• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 20 Желтоқсан, 2023

Металлург туралы қойылым

226 рет
көрсетілді

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театрында жазушы, драматург Төкен Әлжантегінің «Ғұ­мырға тең бір күн» атты драмасы қойылды. Дра­ма жезқазғандық даңқты металлург Сұлтанбек Елеме­совтің өміріне арналған.

С.Елемесов 1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жам­был Ыбыраевпен бірге Жезқазған мыс зауытында алғашқы қара мыс алған конверторшы болатын. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, КСРО-ның Құр­метті металлургі атанды, 2012 жылы өмірден озды. Жез­қазған мыс зауытында қазір оның жолын балалары мен не­мерелері жалғастырып келеді.

Премьераны тамашалауға көрер­мендер көп жиналды. Халық қоюшы-режиссер – Теміржан Жанботаевтың драманы сәтті сахналай біл­геніне және әртістердің, әсіресе бас кейіп­кер­ді сомдаған актер Жәні­бек Арыс­тан­бе­ковтің өнеріне ризашылық білдірді.

Қойылымға кеңесшілік жа­саған Қазақстанның Құр­метті метал­лургі, Қарағанды об­лысының және Жезқазған қаласының Құр­метті азаматы Төлеген Бүкіров ке­зінде С.Еле­месовтің шәкірті бол­ған.

– Осыдан 25 жыл бұрын мен техника ғылымының кан­дидаты атанғанымда, Сұлтекең мені жұмыс орныма арнайы іздеп келіп құттықтады. Қолында алтын сағаты бар екен, соны маған көрімдік ретінде сый­ға тартқан еді, – деген ес­те­лігімен бөліскен Т.Бүкі­ров премьерадан соң елдің көз алдында араға ширек ғасыр салып, сол сағатты Сұл­тан­бек ағаның атасы ең­бек еткен цехта жұмыс істей­тін неме­ресі Абзалдың қолы­на қайта тақты.

Араларынан шыққан майталман металлургтің өмірін арқау еткен театр ұжымын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Жезқазғантүстімет өндірістік бір­лес­тігінің бас дирек­торы Жасұлан Бай­ния­зов пен Жезқазған мыс қорыту зауыты директоры Жасұлан Байниязов құт­тықтады.

Еңбек адамын дәріптеген драма ал­дағы уақытта театр репертуарынан тұ­рақты түр­де орын алатын болады.

 

Жезқазған қаласы