Ұлттық академиялық кітапханада ақын, бард, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» кітабының таныстырылымы өтті. Елорданың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен кітапсүйер қалың оқырманның басын қосқан рухани жиында өлең туралы өрелі әңгіме өрбіді.
Заманауи жетістіктер қолданылған жаңа кітапқа ақынның поэзиясы, бардтық туындылары, шансондары, авторлық әндерінің мәтіндері және көсемсөздері топтастырылған. Нақтырақ айтсақ, бірінші бөліміне поэзия, екіншісіне – бардтық, шансондық туындылары, үшінші бөліміне – қаламгердің ой-толғамдары, көсемсөз жазбалары жинақталған. Көпшілік оқырманға арналған жинақтың жаңалығы сол – «AlphaPrint» баспасынан шыққан кітапта көрсетілген QR-код арқылы автордың музыкалық туындыларын тыңдап, ақынның жеке YouTube арнасындағы ақпараттармен танысуға болады.
– Биыл 60 жасқа толған мерейтойымның аясында халқыма бір есеп бергім келді. Сөйтіп өзімнің поэзиямды, бардтық, шансондық туындыларымды, сонымен бірге елдік, ұлттың болашағы, заман туралы өзімнің ой-толғамдарым, көсемсөздерімді жинастырып, «Құтты» жарыққа шығардық. Екінші жағынан қазақтың кітап шығару жақсы дәстүрін жалғастырып, жаңа бір леп әкелуге ұмтылдым, – дейді автор.
Кітап кешін ақын Серікзат Дүйсенғазин тізгіндеп, жиынды ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай ашып берді.
– Қуаныштың өлеңдегі жолы жазба поэзиядан басталған. Тіпті кезінде республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанған болатын. Кейін айтыста да өз жолын қалыптастырды. Мен Қуанышты үлкен интеллектуал ақын деп танимын. Аудармаларының өзі бір төбе, деп Ғалым Жайлыбай Қуаныш Мақсұтовтың ақындық қырын жоғары бағаласа, жазушы Әлібек Асқаров жарық көрген су жаңа кітаптың ерекшелігіне тоқталды: – Суретші болғаннан кейін көзіміз ең әуелі көркемдікке түседі ғой. Әр беті талғаммен безендірілген әдемі кітапты қуана қолымызға алып отырмыз. Формасы да, құрылымы да ерекше екен, – деді. Ал алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова: – Қуаныш Мақсұтов Қарағанды облысының Ақтоғай деген қасиетті топырағында туған. Бұл өлке Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды біртуарлардың туған жері. Сондықтан болса керек, Қуаныштың да бойында сол бабаларынан дарыған батылдық бар. Ол айтысы мен жазба поэзиясынан да, бардтары мен шансондарынан да айқын сезіледі. Ақын сөз арқылы, сөз жеткізе алмаған қоғамның ащы шындығын ән арқылы жеткізеді. Алты жасында Әлімхан Ермековтің алдына отырып, батасын алған Қуаныштың басқаша мінез көрсетуі мүмкін емес, – деп ақынның шығармашылықтағы азаматтық көзқарасы мен батыл болмысының астарына үңілді.
Сондай-ақ кітап таныстырылымында филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп, жазушы-публицист, мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, тағы басқалар авторды жаңа туындысымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Көп алдында қара гитарасын асынып шыққан Қуаныш Мақсұтов жиылған жұртшылыққа алғысын білдіріп, шансон стиліндегі өзінің «Қотыртай» әнін орындап берді. Мазмұнды кездесу соңында автордың өнердегі аға-інісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев пен Ерлан Дәкенов «Ақтоғай вальсін» шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді.
Ал кешке Музыкалық жас көрермен театрында Қуаныш Мақсұтовтың «Мәңгілік мұңның әуені» атты поэтикалық-музыкалық қойылымы көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің режиссерлігімен қойылған туындыда жас көрермен театрының әртістері өнер көрсетті. Қойылым көрерменге поэзия мен музыка әлеміне саяхаттауға тамаша мүмкіндік сыйлады.