• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 27 Желтоқсан, 2023

Әйел мерейінің мәртебесі

230 рет
көрсетілді

Жүйелі гендерлік саясат – бейбітшілікке, өркендеуге, тұрақты дамуға негізгі қадам. Сондықтан оны іске асыру еліміздегі өзекті бағыттардың біріне айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қайта назар аударып, онда отбасы инс­титутын дамытудың және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетудің отандық моделін нығайтуды тапсырды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясы гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асырды, гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепіл­­діктері туралы», «Тұрмыстық зор­лық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. 2030 жылға дейін­гі отбасылық және гендерлік сая­сат тұ­жырымдамасын іске асыру күн тәртібінен тыс қалған емес.

Халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, биз­несте әйелдер үлесі біршама артты. Кемшін тұстар жоқ емес, тек оны жүзеге асыру – уақыт еншісінде.

Халықаралық ашық статистика ин­дексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр. «Әлемдегі ең бақытты елдер» рейтингінде көш бастап тұрған Финляндияның 18 адамнан құралған министрлер кабинетінің 10-ы әйел. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әл-ауқаты мықты Исландияның үкіметін әйел басқарады. Ал халықтың жартысынан астамын құрайтын біздің елде әйелдер неге саясатта да 50 пайыз орын алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Білімі жетпей ме? Білігі жетпей ме? Қарым-қабілеті аз ба?

Ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, мем­ле­кеттік қызметтегі кем дегенде 30 пайы­зы басшы әйелдер болса, ол адами ка­питалдың дамуына, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң ықпалы бар.

Гендерлік теңдік – елдегі әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, саяси бағытта да белең алуға тиіс құбылыс. Ол әлдебір «жеңілдіктер», квоталар не «болуға тиіс» деу үшін арналған жағ­даяттар емес, кәдімгі әйелдердің қоғам­дық-саяси белсенділігінің арқасында орындалатын үрдіс. Ол үшін алдымен, қоғамдық институттардың басында тұрған саяси партияларда әйелдердің саны көптеп саналуға тиіс. Одан бөлек, аудан, ауыл-аймақ әкімдеріне де тұрғылықты жердің белсенді, іскер әйелдері тартылуы керек. Үкімет басшысына осы мәселені қозғайтын депутаттық сауал жолдадық.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданына, Алматы облысын­дағы Ұйғыр ауданына әкім әйел тағайын­далды. Бұл көрсеткіш арта түседі. Тек қолдау мен сенім керек. Ауылдық елді мекендерде өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларын қорғап, оларды тұрақты дамыту бойынша ұсыныстары үшін шалғайда жатқан екі елді мекеннің әйел ауыл әкімі үздік деп танылды. Қазір 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланың бірінші басшыларының 75 орынбасары болса, оның 4-еуі әйел. Бұл 5,3 пайызды құрайды. Қазақстан бойынша 15 әйел ауыл әкім бар, ал 421 басқарманы 75 әйел басқарады, яғни 17,8 пайыз үлесті құрайды. Бұл көңілге су сепкендей көрсеткіш, бірақ жақсыға ұмтылу, биікке талпына – әйелдер үшін мотивация.

Еліміз әйелдер үшін өмір сүру сапасын жақсарту және барлығына тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған прогрессивті сая­сат пен реформаларды дәйекті түрде жүр­гізе­ді. Іргелі халықаралық актілерді ратификация­лап, әлем өркениеті көшімен бірге ілгері келеді. Ас­тана қала­сында өткен Орталық Азия елдері әйелде­рі­нің диалог алаңы осыған дәлел. Орта­лық Азия халықтарының әйелдері бас қосатын алғашқы ауқымды іс-шараға биыл Қазақстан жетекшілік етті. Әйелдер­дің инновациялар мен технологиялар­ды дамы­тудағы, бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті, гендерлік зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету­дегі рөліне қатысты бірқатар іс-шараны енгізді.

Қазір қоғам әйел сұлулықтың, қамқор­лықтың, үй жылуының нышаны ғана емес, қайсарлық пен қайраттың да тұлғасы екенін жақсы түсінді. Әйелдер отбасы ғана емес, бүкіл қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Республикада 4,3 миллион жұмыс істейтін әйел болса, бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48 па­йызын құрайды. Ауыл шаруашылығында да аянбай еңбек ететін әйелдердің үлесі артқан. Еліміздің агроөнеркәсіп кеше­нінде жарты миллионнан астам әйел қыз­мет атқарады. Олар мал, жылыжай ша­руашылығымен, егіншілікпен, азық-тү­лік өнімдерін өндірумен айналысады, аг­рарлық ғылымды қатар меңгеріп жүр­ген­дер де бар. 35 пайыздан аса әйел ауыл­да тұрады. Ауыл әйелдері – еліміздің тіре­гі және қазіргі қазақ қоғамында елеулі күш. Орталық Азия әйелдерінің басқосуы гендерлік саясат ұстанымына жаңа серпін берді.

Әйелдердің экономикалық мүмкін­дік­тері кеңейту жолында Президент жанындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ауқымды жобалар жүзеге асты. Елімізде әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Дегенмен, ауылдық жерлерде тұратын әйелдер үшін қоғамдық, мемлекеттік ресурстар мен көрсетіле­тін қызметтер әркез қолжетімді емес. Сон­дықтан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бо­йынша, ауылдық жерде тұратын әрбір үшінші әйел өзін өзі жұмыспен қамтыған және табиғи өнімнен түскен табыспен күн көреді. Әйелдердің белсенді рөлі шағын және орта бизнесте байқалады. Гендерлік стратегияны іске асырғанға дейін бизнестегі әйелдер үлесі 38 пайызды құраса, ШОБ субъектілерін басқаратын әйел үлесі 40 пайыздан асады. Сондай-ақ әйелдер арасында саяси көшбасшылық артып, тұлғалық дамуды қалап, іскерлігі мен біліктілігін нығайтуға мән берген нәзік жандар қатары көбейді. Аудандар мен ауыл әкімдерін сайлау барысында осындай сауатты, саяси өзгерістерге да­йын, жергілікті билікте жауапты лауазымды атқаратын әйелдер резервін дайындау қажет. Ол үшін ауылдық жерлерде әйелдердің біліктілігі мен білімін арттыру, сауаттандыру ісін қолға алу маңыз­ды. Неге, ауыл деп ерекшелеп отырмыз. Өйт­кені ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі. Руханиятымыздың темірқазығы. Ауыл­дардың жойылып кетпеуіне де бір адамдай септесіп отырған, әрине, қазақ әйелдері.

Әрине, әлі де сынап-мінейтін мәселе­лер, олқылықтар жетіп артылады. Ген­дерлік саясатты жүзеге асыру барысын­да жұмыс орындарын құру кезінде, кәсіп­керлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын іске асыруға қаржы бөлуде гендерлік аспектілер ескерілмей қалады. Әйелдердің бір бөлігінің үйдегі отбасылық міндеттерді орындау мақсатында еңбек қызметінен бас тартуы салдарынан экономикадағы әйелдер әлеуеті толық көлемде есепке алынбайды. Қазіргі уақытта қанша әйел арман-мақсаттарын үй тірлігінің артына жасырып, өз мансабы мен қалауын отбасы бақытына айырбастады. Ендеше осындай құрбандыққа барған әйелдің сұранысы мен талғамы қанағаттандырылуы қажет. Болашақта бұл әйелдерге өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беріп, түрлі салада жаңа жетістіктер мен мансаптық өсу үшін уәждемелік ынталандыру керек.

 

Қарақат ӘБДЕН,

Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі