QazaqGaz ұлттық компаниясы 2022 жылдың басынан бастап елдегі түрлі жобаларға 400 млрд теңгеден аса қаражат инвестициялады. Сонымен қатар ел басшылығы, Үкімет, Энергетика министрлігі және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен QazaqGaz компаниясы газ саласында ауқымды реформалар жүргізді. Компания өз қаражаты есебінен газ тасымалдау жүйесін жаңғыртып, жүйелі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Жүргізілген жұмыс оң нәтижесін берді. Айталық, «Самұрық-Қазына» қорына 27 млрд теңге сомасында дивидендтер төленді. Мұндай нәтижелі салым компания тарихында бірінші рет болып тұр.
Стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар
2023 жылы жүзеге асырылған маңызды жобалардың ішінде Маңғыстау облысында ұзындығы 308 км құрайтын «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралдық газ құбырының екінші желісін іске қосуды атап өтуге болады.
Жоба елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сондай-ақ Маңғыстау облысының негізгі энергетикалық кәсіпорны жылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды. Бұған дейін «Окарем – Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 млрд текше метрден аса газ айдауды қамтамасыз еткен болатын. Екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 миллиард текше метрге жетеді.
Сондай-ақ өңірде Құрық ауылынан Сарша елді мекеніне және «Жылы жағажай» курорттық аймағына дейін газ құбыры іске қосылды. Бұл бес демалыс базасын газдандыруға, Каспий теңізінің жағалауындағы болашақ туристік және ойын-сауық нысандарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өңірдегі тұщыту зауыты да газға қосылады.
2023 жылы «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының қосалқы құрылысы (негізгі құбырға параллель салынатын, оның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін құбыр учаскесі) аяқталды. Аталған жобаны іске асыруға 86 млрд теңге қаражат жұмсалды. Осы жобаның арқасында өңірдегі барлық тұтынушы, сонымен қатар Атырау арнайы экономикалық аймағының резиденттері, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» газбен қамтамасыз етілетін болады.
– Жобаның мақсаты – ең алдымен Атырау облысының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны күшейту. Сонымен қатар тұрғындарды газбен қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуметтік ахуалы мен еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба аясында ірі өнеркәсіп орындарының газға көшуіне ықпал етеді, – деді QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Газдандыру қарқыны арта түседі
Энергетика министрлігінің ресми деректері бойынша елімізде газдандыру көрсеткіші тұрақты түрде өсуде. 2022-2023 жылдары 412 елді мекен газбен қамту жүйесіне қосылып, нәтижесінде 628 мың адам көгілдір отынға қол жеткізген. Энергетика саласындағы кем-кетіктер мен газ тасымалдау жүйесінің тозғандығына қарамастан, республика тұрғындары жыл бойы үздіксіз газбен қамтамасыз етілді.
– 2030 жылға қарай халықты газбен қамтамасыз ету көлемін 65 пайызға жеткізу міндеті тұр. 2022 жылы бұл көрсеткіш 59 пайызға жетіп отыр. Мысалы, қараша айында Түркістан облысы, Төлеби ауданының бірнеше елді мекеніне газ тартылды. Соның нәтижесінде, бүкіл аудан 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, – дейді QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Өткен жылдың аяғындағы жағдай бойынша елімізде 11 млн 700 мың адам тұрмыстық газды пайдаланып отыр. 85 400 жаңа абонент табиғи газға қосылды. Абоненттердің жалпы саны 2 409 мың бірліктен асты. Ал газ құбырларының ұзындығы 3 757 км-ге ұлғайып, 67 474 км-ді құрады.
2023 жылы Астана қаласы бойынша 2 мыңнан аса абонент газға қосылды. Елордада газдандырылған абоненттердің жалпы саны 10 мыңнан асып отыр. Бұдан бөлек, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ қазандықтарын табиғи газға қосып, елорданың сол жағалауындағы жоғары қысымды айналма газ құбырына газ беруді сәтті жүзеге асырды. Осы жобалардың барлығы жылумен қамтамасыз етудегі тапшылықты жоюға және Астана экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Саланы цифрландыруға көңіл бөлінді
QazaqGaz қолданыстағы газ желілерін жаңғырту (магистралдық газ құбырлары жүйелеріндегі 2,6 мыңнан аса ақаулар жойылды) және жаңаларын салу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, пайдаланушының цифрлық тәжірибесін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Отандастарымыз 2023 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталдағы онлайн-сервис арқылы өз үйлерін және басқа да нысандарды газдандыру үшін тиісті техникалық талаптарды алуына жол ашылды.
2023 жылы QazaqGaz және цифрландыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Рresight (G42) газ саласын цифрлық трансформациялау жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Аталған келісім аясында болашақта газды есепке алудың транспаренттілігін арттыруға, оны тиімді басқаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Газ өндірісі және инвестиция
QazaqGaz жаңа барлау жобалары негізінде газдың ресурстық базасын кеңейтуді жалғастыруда. Сонымен қатар газ саласындағы бағаны айқындау реформасы аясында жер қойнауын пайдаланушылардан газды сатып алу бағасын ынталандыратын формула бекітілді.
Қазақстанда газдың орташа сатып алу бағасы 1 мың текше метріне шамамен 40-50 долларды құрайды. Ал жаңа формула негізінде компанияларға газды 110-120 долларға сатуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестиция тартатыны анық.
Газдың ресурстық базасын дамыту шетелдік серіктестермен ынтымақтастық арқылы да жүзеге асырылады. Мысалы, 2023 жылы Қытайдың GEO-Jade Petroleum корпорациясымен Придорожное және Придорожное Южное кен орындарын бірлесіп игеру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша қытайлық компания кен орнын игеруге толық қаржы бөледі. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталады.
– Біз елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту бойынша барлық шараны жасап жатырмыз. Сондықтан QazaqGaz Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін газ саласында ауқымды реформалар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар газ кен орындарын игеруде салаға инвесторлар тартуда, – деп түсіндірді Санжар Жаркешов.
2023 жылдың төртінші тоқсанында Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жаңа «Анабай» газ кен орны пайдалануға берілді. «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС (QazaqGaz еншілес кәсіпорны) кен орнын игеріп, 3 бұрғыланған ұңғыманы қайта іске қосты және Анабай – Жарқұм газ құбырын тартты.
«QazaqGaz ресурстық базаны кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Компания қабылдаған тауарлық газ көлемін ұлғайту жөніндегі Жол картасының жобасында бірнеше газ кен орындарын, оның ішінде жаңа «Анабай» кен орнын іске қосу көзделген. Сонымен қатар QazaqGaz жаңа учаскелерді геологиялық барлауға келісімшарттар алу бойынша жұмыс жүргізуде», деді С.Жаркешов.
2028 жылы өндіру көлемі 44 миллион текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр.
Табыстар мен жоспарлар
2023 жылы Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау басталды. Бұл 823 км созылған «Орталық Азия-Орталық» магистралдық газ құбыры жобасының 3,5 айда рекордтық көрсеткіште аяқталуының нәтижесінде мүмкін болды. Бұдан бөлек, PetroChina International компаниясымен 2023-2026 жылдарға арналған жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Бұл – қос тарапқа экономикалық тұрғыдан тиімді келісім. Осы арқылы Қазақстан газын Қытайға экспорттау жөніндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы QazaqGaz басшысы Қытаймен жаңа экспорттық келісімшарттың талаптары мен перспективаларына қатысты Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) және PetroChina International басшылығымен бірқатар келіссөз жүргізді.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін QazaqGaz 12 даму бағыты мен 50-ден аса жобадан тұратын кешенді стратегия әзірледі. Ұлттық компания отандық газ саласы үшін жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлуде.
QazaqGaz жоспарында upstream, downstream және midstream блоктарында жаңа жобаларды іске асыру тұр. Осы мақсатқа салынған қаржы 3 трлн теңгеден асады. Олардың қатарында газдың ресурстық базасын кеңейту, трансферттік қаржыландыру арқылы инвестор есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілетін арттыру, сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу және Қазақстанның автомагистралдарында көлікке газ құю стансаларының желісін қалыптастыру секілді іргелі жобалар бар.
Өткен жылдың маңызды қорытындыларына Morningstar Sustainalytics халықаралық рейтингтік агенттігі QazaqGaz компаниялар тобы қызметінің әлемдік деңгейдегі тұрақтылығына алғаш рет баға берді. ESG - 19,2 рейтингін алған QazaqGaz газ саласында тек ұлттық нарықта ғана емес, сонымен қатар жаһандық нарықта көшбасшы орында тұрғандығын көрсетті. Бұл рейтинг компанияның әлемдік нарыққа шығуға бағытталған даму стратегиясындағы басты қадамы болды және Initial Public Offering (IPO) перспективаларын дамытуға оң әсерін тигізді.
Газ тасымалы мен экспортындағы жаңа бастамалар
«Интергаз Орталық Азия» АҚ (QazaqGaz еншілес кәсіпорны) Алматы жылу электр стансаларын газға көшіру үшін газ инфрақұрылымын дайындаудың екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында ұзындығы 62,4 шақырымды құрайтын Алматы – Байсерке – Талғар газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ға табиғи газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ газ құбырындағы төтенше жағдайлардың алдын алады.
Сонымен қатар газ құбыры Алматы қаласын Талғар автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГТС) арқылы толық көлемде газбен қамтуға және газ тарату стансаларына қосылған желілерге газ беруді тоқтатпай, желіде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
2023 жылы Алматы энергетикалық кешенінің газ инфрақұрылымын салудың бірінші кезеңі аясында АГТС-тің іске қосылып, Алматы – Байсерке – Талғар және Қазақстан-Қытай газ құбырлары арасындағы TIP-04-тің ашылу рәсімі өтті. Айта кету керек, 3-АГТС үшінші ЖЭО-ны табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған Алматы жылу электр стансаларының газ инфрақұрылымын дайындаудың бірінші кезеңі мерзімінен бұрын аяқталды. Оның үстіне, біз екінші кезеңді – Алматы – Байсерке – Талғар газ құбырының екінші тармағын салуды бастадық», деді Санжар Жаркешов.
Жүзеге асырылған, жоспарда тұрған жобаларды және халықаралық рейтингтік агенттік берген бағалауды ескеретін болсақ, Қазақстанның газ саласында көшбасшы атануына барлық мүмкіндігі бар. Осы ретте Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен QazaqGaz газ индустриясын жан-жақты реформалауды жүзеге асырмақ. Ал бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етері анық.