Жеке тұлғалардың қолына ретсіз, заңсыз өтіп, мақсатсыз, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару Президент пәрменімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде биыл «Amanat» партиясының бастамасымен Алматы облысында 281 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өңірдегі көшпелі отырысында айтылды.
Алматы облысына жұмыс сапарымен келген партияның Атқарушы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбекшіқазақ ауданында болып, Қазтай Ұлтарақов (Масақ) ауылдық округінің тұрғындарымен және шаруа қожалықтары иелерімен кездесті. Ашық әңгіме барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жер тапшылығы мәселесін ғана емес, құдық жетіспеушілігі, субсидиялардың аздығы, дизель отыны бағасының шарықтап кетуі сынды бірқатар өткір де өзекті мәселені көтерді.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар мал жаятын жер қалмағанын айтып, партияға шағымданған болатын. Ал Іле Алатауы Бұғыты сілемінің аумағындағы үлкен жер учаскесі жеке қолға өтіп кеткен. Нәтижесінде, биыл қыркүйек айында «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен 2,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жалпы пайдалануға берілді. Сонымен қатар осы жылы қарашада Шелек ауылдық округі аумағында орналасқан 11,8 мың гектар жер де мемлекет меншігіне өтті.
«Ауылдың әрбір тұрғыны жайылымға қол жеткізе алуы керек. Сондықтан «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді латифундистерден қайтарып алу бойынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Алматы облысында 213,5 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Еңбекшіқазақ ауданының Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғындары Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағындағы Асы үстіртінің 3,5 мың гектар жерін қайтарып алуды тарихи әділдіктің орнауы деп санайды», деп атап өтті комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуды мақсат еткен адамдар саны артып келе жатқанын алға тартты.
«Бұрын біздің мұңымызға құлақ асқан адамды көрмейтін де, ештеңеге сенбейтін де едік. Ауылдың ахуалын жақсартумен ешкім айналысқан жоқ. Осы күні билік пен «Аmanat» партиясына деген сенім артып келеді. Оған заңсыз бөлінген жерлердің халыққа қайтарылуы дәлел. Ауыл өркендесе, халықтың әл-ауқаты жақсарса қала тұрғындарына да қолдау болары анық», дейді ауыл ақсақалы Рыскелді Жақабаев.
Кездесуде Дәулет Кәрібек облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін айрықша атап өтті.
«Алатаудай биік тұлғалы алматылық ағайын үшін Асы жайлауының қадірі мен қасиеті бөлек. Мұны біз жыл басында өңірге келгенде бірден аңғардық. Екі жарым мың метр биіктікте ен жайлаған қастерлі мекеннің жекеге өтіп кеткені жергілікті жұрттың қабырғасына қатты батқан. Мәселен, Масақ ауылдық округі тұрғындарының Бұғыты аумағындағы көлемі 2,4 мың гектар жер учаскесі жекенің қолында екенін айтып шағымданған болатын. Біздер бұл мәселені бақылауда ұстап, жыл соңына дейін қайта келеміз деп уәде берген едік», деген комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек араға 5 ай салып, «Іле-Алатау Тур» ЖШС-нан №03-044-184-002 кадастрлық нөмірдегі аумағы 3500 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы атақты «Асы» жайлауының мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.
«Асы жайлауы мемлекет меншігіне Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 1 маусымдағы №907 қаулысымен қабылданды. Сондай-ақ Бұғыты қыстауында 2,4 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер қайтарылды. Облыс бойынша барлығы 213,5 мың га жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілді. Бұл игілікті істің басы ғана. Кезінде жерге қисынсыз иелік етіп, жайылым жердің тапшылығын қолдан жасаушылармен күрес әлі де жалғаса бермек», деді ол.
Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының өзінде нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмайтын 121,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, биыл осы жер көлемінің 43,4 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған. Нақтырақ айтсақ, Ават ауылдық округі (а/о) бойынша – 16, Ақши а/о – 457, Асы а/о – 10301,79, Бәйтерек а/о – 3, Балтабай а/о – 6, Бөлек а/о – 201,65, Есік қаласынан – 157, Қаражота а/о – 4121,14, Қаратұрық а/о – 11621,4, Қырбалтабай а/о – 1942,9, Масақ а/о – 420, Рахат а/о – 25, Сөгеті а/о – 14068, Шелек ауылдық округінен – 38 гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өзекті екендігін атады.
«10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл – бірінші кезекте «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Біз заңға «Қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» ұғымының басымдығы, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдердің қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар нақты бір елді мекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», деді депутат.
Айта кету керек, «Аmanat» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұр. Қазір бұл жоспар 82 пайызға орындалды.
Алматы облысы