• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2023

Ясауи мұрасы ұлықталды

149 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және түркі халықтарының рухани әлемі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды шараны ҚазҰУ мен Халықаралық түркі академиясы бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби кітапханасында өткен кон­ференцияға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық түркі акаде­мия­сының президенті Шаһин Мұста­фаев, ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жан­сейіт Түймебаев, әзербайжандық профессор Фузули Баят, Түркиядан келген профессор Ибрахим Мараш, басқа да шығыстану­шы ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Іс-шара барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қожа Ахмет Ясауи – түркі өркение­тін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға. Оның адамзатты ізгілікке бастай­тын еңбектерін жан-жақты зерттеп, наси­хаттаудың мән-маңызы зор. Бұл ретте та­ғылымды әрі танымды іс-шаралар­дың ұйымдастырылуы – құптарлық іс. Бауыр­лас елдер үшін Түркістан төріндегі Ясауи кесенесі – мызғымас діңгек, қастерлі мирас. Мемлекет оны заман талабына сай жаңғыртып, кеңінен дәріптеуге көп көңіл бөледі. Осы кесенеге «Ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш» мәртебесінің берілуі  –соның айқын дәлелі. Қожа Ахмет Ясауидің мол рухани мұрасын ұлықтауға арналған алқалы жиын игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашады деп сенемін», делінген құттықтау хатта.

Конференцияда ректор Жансейіт Түй­мебаев Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқы­ның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес ғұламасы екенін айрықша атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды екенін, елімізде «Ясауитану» ғылыми орталығы немесе институты құрылуға тиістігін атап өткен болатын. Конференция Ясауи мұрасы мен түркі халықтарының рухани әлеміне арналып отыр. Бұл мәселеде түркі дүниесінің ғалымдары күш біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылуға тиіс. Түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Осы тұрғыда ҚазҰУ базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжаз­ба­лар мен көне кітаптарды сараптап, зерттеу үстінде. Ясауитану бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ректор өз сөзінде.

«Қожа Ахмет Ясауидің түркі халық­тарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе», деді Халықаралық түркі ака­де­миясының президенті Шаһин Мұста­фаев. Оның айтуынша, түркі жерінде Ислам өр­кениетінің кеңінен таралып, қанат жаюы­на ықпал еткен ойшылдың «Диуани хикмет» атты еңбегі – аса құнды жәдігер. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектерінде түркі әлемі ерекше әспеттеледі.

Тағылымды басқосуда отандық және шетелдік профессорлар, түркітанушылар мен шығыстанушы ғалымдар баяндама жасап, Ясауи еңбектері мен өмір жолына тоқталып, әрі қарай секциялық жұмыс­тарда кеңінен талқыланды.

 

АЛМАТЫ