лікті пай­далану мүмкіндігін беру мәселе­сін пысық­тауды, транзиттік жүктер­ді рәсім­деу­ді жеңілдетіп, тиісті тех­но­логиялық үдерістерді оңтайландыруды тапсырды.

Одан бөлек Үкімет басшысы қажетті авиаотын көлемімен қамтамасыз ету шараларын қабылдау, оны сақтауға ар­налған тиісті инфрақұрылымды құру, сондай-ақ азаматтық авиация саласында мамандар даярлау үшін қосымша гранттар бөлуді қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті.

Қазақстанда стихиялық қоқыс үйін­ді­лерімен күресу және қалдықтарды бас­қару тиімділігін арттыру бойынша бірқатар жаңа шара қабылданады. Тиісті мәселелер ел Үкіметінің кезекті отырысында талқыланды.

Экология және табиғи ресурс­тар ми­нистрі Ерлан Нысанбаев 15 жел­тоқ­сан­дағы жағдай бойынша анық­тал­ған 5 543 стихиялық қоқыс үйінді­лері­нің 4 388-і, яғни 80%-ы жойылғанын мәлімдеді.

Қазақстанда қалдықтарды басқару тиім­ділігін арттыру үшін тиісті инфра­құры­лымды дамыту жоспарланып отыр. Бұл контейнерлік алаңдарды ұйым­дас­тыру, контейнерлер мен қоқыс таси­тын көліктерді сатып алуға, қалдықтар­ды қайта өңдеу және көму қуатын артты­ру­ға қатысты. Бұдан басқа осы салаға бизнес субъектілерін тарту көзделіп отыр.

Мәселен, халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеңілдікпен қаржылан­дыру тетігі әзірленді. Сыйақы мөлшер­ле­месі 3% деңгейінде болады, қарыз беру мерзімі – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3 жылдан 15 жыл­ға дейін. Жобаларға бөлінетін қара­жат­тың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Үкімет қау­лысының тиісті жобасы – мем­лекеттік органдармен келісудің соңғы сатысында.

Сонымен қатар 2024 жылдан бас­тап қалдықтарды басқару жөніндегі ар­найы кәсіпорындарға төлемдер қайта басталады.

Оған қоса министр Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекске белгі­ленбеген жерлерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұлдарды көбейтуді көздейтін түзетулер әзірленгенін айтты. Мысалы, жеке тұлғалар үшін – 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін.

Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұ­мыс­тар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Маңғыстау об­лы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев және Сол­­түстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады.

Премьер-министр стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу ин­ф­ра­құрылымын дамыту аса өткір тұрған мәселелердің бірі екенін айтты.

«Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында Үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырма берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы, өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы аудандар мен қалалардың 75%-ы ком­муналдық қалдықтарды реттеу бағ­дарламаларын әзірлеуге әлі кіріспегенін айтып өтті.

«Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сон­дықтан атал­ған өңір әкімдері де өз­дерінің осы салаға жетекшілік ете­тін орынбасарларына тапсырманы орын­дамағаны үшін сөгіс жария­ласын», деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Премьер-министр егер жұ­мыс­тар 1 сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәр­тіптік шаралар қабылданатынын айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, стихия­лық қоқыстарды болдырмау және эколо­гиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта құру қажет.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады. Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану керек», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн екенін айтты.

«Мұның барлығын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, жүргізу қажет. Сондай-ақ қабылданған Экологиялық білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі 2029 жыл­ға дейінгі іс-шаралар жоспарының уақ­тылы және сапалы орындалуын қамта­масыз ету қажет», деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 нау­рызға дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру механизмдерін қамтитын ком­муналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту бойынша барлық қа­жет­ті шараны қабылдауды тапсырды.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемле­кеттік органдар­мен бірлесіп, келесі жыл­ғы қаңтардың соңына дейін инфрақұры­лымдық жобаларды қаржыландыру жөніндегі қажет­ті нормативтік құқықтық актілерді қабыл­дауы тиіс», деп талап етті Премьер-министр.

Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктері Әкім­шілік кодекске рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды тастағаны үшін жауап­кершілікті күшейтуге бағыт­талған түзетулер енгізуді тездетуге тиіс.