• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Желтоқсан, 2023

Мұнай-газ химиясы: Ірі жобадан не күтеміз?

137 рет
көрсетілді

Жуырда қабылданған ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың кешенді жоспары аясында жалпы құны 37,3 млрд доллар болатын 20 жобаны іске асыру межеленген. Солардың қатарында мұнай-газ және химия өнімдерін өндіру көлемін едәуір ұлғайтып, салаға инвестициялар тартуға және Теңіз кен орны шикізатының әлеуетін толық пайдалануға маңыз беріліп отыр.

Екі ірі химия кәсіпорнының іске қосылуы мұнай-газ-химия өнім­де­рін өндіру көлемін екі еседен аса арттыруға тиіс. Қазір хош иісті көмір­су­­тектер (бензол, параксилол), по­липро­пилен, майлау заттарын және метил-терт-бутил эфирін шығаратын отандық кәсіпорындардың қуаты жылына 1 350 мың тоннаны құрайды. 15 жылдан астам уақыттан бері ай­тылып келе жатқан полиэтилен за­уы­тының ақыры салынатыны осы жылдың қазан айында белгілі болды. Қытай Sinopec корпорациясының басшысы Ма Юншэн Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында зауыттың құрылысы келесі жылдың екінші жартысында басталатынын мәлімдеді. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, Sinopec және ресейлік «Сибур» жоба операторы «Силлено» ЖШС-ға қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына қол қойды. Petrocouncil.kz стратегиялық әріптестікті дамы­ту кеңесінің мәлімдеуінше, жо­ба­­лардың ауқымы, яғни өндіріс кө­ле­мі мен құны инвесторларды ұзақ іздестірудің, сондай-ақ оларды іске асырудың созылмалы мерзімінің басты себебі болуы мүмкін. Енді жобаға қытайлық компанияның кіруі оның нақты жүзеге асатынына негіз бола алады. Өйткені алдыңғы ірі газ-химия жобасы – құны 2,6 миллиард доллар тұратын полипропилен зауыты Қытай даму банкінің несиесіне салынған. Әлбетте, бұл тұста бірнеше компания қолға алып отырған ауқымды жобалардың елі­мізге не беретінін жіті талдап, ай­қындау маңызды.

Зерттеушілер химия саласын да­мы­тудың түрлі нұсқасын ұсына­ды. Бірақ барлығының айтар болжамы бір – негізінен көлік, құрылыс саласы және қаптама нарығы есебінен әлемде пластик тұтыну әрі қарай өсе береді. Былтыр қарашада KPI компаниясының полипропилен өндіру зауыты іске қосылғанға де­йін полипропилен елімізде 10 есе аз шығарылған. Қазірде өнімдер өн­дірісі жедел дамып келеді. Соң­ғы бірнеше айда полипропилен бағасының көршілес Ресейге немесе Өзбекстанға қарағанда айтарлықтай төмен деңгейде сақталып тұруы отандық өнім өндірушілер мен экспорттаушылар үшін тиімді болды. Дегенмен бағаның әдетте тауарды сататын жер болмаған кезде немесе клиенттерді тарту қажет бол­ған­да төмендетілетінін ескерсек, бұл үдеріс уақытша болуы да мүмкін. Бұл ретте мамандар көп нәрсе KPI компаниясының жоспарларына, оның жергілікті өндірісті дамытуға қаншалықты қамқорлық жасайтынына байланысты екенін қаперге алу қажеттігін айтады.

Сол секілді өнімді өткізу нарығы мен мерзімі де өзекті. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов кез келген жобаның негізгі факторы ‒ қаржыландыру екеніне назар аударады. Онсыз жоба қайтарымды болмайды. Мысалы, бутадиен жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі жоғары. Өйткені өнімдер қайда сатылатыны жөнінде белгілі бір түсінік бар. Ресейлік «Татнефть» (Оған «Бутадиен» ЖШС қатысу үлесінің 75%-ы тиесілі) Қарағанды облысында шиналар шығаратын зауыт салды. Яғни автокөліктер мен жүк көлігі ұзақ уақыт бойы Қазақстаннан тыс та пайдаланылатын болады. Кадрларды даярлау мәселесі де алаңдаушылық туғызбайды. «Полиэтилен жобасына келсек, биыл санкциялық тәуекелдерді төмендету бойынша белсенділік жоғары болды. Жобаға қытайлық Sinopec шақырылды. Зауыттың қуаттылығы ‒ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен болса, бұл өнімді экспорттық сатуда белгілі бір қиындық туғызады. Өйткені республикамыздың ішкі тұтынуы ‒ жылына небәрі 160-170 мың тонна. Егер Түркия негізгі тұтынушы елдердің бірі ретінде қарастырылғанын ескерсек, онда қуаты 2 млн тонна полиэтилен өндіру жобасын іске асыру басталды. Солтүстіктегі көршіміз Уренгойда қуаттылығы 8 млн тонна болатын этанизация зауытының құрылысына кірісті. Этанның кем дегенде жартысы сол полиэтиленді өндіруге кетеді деп болжауға болады. Ал 2025 жылы Қытайдың Хуэйчжоу қаласындағы «Даявань» индустриалды паркіндегі ExxonMobil ішкі сұранысқа қызмет көрсету үшін өнімділігі 2,5 млн тонна полиэтилен мен полипропилен кешенін пайдалануға бергелі отыр. Мұндай перспективалар отан­дық жобаның өткізу нарығына және рентабельділігіне жақсы әсер ет­пейді», дейді ол.

Әрине, соңғы уақытта жобаны іске асыру құрылыс сатысында 2000-ға жуық адамды, ал қызмет көрсету сатысында 800-ге жуық адамды жұмысқа орналастыруға көмектесетіні жиі айтылады. Бірақ бұл шешуші мәселе ретінде қарас­ты­рыл­мауы керек. Кез келген бизнестің негізгі мақсаты ‒ сату. Мұның қата­рын­да жобаның өзін өзі ақтауы үлкен мәнге ие. Сарапшы бұған Теңіз кен орнының шикізаты бо­йынша айқындықтың жоқтығын, 2034 жылдан кейін ондағы өндіріс төмендей бастап, газ құрамы өзге­ре­тінін, газдағы этан мөлшері аза­­йып, күкіртті сутегі мөлшері басым болатынын қосады. Бүгінде ТШО тек 7 млрд текше метр газға ке­піл­дік береді. Ал тұрақты газ құ­ра­мы бар жобаны іске асырудың барлық кезеңіндегі қажеттілік жыл са­йын 9 млрд-тан асады. Сол секілді жоба құрылыс кезеңінде білікті мамандардың жетіспеушілігі проб­лемасына тап болуы мүмкін. Әрине, «Сибур» мен Sinopec-тің келуімен бұл мәселе шетелдік кадрларды тарту есебінен шешілетін болады. Ал біз үшін жобаға жергілікті жұмысшыларды қатыстыру өзекті.

«Қазақстан химия өнеркәсібі одағы» ЗТБ төрағасы Олег Пактың айтуынша, бізге полипропилен мен полиэтилен өндірісінің қажеттілігі талассыз. Бірақ бұл істің қисынды нәтижесі ‒ өндірісті оқшаулауды дамытып, қосылған құны жоғары өнімдер шығару болуы керек. Осыдан бір жыл бұрын KPI «Си­бур­мен» бірге полипропиленді тұтынуды дамыту бойынша жол картасын жасауға тырысты. Бірақ ол әлі күнге дейін бекітілмеген. Бұл тұста өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін ішкі тұтынуды қалай дамыту керектігі туралы түсінік жоқ. Отандық өндірушілер KPI-дың оларға полипропиленді Қытайға жеткізетін бағамен сатқанын, кем дегенде бір жылға болжамды баға болғанын қалайды. Сонда өндіріске инвестиция салудың мәні болар еді. Қазір компания ішкі нарыққа небәрі 20 мың тонна, ал Еуропа мен Қытай елдеріне жүздеген мың тонна жеткізеді. Тиісінше, кім көп сатып алса, соған жеңілдік беріледі. Егер дұрыс құрылған ұзақмерзімді баға саясаты бекітілсе, ішкі өңдеу мен өнім өндіруді ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттілігі 150 мың тоннаға жетуі бек мүмкін. Мұн­дай стратегиялық жобалардың негізгі мақсаты – отандық өңдеу өнер­кә­сі­бінің өндіріс көлемін ұлғайту, шикізат экспорты емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығару. Бірақ біз жыл сайын шамамен 50 мың тонна полипропилен мен 150 мың тонна полиэтилен импорттаймыз. «Бізге полимер, метанол, резеңке, аммиак қажет екені түсінікті. Десе де кез келген жобаның экономикалық мақсаттылығына ден қойған жөн. Біріншіден, әрі қарай тереңдете өңдеумен дайын өнім алу стратегиясы нақты құрылуы керек. Екіншіден, Қытайдың мысалы мұнай мен газдан алынатын затты көмірден де алуға болатынын көрсетеді. ҚХР жылына 220 млн тонна көмір өңдеп, 630 млрд доллардың өнімін алады. Ал біз 300 жылға жететін қоры болса да көмірді ЖЭО-да, металлургияда жай ғана жағып отырмыз. Париж климаттық келісіміне сай көмір өндіруді біртіндеп тоқтату жоспарланған. Сондықтан көмірді жағуға байланысты жобалар енді қаржыландырылмайды. Осының аясында көмір химиясының дамуы көмір өнеркәсібін құтқарар еді», дейді сала маманы.