Кеше Астана қаласының әуеайлағында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының авиациясы үшін екінші Y8F200WА көп мақсатты орта көлік ұшағын жеткізу бойынша салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұшақты жеткізуді Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты және Қытайдың авиация өнеркәсібі корпорациясының «CATIC» компаниясы жүзеге асырды.
Айта кетейік, «CATIC» компаниясы 1979 жылдан қазіргі уақытқа дейін әлемнің 60-тан астам еліне қару-жарақ пен әскери техниканың 2600-ден астам түрін, оның ішінде әуе кемелерінің 35 түрін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Қытай авиация өнеркәсібі арасындағы ынтымақтастық 2016 жылдары басталған болатын. Нәтижесінде еліміздің құқықтық тәртіп әскерлеріне 2018 жылы алғашқы Y8F200W ұшағы жеткізілді. Ұлттық ұланның алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында бұл ұшақ Қазақстанның әртүрлі климаттық жағдайларында пайдалануға қабілетті.
Y8F200WА ұшағы (кеңестік Ан-12 көлік ұшағының ең жақсы аналогы) - бұл максималды қашықтығы 4100 км болатын толық қысымды, көп мақсатты орташа көлік ұшағы және салмағы 20 тоннаға дейінгі ірі жүктерді де, 86 әскери қызметшіге дейінгі қызметтік жолаушыларды да тасымалдауға арналған. Ұшақтың круиздік жылдамдығы 550 км/сағ, сондай-ақ тәжірибелік жағдайда 10050 м биіктікте ұша алатыны белгілі.
Ұшақта күндіз-түні қолайсыз ауа райында жұмыс істеуге қажетті жабдықтар бар, сонымен қатар жабдықталмаған және далалық аэродромдарға қона алады.
Бірінші ұшақты пайдалану Ұлттық ұланға елдің қоғамдық қауіпсіздігін қорғау және шет елдерге көмек көрсету жөніндегі міндеттерді шешуде авиацияны қолданудың мүмкіндігін бірнеше есеге ұлғайтты.
Тек 2023 жылы Сирия Араб Республикасына, Түркия Республикасына және Ауғанстан Ислам Әмірлігіне төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету кезінде 120 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді, 80-нен астам адам эвакуацияланды.
Барлығы 2025 жылға дейін «Бір белдеу – бір жол» жобасы шеңберінде отандық авиация өнеркәсібін дамыту үшін үлкен маңызы бар осы үлгідегі тағы 4 ұшақты жеткізу жоспарланған, бұл өз кезегінде Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық көпірді нығайтады, сондай-ақ екі ел арасында жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға жаңа үлес қосады.
– Ұлттық ұлан тек Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД елдері арасында да осы үлгідегі ұшақтарды сатып алуда ізашар болып табылады. Y8F200WА ұшағын таңдау «баға-сапа» сияқты критерийлерді сәтті біріктірді. Әуе кемесін Қытайдан Қазақстанға сәтті жеткізгені үшін командирге және экипаждың барлық құрамына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ұлттық ұланның авиациялық базасының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдарын Қытай Халық Республикасының аумағында оқытып, дайындаған зауыт өкілдеріне ерекше рахмет, - деп атап өтті жұмыс кеңесі барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Константин Воронкин.
- Бүгін қазақ еліндегі достарымызбен бірге осында жиналу мен үшін үлкен мәртебе. Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады. Біздер тату көрші, адал дос, сенімді серіктестер және бауырлас халықпыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппаратының қолдауымен ұшақты беру және жеткізу жоспар бойынша сәтті аяқталды.
Ынтымақтастық жылдарында біз Ұлттық ұланның авиация мамандары өз ісінің кәсіпқойлары екеніне көз жеткіздік. Сіздермен өзара байланыс орнату Қытай қызметкерлеріне жағымды әсер қалдырады. Біз алдыңғы қабылданған ұшақтың сапалы жұмыс көрсеткеніне өте қуаныштымыз және Ұлттық ұлан осы ұшақтарды тиісті түрде пайдаланады және қызмет көрсетеді, ал кейіннен – әуе флоты жоғары дәрежеде жұмыс істей алады деген үміттеміз. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық қорғаныс ісіне елеулі үлес қосуды жалғастыра береді деген ойдамыз. Біз ұшақ өндірушілері ретінде әуе кемесінің осы түрін пайдалану мен қызмет көрсетуде жан-жақты қолдау мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз және қызмет ету мерзімі кезінде техникалық қолдау көрсетеміз.
Қытай халқында «Достық – таусылмас байлық» деген мақал бар. Осылайша, Қытай мен Қазақстан ынтымақтастық және серіктестік тарихының келесі тарауын ашады, - деп атап өтті «CATIC» компаниясының клиенттерге қызмет көрсету департаменті директорының орынбасары Янг Джингжи.